Жаңалықтар

Облыста тілдер мерекесі аясында апталық өтіп жатыр

2017 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «Мереке күндері тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысымен Қазақстан халқының тілдері күні 5 қыркүйек болып белгіленді.  Осыған орай облыста мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біз аталған апталық аясында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаевамен сұхбаттасқан едік.    

— Гүлайым Телманқызы, облысымызда Қазақстан халқының тілдері күніне арналған іс-шаралар туралы айтып берсеңіз.

  • Сіз дұрыс атап кеткендей, биылғы Тілдер мерекесінің ерекшелігі — бұл мерекенің    Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып белгіленгендігінде. Бұған дейін бұл мереке қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін. Осыған байланысты түрлі форматтағы шаралар жоспарланған. Тілдер мерекесін 5 қыркүйек облыс орталығындағы Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Үш тілді меңгеру — жарқын болашақ кепілі» атты шарамен бастадық. Шара аясында мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған «Мен үш тілде сөйлеймін» тілашары мен «Күншуақ» тілдік сайтының тұсаукесері өтті.

11 қыркүйекте Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орындарында «Тіл тазалығын сақтаймыз» акциясы өткізілді. Бұл акцияның мақсаты — азаматтардың тіл мәдениетін, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру.

12 қыркүйекте тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары, мемлекеттік органдар мен халыққа қызмет көрсету мекемелері қызметкерлері арасында «Менің тілім — ғажап тіл» атты ашық диктант жұмыстары ұйымдастырылды. Алдағы уақытта аталған апталық аясында облыстағы жас ақындардың «Жауқазын» жыр жинағының тұсаукесерін, «Рухани жаңғыру — мәңгілік тіл» тақырыбында дөңгелек үстел, «Арайлы Ақтөбе», «Сауатты жарнама — тіл тазалығының көрінісі» байқаулары  ұйымдастырылады.  Сондай-ақ 15 қыркүйек күні мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында «Астана — Қазақстанның кемел болашағын құру үшін жаңару мен жаңа идеяларды енгізудің үлгісі» атты Ақтөбе қаласындағы жоғары, арнаулы оқу орындары студенттері арасында  мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде пікірсайыс турнирі өтеді. Жалпы аталған онкүндік аясында ұйымдастырылған іс-шараларға 2500-ден астам адам қатысады деп күтілуде.

— Бүгінгі күні елімізде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында біздің облыста қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Қазіргі таңда Қазақстан халқының тілдері мерекесін атап өтудегі басты мақсат — қоғамда көптілділік дәстүрін насихаттау. Себебі бүгінгі төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ең басты капитал — адами капитал. Сондықтан әр мемлекеттің тұрғындары бәсекеге қабілетті, әлемдік дағдарыс жағдайында бүгінгі заманның алға қойып отырған үдерістерінің алдына жауап беруі үшін кез келген қуатты мемлекеттің адами капиталы да мықты болуы керек. Осыған байланысты біздің мемлекетіміз тіл саясатында көптілді тұлғаны қалыптастыруды қолға алып отыр. Бұған дейін бекітілген мемлекеттік тіл саясатының тұжырымдамасында үш негізгі міндет бар. Олар: қазақ тілінің мәртебесі мен құрметін арттыру, оны меңгеруге тегін және жедел жағдай жасау, орыс тілінің қызметін сақтау, сондай-ақ Қазақстанды мекендейтін көптеген ұлт-ұлыс өкілдеріне өз ана тілдерін үйренуге толыққанды жағдай жасау. Біздің елімізде осы күнге дейін нормативтік-құқықтық құжаттар,  құжаттар, көрнекі ақпараттар екі тілде жарияланады.

Ал заманауи талаптарға келсек, мемлекеттік тіл саясатында тағы да екі мақсат алға қойылып отыр.

