Жаңалықтар

«Бесаспап» тігін цехы ашылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтөбеде алғаш рет ұлттық нақышта көрпе-жастық тігетін «Бесаспап» тігін цехы ашылды.

Цех иесі Самал Әбдірахманова бұл кәсіпті алғаш 2015 жылы бастапты. Ломоносов көшесінің бойындағы ауласы кең үйді сатып алып, шағын бөлмесінде тапсырыспен көрпе-жастық тігеді. Сұраныс артқан сайын, өнімнің сапасын да жақсарта түсуді көздейді. Елімізге белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабағына қатысады. Кейін оны өзінің тігіншілеріне үйретеді. Осылайша, ұлттық ою-өрнегі бар көрпелерге сұраныс көбейе береді.

— Көрпелерге түрлі ою-өрнек салып тігеміз. Құрақ көрпелерге де тапсырыс көп. Қазір Ақтөбеден бөлек, өзге облыстардан тіпті шетелден де тапсырыс түседі. Өткенде бірнеше көрпе-жастықты Австралияға жібердік. Махаббат деген қазақ қызы канадалық жігітке тұрмысқа шығады. Тұратын үйінің бір бөлмесін қазақша безендіргісі келіп, интернеттен шеберлер іздейді. Біздің тіккен бұйымдарымыз ұнап, тапсырыс берді. Көрпе-жастықты Алматыға дейін жеткізіп бердік, әрі қарай өзі алып кетті.  Жалпы сырт елдерден осындай тапсырыстар көп. Тігіншілер ең алдымен сапаға мән береді. Цехтағы он тігіншінің барлығы тәжірибелі мамандар, — деді Самал Әбдірахманова.

Тігіншілердің орташа еңбекақысы 70 мың теңгеден басталады. Тәжірибелі шеберлер жүз мыңнан жоғары еңбекақы алады. Ал көрпелердің бағасы әртүрлі. Тұтынушының талабына байланысты көрпенің ішіне мақта, түйе, қой жүндерін салады. Сыртын қаптайтын материалды жергілікті сатушылардан алады. Тек қана ұлттық нақыштағы емес, күнделікті тұтынуға арналған көрпе-жастықтарға да сұраныс жоғары.

Тұрақты тұтынушылар пайда болып, сұраныс көбейген соң бөлмені кеңейтіп, шағын цех қылып ашқан Самал бұнымен тоқтап қалмақ емес. Несие алып, тағы да үлкейткісі келеді.

Цехтың ашылуына келген облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова кәсіпкердің ісі көпке үлгі екенін айтты.

— Өзге өңірлерге қарағанда ұлттық нақыштағы бұйымдарды тігіп, сату ісі біздің облыста енді дамып келе жатыр. Мәселен, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұндай шеберханалар бұрыннан бар. Қазір Ақтөбеде Самал секілді ісін бір ізге түсірген қолөнершілер жоқтың қасы. Тағы бір ескеретін нәрсе, кәсіп бастағандардың көпшілігі бәрін жасағысы келеді. Мәселен, бір ғана көрпе-жастық емес, киім-кешек, әшекей, бас киім, аяқ киім секілді заттардың бәрін бірден шығарғысы келеді. Ал бәрін қамтыған шаруашылықтың бірден ілгерілеуі қиын. Бір бағытты ұстанған кәсіпкерлер тез табысқа жетеді. Көпшілік  осыны түсіне бермейді. Бұл ретте Самал өзгелерге үлгі болып отыр. Мен ауданнан келген қолөнершілерге Самалдан үйрену керектігін айтамын. Бизнесте кәсіпкерлер бір-бірінен үйреніп, көріп, тәжірибе алмасу арқылы ғана өседі. Егер Самал тәрізді текстильмен айналысатын кәсіпкерлер көбейсе, біз сырттан тауар тасымас едік, — деді басқарма басшысы.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалының директоры Берік Нұрғалиев Самал Әбдірахманованың ісіне сәттілік тілеп, несие алу үшін қордың мүмкіндіктерін таныстырды.

—  Самал секілді кәсіпкерлерге «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алған тиімді.  Себебі кәсіптің түріне шектеу қойылмайды. Алты пайыздық жеңілдікпен 16 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Егер кепілге қоятын зат жетпесе, қор 50-80 пайызға дейін тегін  кепілдік береді, —  деді филиал директоры.

Цехқа жиналған жұртшылық кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледі. Жаңарған ғимараттың лентасы қиылып, шашу шашылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button