Жаңалықтар

Ақтөбеде сатушысы жоқ дүкен бар

Ақтөбеде алғаш рет сатушысы жоқ дүкен өз жұмысын бастады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастамасымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында «Адалдық дүкені» ашылды.

Дүкен жұмысы өз-өзіне қызмет көрсету жүйесіне негізделген. Мұнда мемлекеттік қызметшілер мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алған тауардың ақшасын арнайы қобдишаға қалдырады. Осылайша сатып алушылар сатушысы не кассалық аппараты жоқ дүкенде өз өздеріне қызмет көрсетеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, бұл бастама жастардың бойында шынайылық қасиетін қалыптастырып, адалдыққа, әділдікке тәрбиелейді.

— Агенттіктің бастамасымен қолға алынған жоба — қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға тікелей әсерін береді. Негізгі мақсаты — студент-жастарға өзін адал адам ретінде сезінуге мүмкіндік беру, — дейді Рафхат Бисенов.

«Адалдық дүкенінің» сөрелеріне бүгінгі таңда студенттерге және мемлекеттік қызметшілерге қажетті кеңсе құралдары мен күнделікті өмірге қажетті заттар қойылған. Барлық тауардың бағасы көрсетілген.

Айта кетейік, «Адалдық дүкендерін» алдағы уақытта қаланың барлық жоғары оқу орындары мен колледждерінде ашу жоспарланып отыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button