Қарғалы су қоймасы Қазақстанның ең тартымды туристік орындарының топ-50 қатарына енді

Бұл туралы еліміздің шалғай және таяу шетел, Қазақстан туристері үшін мол тартымдылыққа ие негізгі аймақтарын тізімдеген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Сарапшылардың пікірінше, біздің облысымыздағы Қарғалы су қоймасы еліміздегі туризм үшін 50 үздік мекен қатарында лайықты орынға ие.
Аталған министрлік еліміздің туристік аймақтары бойынша ТОП-10 және ТОП-50 жобаларын жасақтаған. Оның алғашқысына қазақстандықтар үшін жақсы таныс Балқаш және Алакөл көлдері жағалауы, Шарын шатқалы, Алматы аймағының таулы кластері, ежелгі Түркістан, Ащысор, Бурабай, Имантау-Шалқар және Баянауыл туристік аймақтары, «Көшпелілер тарихы» орталығы кіреді.
Ал ТОП-50 құрамында Қазақстанның әрбір аймағының белгілі және тартымды туристік мекендері мен жобалары бар. Қазақстанның топтық орындарын құру жобасының негізгі мақсаты оларды таяу болашақта инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болып табылады.
Ақтөбе облысынан 50 үздік орындар тізіміне Қарғалы су қоймасы аймағы енді. Оның аумағы 35 шаршы километрден астам жерді құрайды. Ол Орал таулары сілемдерінің көрікті жерінде орналасқан және көптеген ақтөбеліктердің сүйікті демалыс орнына айналған.
— Қазіргі уақытта Үкіметте Қазақстанның 2019-2023 жылдарға арналған туристік картасы жасақталуда. Оған 60 туризм нысаны енді, оның 10-ы — республикалық, қалғандары өңірлік, — деп атап көрсетті облыстық кәсіпкерлік басқармасының туризм бөлімінің басшысы Жанна Баймұхамбетова. — ТОП-50 тізіміне енген Қарғалы су қоймасы — біздің облысымыздағы туристер үшін ең тартымдыларының бірі. Мұнда «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының өкілдері болып, ол жерді зерттеу нәтижесі бойынша туристік аймаққа қолайлы деп тапты. Енді оны дамыту жөнінде шеберлік-жоспарын жасау керек, ол үшін оған қаржы қажет. Қазірдің өзінде осы арадан демалыс, кемпинг үшін көріктендіру жұмыстарын жасауға әзір кәсіпкерлер қатары жеткілікті. Алайда инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай кешенді жоспары жасалмай тұрып, біз оларға рұқсат бере алмаймыз. Шеберлік-жоспарына архитектуралық стратегия мен даму концепциясы енетін болады.
Басқармада бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттары қарауына енгізіп, жергілікті бюджеттен шеберлік-жоспарын жасауға қажетті қаржы бөлуді сұрау көзделуде.
— Қарғалы су қоймасының туристік бағыттағы болашағы ауқымды деп айтуға болады. Мұнда демалатын, балық аулайтын жерлер жеткілікті. Жыл бойы жұмыс істейтін туристік аймақты жасақтау мүмкіндігі де бар. Биік қыратты жерлер тау шаңғысы курортын ұйымдастыруға жол ашады, бұл — құрғақ қиял емес, нақты істеуге болатын шаруа, — деді Жанна Баймұхамбетова.
Санат РӘШ.



