Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық белгі ашылды

Шекара

Ақтөбеден шыққан көліктер Ақтөбе-Орск тас жолымен жүріп отырып, Қазақстанның шекаралық өткізу бекетінен толық тексеріліп шыққанан кейін, Орынбор облысының шекарасына барып бас тіреді. Орск және Новотроицк қалалары зауыттарының түтіні будақтап қол созым жерде көрініп тұрды. Аспан айналып жерге түскендей ыстық.

Қол жеткен уағдаластыққа сәйкес, бұл күні, яғни 4-маусым  күні Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының Ақтөбе-Орынбор учаскесінде, Орск қаласының шекарадан өтетін жер аумағында бірінші шекаралық белгінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Көршілес екі елдің Әнұрандары орындалды.

Алғашқы сөзді Орынбор облысының губернаторы Алексей Чернышев алды.

— Бүгін бізде аса маңызды оқиға болғалы тұр, —  деп бастады сөзді ол. —Көршілес екі облыс — Орынбор мен Ақтөбенің шекарадан өтетін жер аумағында екі елдің бірінші шекаралық белгісі қойылмақ. Бұл екі жақтан жұмсалған қыруар еңбектің нәтижесі. Шекара сызығын белгілеу жұмысы бірнеше жылдарға созылды. Мен бірден Қазақстанның және Ресейдің  Сыртқы істер министрліктеріне, осы мәселемен шұғылданған жауапты қызметкерлерге, бізге үлкен жәрдем көрсеткен аймақтардың басшыларына, муниципиалдық құрылымдарға аталған мәселелерді шешудегі көрсеткен қызметі үшін алғыс айтқым келеді. Учаскелерді бөлуге қатысты келіссөздердің барысында туындаған күрделі мәселелерді шешуде  екі елдің мүдделері ескерілді.  Біздің екі еліміздің арасында, әсіресе, көршілес Орынбор, Ақтөбе облыстары арасында қашаннан ерекше достық қарым-қатынас, ынтымақтастық қалыптасқан. Екі елдің шекарасы 1800 шақырымнан артық жерге созылып жатыр. Ал Ақтөбе облысы соның тең жарым учаскесін,  900 шақырымнан  сәл артық жерді алып жатыр. Бүгін шекаралық белгіні салтанатты жағдайда қойып жатып, біз осы шекаралардың демаркацияланғаны туралы айтамыз. Сол арқылы нақты шекара сызығы анықталды. Алайда біз бұл шекараларды  Ресей мен Қазақстанның достық шекарасы ретінде қарастырамыз. Одан көршілес аймақтардың ынтымақтастығын да көреміз. Шекаралық аймақтарға барынша ыңғайландырылған өту бекеттері орнатылды. Мұндай бекеттердің саны қазір бізде — 17. Олар ең әуелі біздің екі аймақтың — Орынбор және Ақтөбе облысының азаматтары үшін ыңғайлы әрі тиімді. Бұған біз екі елдің Президенттерінің, Үкімет басшыларының бұл күрделі мәселені дұрыс шешкенінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бүгінгі күні сауда саласындағы әріптестік қарым- қатынастың, мәдени байланыстардың да тәуір дамып отырғанын айтуға болар еді. Өткен жылы біздің Орынборда екі елдің — Қазақстан-Ресей арасындағы аймақтардың әріптестік қарым- қатынастарына арналған үлкен басқосу өтті. Ал содан бір жыл бұрын  осындай салтанатты басқосу Ақтөбе облысында өткен болатын. Маған осы басқосуға қатысу құрметі тиген еді. Сондықтан да бұл облыстың басшыларына деген менің алғысым, ризалығым шексіз.

