Жаңа сауда үйі ашылды

Тәуелсіздік күні Ақтөбе қаласында «Рахмет» сауда үйі ашылды. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Ілияс Испанов қатысты.
К.Нокин даңғылы бойында ашылған жаңа сауда үйінің ашылуында қала әкімі жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Бүгін Тәуелсіздік күнінде шаһарымызда тағы бір сауда орталығы ашылып отыр. Жыл сайын қаламызда кәсіпкерлеріміз өз кәсібін ашып, көптеген жұмыстар атқаруда. Сондықтан біз осындай азаматтарды қолдауымыз керек. Кәсіпкер сауда үйіне 400 миллион теңге инвестиция салған. Алдағы уақытта кәсіпкердің бастаған кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Барлығыңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! — деді І.Испанов.
Бұдан кейін қала әкімі мен сауда орталығының иесі Талғат Дұржанов жаңа ғимараттың лентасын қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.
Ғимараттың салтанатты ашылуынан кейін Ілияс Испанов бастаған топ сауда үйін аралап, бутиктерді жалға алған сатушылармен тілдесті.
Сауда үйінің иесі, «Жантас» ЖШС директоры Талғат Дұржановтың айтуынша, орталықта 10-нан астам адам жұмыс жасайды. Сауда орталығының жалпы ауданы — 3,5 мың шаршы метр. Жалға берілетін бутиктердің саны — 60. Сауда үйінде автобөлшектер, құрылыс құралдары, жиһаздар сатылады, сондай-ақ үшінші қабатта кеңселер жалға беріледі. Ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталған.
Бұл күні қала әкімі К.Нокин даңғылығында салынып жатқан тағы бір сауда үйінің құрылысымен танысты. «Интерстиль» ЖШС салып жатқан сауда орталығының жалпы ауданы — 7900 шаршы метр. Бұл жерде автобөлшектер, құрылыс материалдары, т.б. сатылмақ. Жоба құны — 800 млн теңге. Жаңа ғимарат жыл аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Д.ТАУАНОВА.



