Жаңалықтар

Паллиативті көмек қалай көрсетіліп жатыр?

Мәслихат

Облыста паллиативті көмек тиісті деңгейде көрсетілмейді, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында осы мәселелер көтерілді. Отырысқа №2 Мәртөк сайлау округінің депутаты Аманкелді Есіркепов төрағалық етті.

Паллиативті көмек дегеніміз не? Ол —  емделмейтін ауруға шалдыққан науқастарға көмек беру және олардың отбасы мүшелерінің өмірін жеңілдету, оларға психоәлеуметтік және моральдық қолдау көрсету. Мәселен, паллиативті көмек көрсетуге арналған стационарлық ұйымдар, жалпы бейінді аурухана базасында орналасқан хоспистер, әлеуметтік қорғау стационарлары паллиативті көмек болып есептеледі.

2014 жылдан бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медициналық орталығында ересектер үшін 20 төсектік паллиативтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді. Бұл бөлімше қала мен облыс аумағындағы көмекке мұқтаж онкологиялық науқастарға стандарттарға сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін ашылған. Биылғы жылдың сегіз айында аталған бөлімшеде барлығы 324 науқас емделген. Ал биылдан бастап жедел жәрдем ауруханасында 8 төсектік бөлімше жұмысын бастады. Жыл басынан бері, яғни сегіз айда 56 науқас емделген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бұл бағытта проблемалар жетерлік. Мәселен, соңғы жылдары онкологиялық сырқатқа шалдыққан науқастар саны артып барады және көпшілігі аурудың соңғы сатысында анықталады, сондай-ақ өзге де жазылмайтын ауруға душар болып, төсекке таңылған науқастар көмекке мұқтаж. Ал біздің облыста паллиативтік төсек саны жеткіліксіз. Ауылдық жерлердегі ауру жандарға тіпті қиын. Жиында бірқатар сұрақтар қойылды. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмира Сражова мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі жауыр ауруына шалдығатынын айтты. Мәселен, дененің белгілі бір бөлігі қозғалмағаннан кейін ол жерге қан мен ауа бармайды. Соның салдарынан бұлшық еттер өліп, кейін жараға айналады. Ауру соңғы сатыға жақындағанда сүйек шіріп, қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін. Жараны бірінші, екінші сатысында ғана емдеуге болады. Ал үшінші-төртінші сатыдағы жарадан ота жасау арқылы ғана айыға алады. Г.Сражова облыстық денсаулық сақтау басқармасына ота жасату үшін арнайы дәрігер шақырту керектігін айтып, мәселені шешіп беруін сұрады. Ауған соғысының ардагері Марат  Қойлыбаев мүгедек жандардың проблемасын көтерді. Олардың көпшілігі кезек күтіп емханада отырады. Бір жерде ұзақ отыру жарымжан жандарға қиын.

Сұрақтардың барлығына жауап берген Әсет Қалиев мәселелердің шешілетінін, шара қолданылатынын айтты. Сондай-ақ жиында басқарма басшысы дәрі-дәрмек проблемасына тоқталды. Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, 48-ге жуық ауру түрі бойынша дәрі-дәрмек беріледі. Оның ішінде 45 нозология бойынша дәрі-дәрмек «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай жеткізушісі арқылы сатып алынады. 2018 жылы амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 4 миллиард теңге бөлінген. Әсет Қалиев науқас санының өсуіне, кейбір ауруларды емдеу тәсілінің өзгеруіне байланысты жыл аяғына дейін қосымша қаржы бөлінбесе, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі орын алуы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ринат Құбатаев баяндама жасады. Облыстың барлық аудандары дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін, барлық тексеру жұмыстары жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініш арқылы жүзеге асатынын айтты.  Жыл басынан бері департаментке 39 өтініш түскен. Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмекті алмаған науқастың шағымы бойынша жұмыс тобы құрылған. Осы және өзге де мәселелерге тоқталған департамент директоры бірқатар проблемаларды айтты. Оның ішінде науқас пен дәрігердің  бірлескен жауапкершілігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты кейбір түсініспеушіліктер туралы айтып өтті.

Жиында депутаттар сұрақтар қойып, ескертулер мен ұсыныстарын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button