Біздегі өткен басқосуға Ақтөбе облысы, оның әкімі Елеусін Наурызбайұлы үлкен үлес қосты. Әсіресе, біздегі қазақ диаспорларының басқосуға айрықша дайындалуына, Орынборды салынған Ұлттық деревняның кеңеюіне үлкен жәрдем көрсетті. Басқосу кезінде бұл  орындарда Ресей мен Қазақстанның Президенттері болды. Біз осы арқылы екі ел басшыларына, бүкіл әлемге Ресей Федерациясында, Орынбор облысында қазақ диаспорасына, жалпы қазақ ұлтына ерекше жылылықпен қарайтынын көрсете алдық қой деп ойлаймын. Біз бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз. Мен орынборлықтардың ынтымағы жөнінде жиі айтып жүремін. Біздің облыста 100-дің үстінде ұлт тұрады. Олар бір отбасындай тату-тәтті, ынтымақты.

Мен сөзімнің соңында, екі елдің демаркациялық комиссияларының соңғы сәтте қойылған екі күрделі мәселені  оңтайлы шешкенін айтқым келеді. Ол — 160 гектар Орск әуежайына бөлінген жер және бір  аудандағы елді мекен орналасқан 30 гектар шамасындағы шағын аумақ. Мен екі елдің комиссиясының осы мәселелерге  айрықша мән беріп, осы аумақтарда тұрып жатқан халықтардың мүддесі тұрғысынан қарап шешкеніне  ерекше ризамын.

Ресей мен Қазақстан, Орынбор мен Ақтөбе облыстары арасындағы шекара —бейбітшілік пен әріптестік шекарасы. Шекараға бірінші баған орнатылды бүгін. Алайда ол бізді бөлмейді, қайта егемендігімізді  нығайтып, экономикалық-сауда, гуманитарлық қарым-қатынасты, әріптестікті ұлғайтуға берік жағдай жасайтын болады.

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов барлық салтанатқа жиналғандарды екі тәуелсіз елдің өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғамен құттықтады.

— Бізге бүгін Орынбор, Ақтөбе облыстарының демаркацияланған шекарасындағы шекаралық бірінші белгінің салтанатты ашылуына қатысу мәртебесі бұйырып отыр, — деді әкім. — Шекаралық бірінші бағанның орнатылуы — бізді, көршілес облыстардың халқын бөлмейді. Қайта біздің ресми өзара қарым-қатынасымыз, халықаралық нормаларға сәйкес келеді. Шекаралық сызықтың жағрапиялық картадан нақты өмірге, біздің жер аумағымызда  жүзеге асырылуы біздің байланыстарымызды нығайта түседі. Бұл — достықтың, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өзара түсінушіліктің шекарасы болмақ.  Біз бұл бағытта үлкен қызмет атқара отырып, осыған келдік. Әсіресе, соңғы 8-10 жылда бұл бағытта қыруар іс тындырылды. Орынбор облысының губернаторы Алексей Андреевич он жылдан астам, мен болсам 6 жылдан артық аймақтардың басшылығында келеміз. Бұған дейін де Ақтөбе қаласының әкімі болған кезімнен бастап, екеуіміздің арамызда жақсы достық қарым-қатынас орнаған еді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты Орынборда бірінші қазақ мектебі ашылған кезде, Ақтөбеден арнайы барып қатысқаным есімде. Мұндай жылы кездесулер, қарым-қатынастар жылдар бойы жалғасып келеді. Жыл сайын біз экономикалық, әлеуметтік, мәдени-сауда, рухани қарым-қатынастар мәселесін дамытуға байланысты кездесіп тұрамыз. Және ол кездесулер ұдайы даму үстінде. Соның нәтижесінде осы жылғы 5 айдың ішінде Ресей мен Ақтөбе облысы арасындағы сыртқы сауда айналымы 150 пайызға өсті. Саясатты саудаға салушылардың кедендік одақтың енгізілуімен байланысты шағын бизнес әлсірейді, экономикалық шығын ұлғаяды деген алыпқашпа сөздерін де жиі естиміз. Бұл —  бос әңгіме. Керісінше,  экспорт, импорт өседі. Біз қазір бұл бағыттағы табыстарды есептеп шығарудамыз. Осы жылы тек Ақтөбе облысында сыртқы сауда айналымы Ресеймен 6 млрд. долларға жетеді. Ал Орынбор облысымен өткен жылдарда да жоғары болды, биыл екі облыс арасындағы сыртқы сауда айналымы  2 млрд. долларға шамаласады. Екі жақты сауда байланысы осындай қарқынды даму үстінде.