Біріншісі — үштілділік мәселесі. Яғни бүгінде әлемдік тәжірибеде 70 пайыз мемлекетте екі, үш тіл қолданылады. Бұл — тұрақты жағдай. Мәселен, ағылшын тілі бұрыннан алпауыт тіл болып саналады. Себебі бұл тіл — Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс тілі, әлемдік тіл. Бүгінге дейін ақпараттардың 80 пайызы ағылшын тілінде жарияланады, аударманың 35 пайызы ағылшын тіліне аударылады. Ағылшын тілі  бүгінде 114 елде мемлекеттік тіл немесе екінші тіл ретінде қолданылады. Ал дүние жүзінде 200 мемлекет бар. Бұл тілдің алпауыт, үстемдік құрып тұрған негіздемесі, міне, осындай.  Сондықтан мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болу үшін, бүгінгі заманның тосқауылдарына төтеп беру үшін қоғам мүшелерінің, мемлекет азаматтарының ағылшын тілін меңгеруді үлкен міндет қылуы негізді.

2006 жылдан бері елімізде үштілділікті ілгерілету үшін көп іс-шаралар жасалып жатыр. Атап айтсақ, мектептерде ағылшын тілін неғұрлым ерте сатыдан оқыту, тереңдетілген сыныптар ашу, жоғары сыныптарда кейбір пәндерді ағылшынша оқыту, тағы басқалар. Ал одан кейінгі міндет — Елбасының стратегиялық Жолдауының шеңберінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Бұл мақсатта саяси шешім де қабылданды. Бұл толығымен әлемдік сахнада өркениетті мемлекеттермен иық тіресу мақсатында қолға алынып отыр. Себебі бүкіл өркениетті елдердің барлығы латын графикасына негізделген алфавитті қолданады. Бұл — әлемдік кеңістікке кірісу, жеңіл интеграциялану әдісі.  Яғни, еліміз дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін осы графикаға көшуіміз керек. Екінші жағынан бұл қадам ана тіліміздің орфоэпиялық, яғни дыбыстық жүйесін сақталуына үлкен ықпал етеді. Себебі қазақ тілінің тұтынушысы аз, небары 14-15 миллионның айналасы. Оның 10-12 миллионы елімізде тұратын болса, қалғаны шет елдерде өмір сүріп жатыр. Сөйлеу санаты, тілінің байлығы, әсерлілігі, бейнелілігі, сөздік қоры бойынша қазақ тілі бай 70 тілдің қатарына жатса да,  тілімізді тұтынушылар саны аз. Сондықтан бүгінгі таңда қазақ тілінің іргелес тілдермен бәсекелестікте өзінің дыбыстық жүйесін жоғалтып алу қаупіне қарсы тұру өзекті. Себебі бүгінгі таңда кириллицаға үйреніп кеткеніміз соншалық, біз қалай жазылады, солай  айтамыз. Сөздерді тілдің дыбыстық жүйесін бұзып   қолдану әдетке айналып бара жатыр. Тіліміздің әуенділігі жоғалып барады. Негізі түркі тілдерінің арасында қазақ тілінің ерекшелетіні де  тазалығы, бейнелілігі, әсерлілігі, көрнектілігінде. Міне, осы мәселеде ғалымдар дабыл қағып, нәтижесінде бүгінгідей шешімге алып келді. Мәселен, еуропа тілдерінде умлаут, қосарланған дауысты, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне  жақын қ, ғ дыбыстарына ұқсас дыбыс, әріптер бар.

