Жаңалықтар

Орынбор шәлісі

Көрме

Облыстық өнер музейінде «Маған орамал сыйлаңыз» атты Орынбор түбіт шәлісінің көрмесі өтіп жатыр.

Көрмені Орынбор облыстық Достық үйі мен «Бәйтерек» қайырымдылық қоры Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Көрмеге екі жүзден астам түбіт өнімдері қойылды. Оның ішінде әйелдерге арналған түбіт кардигандар мен түбіт шәлі, палантин, қолғап-шұлық, тағы басқа да киімдер мен бұйымдар бар.  Орынбор облыстық Достық үйі мен «Бәйтерек» қайырымдылық қорының төрайымы Сәуле Тайекешова көрме аясында шеберлік сағаттары өткізілетінін  айтты.

— Орынбор түбіт шәлісінің тарихы тереңде. Ең басты ерекшелігі — ешкі жүнінен және ешқандай жіп қоспай, қолмен тоқылуында. Бұл жерге үйде отырған әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары әкелініп отыр, — деді Сәуле Тайекешова.

Сондай-ақ көрмеге Орынбордағы үздік шебердің бірі Ғалия Әбсаламованың қолмен тоқыған орамалдары қойылды. Шебердің айтуынша, соңғы жылдары түбіт шәлілерге сұраныс артып келеді. Сұранысқа байланысты орамалдардың да түр-түрін тоқуды қолға алыпты. Өрнектердің түріне байланысты құны  да әртүрлі.  Мәселен, шәлінің бағасы үш мың теңгеден бастап, жоғарылай береді. Жалпы Орынбор түбіт шәлісінің тарихы ХVIII ғасырдан басталады. Алғаш рет 1857 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеге қойылған. Ал бес жылдан кейін Лондонда өткен көрмеде орынборлық Ускова деген шебер ешкі түбітінен жасалған шәлі үшін арнайы  медальмен марапатталады. Қазіргі күні Орынбор шәлісін білмейтіндер кемде-кем.

Көрмеге келгендер түбіттен жасалған киімдер мен бұйымдарды тамашалады. Көрме екі күн болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button