Шекара —  достық, бейбітшілік, сонымен бірге шеп, қандайда бір шектеу деп те қарастырып жатады. Ал мен оған жаңа бастау деп қараймын. Яғни, біздің екі еліміздің арасындағы бүгінгі шекара — жаңа қатынастардың, жаңа байланыстардың шекарасы. Ол екі елдің халқының өмірін жақсартуға қызмет етеді. Көршілес орынборлықтар мен қазақстандықтар аймақтардың экономикасын өркендетуде, достық, әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Бізде тек экономикалық емес, мәдени байланыс та қатты дамыған. Бұл мәселелерде біз әр кезде біргеміз. Жаңа әлеуметтік нысандарды ашып жүрміз. Мұндай жағдай екі аймақтың адамдарына пайдалы болады. Шекаралардағы өту бекеттерінің қызметі ыңғайлана түсуде. Кедендік одақтың күшіне енуімен байланысты бұл жұмыстар көпшілікке пайдалы бола түсуге тиіс.

Мұнан кейін алғашқы шекаралық баған орнату салтанатына қатысушылар мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегацияның басшысы, Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі, Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Вячеслав Ғизатов пен шекараны демаркациялау жөніндегі Ресей делегациясының басшысы, Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі Владимир Волковтың сөздерін тыңдады. Олар екі елдің шекарасының ең қысқа мерзімде, 5 жылдың ішінде демаркациялаудың аяқталғанын атап көрсетті. Бұл екі елдің достығы мен ынтымағының белгісі екені айтылды.

Аталмыш шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әлемге танымал ақын, Қазақстанның халық жазушысы, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов қатысып, еліміздің тәуелсіздігінің белгісі — шекаралық алғашқы бағанның орнатылуымен құттықтады. Мұның кедендік одақтың күшіне енуі елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіреді дейтін қайсыбір саясаткерлердің пікірінің қателігін сипаттайтынын атап көрсетті. Қайта шекаралық бағандар орнатылып, екі ел арасындағы шекара мызғымайтын дәрежеге жеткізілуде. Бұл мемлекеттің Кедендік одақ алдындағы іс-қимылын көрсетеді.

Маңызы зор тарихи оқиғаның ең салтанатты сәті де келіп жетті. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының Ақтөбе-Орынбор учаскесінде, Орск қаласының шекарадан өтетін жер аумағында бірінші шекаралық белгіні ашу құрметі Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовқа, мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссияның басшысы, Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Вячеслав Ғизатовқа және Орынбор облысының губернаторы Алексей Чернышовқа,  мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссияның басшысы, Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі Владимир Волоковқа тиді.

Екі елдің арасындағы достық пен келісім арта берсін деген жақсы тілекпен әсем салтанат аяқталды. Аталған шара соңында оған қатысқан көршілес облыстардың басшылары Елеусін Сағындықов, Алексей Чернышов, Ресей, Қазақстан мемлекеттерінің төтенше және өкілетті елшілері Владимир Волков, Вячеслав Ғизатов, Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің Орынбор облысы бойынша шекара қызметі басқармасының бастығы, генерал- майор Александр Гуков журналистерге сұхбат берді.

Сонымен екі ел арасындағы шекара географиялық тұрғыдан заңды негізде нақтыланды. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара — мемлекеттерді айыратын емес, біздің халықтарымызды біріктіретін шекара. Бұл бейбітшілік пен тату көршіліктің, ынтымақтастықтың шекарасы» деп атап айтқан болатын. Іргелес жатқан қос облыстың мына шарасынан соны көрдік.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button