Бүгінгі күні облыста мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 4 бағыт бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Ең бірінші бағыт — мемлекеттік тілді меңгеру үшін барлық тұрғындарға жағдай жасау. Бұл бағытта облыста ересектерге тілдерді оқыту жүйесі қалыптасты. Біріншіден, тіл үйретудің табиғи түрі — тілдік курстар. Яғни, облыс орталығында және неғұрлым орыс орта қалыптасқан аудандарда қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер жанынан жұмыс жасайтын жексенбілік мектептерде өзге ұлт өкілдеріне өз ана тілімен қоса мемлекеттік тіл де үйретіледі.  Жалпы осы уақыт аралығында 12 500 адамға қазақ, 1299 адамға ағылшын, 149 адамға орыс тілі үйретілді. Баспа, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы тілдік жобалар, телебағдарламалар, айдарлар ұйымдастырылады. Оқу-әдістемелік құралдар, тілашарлар шығарылуда.  Басқарма, орталықтың қорында 16 оқулық, 4 мультфильм, 27 арнайы оқыту-үйрету құралдары бар.   Оқыту ісінде интернет беретін заманауи мүмкіндіктерді қолдану мақсатында екі жыл бұрын қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді. Яғни, тұрғындар сайт арқылы тіркеліп, тіл білімінің қарапайым, базалық, орташа, орташадан жоғары, жоғары деңгейлері бойынша меңгере алады. Сонымен бірге ағылшын тілінің қарапайым деңгейін меңгеру үшін мүмкіндік жасалды.Сайттан тест сұрақтары арқылы өз білімдерін, деңгейлерін тексереді. Міне, осы сайтқа 2017 жылы 41 мың адам тіркеліп, 100 мың адам қарап шықса, биылғы жылдың 8 айында 47 мыңнан астам адам тіркеліп, 168 мың адам қарап шыққан. Бұл жайт жалпы тіл меңгеру мәселесінің тұрғындар үшін өзекті екенін көрсетіп отыр. Тағы бір маңызды тұсы — осы жүйені облыс тұрғындары ғана емес, ел азаматтары, тіпті шетелдегі қандастарымыз қолдана алады. Сайт картасында АҚШ, Ресей, Қытай, Моңғолия, Иран, тіпті Перу мен Филиппин елдерінің азаматтарының қатысуы көрсетіліп отыр. Мүмкін, өзге елдер тарапынан орын алып отырған бұл қызығушылық тек тілді меңгеру ғана емес, қазақ ұлты туралы ұлттық салт-дәстүр, жеті жұрт, шежіре сияқты сакралдық,  ұлттық колоритті тағылымдық, танымдық  материалдармен танысу мүмкіндігі, түптеп алғанда, қазақ тілі, ұлтына жалпы қызығушылықтың жылдан-жылға артуына байланысты болар деп жобалап отырмыз.

Биылғы осы бағыттағы тағы бір жаңалық – ол жоғарыда айтып өткендей облыста жарияланған «Бақытты бала» жобасы аясында балаларға арналған «Күншуақ» тілдік сайты. Ол сайт арқылы балалар ертегілер, мақал-мәтелдер, еліміз, мемлекеттік рәміздер, ел табиғаты, т.т бағыттағы түрлі танымдық біліммен таныса алады.

Үштілділікті ілгерілету бойынша балаларға арналған үш тілдегі «Күншуақ» журналы,  тілашарлар, «Тіл дарын» бағдарламасы әзірленді. Осындай шаралар жылдан-жылға облыс тұрғындарының тілдік  деңгейінің  өсуіне қол жеткізуге ықпалы зор. Мәселен, 2017 жылы 3 тілді меңгерген тұрғындар үлесі 18,2 пайыз болса, 2018 жылы  бұл көрсеткіш 18,8 пайызды құрап отыр.

Жалпы облыста көптілділіктің маңызы туралы пікірлерді ескерсек, облыс тұрғындарының 56,9 пайызы үштілділікті енгізуге бағытталған саясатты қолдайды, 89,6 пайызы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білу бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қажет деп есептейді.   Бұл жерде тек ересек аудитория мен студенттерді ғана алып отырмыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш бұдан да өседі деп сенеміз. Ол үшін толық мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ бүгінгі күні аталған бағдарламаның қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыруға, лингвистикалық капиталын дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға арналған бағыттары аясында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы қатарға мен басқарманың тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асырып отырған басқа өңірлерде баламасы жоқ қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылатын өңірдің топонимикалық қоры туралы «Туған өлке» анықтамалығын, атау беру, қайта атау ісіне тұрғындарды, әсіресе, өскелең ұрпақты туған өлкесіне сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық тәрбие беру, ғылыми ізденімпаздыққа баулу мақсатындағы «Атаулар сыр шертеді», ілеспе аударма мамандарына арналған шеберлік кластарын, тілдерді оқытатын мамандар үшін тәжірибе алаңына айналған «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық журналы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде азаматтық сектордың қатысуымен ұйымдастырылған ірілі-ұсақты жобаларды атар едім. Ономастика саласында елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Соңғы 2 жылда 200-ден астам атаусыз қала көшелеріне атау беріліп, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар қайта аталды. Жалпы облыс атауларының 90 пайыздан астамы – мемлекеттік тілде.

