Цифрландыру: бағдарламалар, курстар, жабдықтар

Ақтөбе облысында жалпылама цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сәрсенбі күні облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы цифрландыру бағытында Темір ауданы көлемінде атқарылып жатқан тиянақты жұмыстармен танысты.
Ауданға жасаған іссапары барысында басқарма басшысы Шұбарқұдық кентіндегі Жансен Кереев атындағы орта мектеп пен Шұбарқұдық гимназиясында болып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру ресурстарына кіруге мүмкіндік беретін аппараттық бағдарламалық құрылғының іске қосылуының куәгері болды. Аталған құрылғыны «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында әскери қолбасшы, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің немересі «СК- в движений» ЖШС-ның атқарушы директоры Жансен Кереев қондырып берді. Мүмкіндігі секундына 1,2 гигабит болатын қондырғылардың жалпы құны — 10 млн теңге.
Бұдан соң басқарма басшысы аудандық әкімдік ғимаратында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аудан көлемінде іске асырылу барысы туралы жиынға қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Болат Шаимов аталған бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы 11 ауылдық округтің барлығы да интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 3 ауылдық округ (Шұбарқұдық, Шұбарши, Кеңқияқ) жоғарғы жылдамдықта кең жолақты интернет желісіне қосылған.
Сондай-ақ Темір ауданы бойынша бағдарламада аталған салаларды цифрландыру және тұрғындарды цифрлық сауаттылыққа оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға қатысты қабылданған іс-шараларға сәйкес Темір ауданында 1 400 адамды цифрлық сауаттылыққа оқыту жоспарланған болса, нәтижесінде барлығы 1410 адам цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтіп, жоспар 100,7 пайызға орындалған. Ал 13 тренер Ақтөбе қаласында өткен базалық цифрлық дағдыларға оқыту семинарына қатысып, сертификаттарын алған. Жоспардан бөлек, қосымша цифрлық дағдыларға оқыту аясында әр ауылдық округінің халық санына қарай шілде-тамыз айларында қосымша оқыту жұмыстары жүргізілген. Қосымша оқыту бойынша 186 адам цифрлық сауаттылықты арттыру курсынан өтіпті.
Барлық мектептер ақпараттық жүйеге қосылған
Қыркүйек айынан бастап ауданның барлық мектептері жылдамдығы 4 мбит/с және одан жоғары болатын кең жолақты интернет жүйесіне қосылған. Аудандық бюджеттен интернетке қосылу жылдамдығын арттыру үшін 3 млн 829 мың теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілген.
Ал «Kundelik.kz» ақпараттық жүйесі бойынша ауданда 25 мектеп жұмыс жасап тұр. Аталған жүйеге барлығы 10 615 пайдаланушы тіркелген.
Сондай-ақ Балалар жылында қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында бөлінген 3 млн 420 мың теңгенің 1 млн 859 мың теңгесіне робототехника құрал-жабдықтарын сатып алу үшін «КазИнтерСервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.
Бүгінде аудандағы 4 мектепке робототехниканың құрал-жабдықтары сатып алынған болса, қазіргі таңда облыстық бюджеттен 5 робототехника кабинетіне сұраныс берілді.
«Damu Med» — ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК
Ауданда денсаулық саласын цифрландыру жұмыстары да жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Мәселен, дәрігердің қабылдауына жазылу немесе дәрігерді үйге шақыру, лабораториялық зерттеулердің нәтижелерін тексеру арқылы дәрігер мен пациенттердің уақытын үнемдеу үшін «Damu Med» бағдарламасымен жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1595 адамның ұялы телефондарына «Damu Med» қосымша бағдарламасы қондырылған.
Аудан бойынша медициналық мекемелер 38% интернет желісіне қосылған. Ауданда барлығы 25 медициналық мекеме қызмет етсе, оның 10-ы интернетке қосылған. Кенжалы, Жақсымай, Қалмаққырған медициналық пункттері «Транстелеком» АҚ арқылы интернет жүйесімен қамтылды.
Күн сәулесінің «көмегі»
Басқарма басшысына аудан көлемінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан цифрландыру жұмысы да таныстырылды. Аудан бойынша энергия үнемдеу мақсатында архитектуралық ансамбльдер мен билбордтар құрылыстарының жарықтандырылуы светодиодты шаммен жасалуда. 20 көшеге күн сәулесімен қосып ажыратылатын жабдықтар (фотореле) орнатылған. Ж.Кереев көшесі толығымен светодиодты лампаларға ауыстырылыпты.
Шұбарқұдық ауылының орталық Асау-Барақ және Н.Байғанин көшесіне көше қозғалысын реттеу үшін 3 млн 339 мың теңгеге 1 бағдаршам орнатылды.
Көше қауіпсіздігінің алдын алуда Шұбарқұдық ауылында 9 және Кеңқияқ ауылында 3 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жалпы биылғы жылы 1 млн 118 мың теңгеге қосымша 7 бейнебақылау камерасы орнатылды.
«Еңбек биржасы» интернет-ресурсына қосыл!
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары халықты жұмыспен қамту саласының цифрландыруы барысында атқарылып жатқан шараларға да тоқталып өтті.
— 2018 жылдан бастап аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы өз жұмысында «Еңбек биржасы» интернет-ресурсын қолданады. Жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялаудың шеңберінде демеушілер көмегімен сандық электрондық кезек қондырылды және азаматтар жұмыспен қамту орталығы ұсынатын қызметтерді өз бетімен пайдалана алатын өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы құрылды. Жұмыспен қамту орталығының міндеттерінің бірі азаматтарға интернет-ресурсты пайдалану бойынша ақпарат беру және оларды оқыту болып табылады. Осы мақсатта орталық мамандары жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді оқытты, — деді Болат Шаимов.
Бүгінге дейін электрондық «Еңбек нарығы» порталы қызметін пайдалана отырып, қағазбастылықтан арылып, онлайн жүйесімен өз беттерінше 63 мекеме бос жұмыс орындарын ұсынып, 222 адам электрондық портал арқылы жұмысқа орналастырылған.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