— Қазіргі уақытта облыста қазақ алфавитін латын графикасына көшіру бойынша қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жасалып жатыр?

— Латын графикасына көшу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру негізінен ұлттық жоспар шеңберінде өтеді. Үкімет ұлттық жоспарды бекітті, атқарылатын шараларды кезең-кезеңге бөліп, алға мақсат-міндеттер қойылды. Енді алдағы жеті жылда дайындық шаралары өткізіліп, 2025 жылы толыққанды латын графикасына өтеміз. Оған дейін елімізде, оның ішінде облыста насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға реформа барысы туралы толыққанды ақпарат ұсыну мақсатында «Латын графикасы»  хэштегі құрылды, оған барлық ғалымдар, тілшілер өз мақалаларын, пікірлерін жариялай алады. Басқарма жариялаған «Қош келдің, жаңа әліпби» жобасы аясында облыстың мекеме, кәсіпорындарында латын графикасына көшудің негіздері, алғышарттары түсіндіріліп, насихаттау жұмыстары жүргізілді. Мәселен, 8 айдың ішінде 41 мекемеде 2545 адамды қамтыған презентациялық сағаттар өткізілсе, облыс бойынша 88 семинар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, нәтижесінде 5330 адам қамтылды. Сонымен қатар жаңа емле ережелерінің қанатқақты жобасының сынамасына 250 адам қатысты. Одан басқа «Латынға көшу заман талабы», «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» телероликтер, Біз бұл бағытта арнайы зерттеу де жүргіздік, нәтижесінде халықтың 71,6 пайызы латын графикасына көшуді қолдайды. Себебі бұл дүниежүзілік қауымдастықта өркениетті елдер қатарына кірігуді жеделдетеді. Ал тұрғындардың 11 пайызы бұл бастаманы қолдайтынын, дегенмен латын қарпіне көшу әлі ерте деп есептейтінін жеткізген.

Жалпы ғылыми негіздерге сәйкес, егер мемлекетті құраушы ұлттың үлесі 70-80 пайызды құраған жағдайда, сол мемлекеттің қызметі, тұрмыс-тіршілігі, іс-әрекеті, жұмысы сол тілде болуы тиіс. Біздің елімізде демографиялық көрсеткіштің төмендігіне байланысты бірқатар қиындықдар болды. Мәселен, еліміз егемендік алған уақытта қазақтың үлесі 38 пайыз болса, бүгінгі күні табиғи өсім арқасында 27 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр. Оның толық көрсеткіші алдағы уақытта халық санағы кезінде белгілі болмақ. Яғни, демографиялық көрсеткіш өскен сайын тілдің де қолдану аясы кеңейе түседі. Оны бүгінгі күні білім жүйесінде қазақ тілді мектептердің, қазақ тілінде оқитын балалардың санының артуы, өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілді балабақшаларға, мектептерге бару үрдістерінің  жылдан-жылға көбеюі дәлелдеп отыр. Бұл қоғам мүшелерінің   осы елде өмір сүрсең, мемлекеттік тілді білу керек деген қажеттіліктен туындап отыр. Осыдан 27 жыл бұрынғы жағдаймен қазіргі жағдайды салыстырсақ, айырмашылық көк пен жердей. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекетіміздің ұстанып отырған саясаты өте дұрыс. Мақсат — кезең-кезеңмен халыққа жағдай жасау арқылы, ұлттық сананы жаңғырту  арқылы тұлғаны өсіру, дамыту, адами капитал ретінде құнын арттыру. Оның маңызды факторы — көптілділік. Осыны әр адам дұрыс түсінуі керек және осы бағытта әрекет жасауы керек деп ойлаймыз. Тілді меңгеру мақсаты саяси тұрғыдан бәсекеге қабілеттілік факторына айналып отыр.

  Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button