Әйелдер әлемі

«Сұлулық құрбандықты талап етеді» демекші, сұлу болып көріну үшін қыз-келіншектер қандай қадамға бармайды десеңізші?! Қасы мен ерніне перманентті татуаж, аяғы мен қолына шугаринг жасатады. Тырнақтың күтімі өз алдына, бетті тазалау үшін де біраз еңбектенеді. Аяғын түзетіп, теңізге бармай-ақ қарайтатын соляри қабылдайды. Әсіресе осының барлығы жазда жиі жасалады. Жалпы жазда көрікті болып көріну үшін не істеген жөн? Не нәрсеге мән беру керек? Сонымен…

ШУГАРИНГ ҚАНДАЙ ӘДІС?
Сұлулық индустриясы мамандарының пікірінше, жазда қыз-келіншектердің ең бірінші мән беруі тиіс нәрсе — денедегі түктерден арылу. Аяқ пен қолдағы түктерді тазартып отырса, бұл дене мүшелері тегіс әрі әдемі көрінеді. Бұл ретте қант эпиляциясын, яғни шугаринг технологиясын қолдану керек.
Қант эпиляциясы — ежелден келе жатқан косметологиялық әдіс. Ежелгі Египетте, Персияда қант арқылы түктерден арылу кеңінен таралған. Кейіннен бұл әдіс «Персия эпиляциясы» деп аталды. Мысыр патшайымдары қант, бал, балауыз және дәрілік өсімдіктер арқылы денедегі түктерден арылып отырған. Заман өзгерген сайын сұлулық әлемі де дами түсті. Сексенінші жылдары қант арқылы түктерден арылу әдісі кеңінен қолданылды. Қантқа арнайы қоспалар қосылып, сұйықтықтың жасалу технологиясы өзгерді. Қазір бұл әдіс әлемде «шугаринг» деген атауға ие. «Shugaring» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қант» деген мағынаны білдіреді.
Қант қалай дайындалады?
Үйде қант пастасын дайындау үшін қантқа лимон мен су қосып, қайнатады. Қант еріп, қоймалжың болғаннан кейін суытып, денеге арнайы әдіспен жағу арқылы түктерді тазартады. Балауызға аллергиясы бар адамдарға қант пастасы қолданылады. Шугаринг жасалғаннан кейін көп уақытқа дейін денеге түк өспейді. Себебі паста, түкті түбірімен жұлып алады.

Нені ескеру керек?
Ең алдымен аллергияңыздың жоқтығын тағы бір рет тексеріп алыңыз. Сонымен қатар аяғыңызда варикоз болса, теріде жара немесе дерматит, іріңді ісіктер болса, шугаринг жасатуға болмайды. Егер шугарингті үйде жасайтын болсаңыз, алдымен денені антисептикалық сұйықтықпен сүрткен жөн.
МАНИКЮР: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ
Маникюр қашан пайда болды?
«Маникюр» сөзі француз тілінен аударғанда «қолға күтім жасаушы» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда сұлулық әлемінде тек қана тырнақ күтімі ғана емес қол терісінің де әсемдігін маникюрге жатқызады. Интернет мәліметіне сүйенсек, ең алғашқы тырнақ шеберлері біздің эрамызға дейінгі 2400 жылы өмір сүрген. Олар — Нианххнум мен Хнумхотеп. Бұл адамдардың мазары 1964 жылы Египетте жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған. Онда «фараон тырнағының шеберлері мен күтушілері» деп жазылған. Фараондар тырнақтарын қынамен бояған. Кейін бұл әдіс дами түсті. 1925 жылы тырнақ шеберлері лак пен оны кетіретін сұйықтық ойлап тапты. Ал ең алғашқы сұйық лакты 1934 жылы «Max Factor» компаниясы шығарды. Сексенінші жылдары тырнақты жасанды жолмен өсіру әдісі пайда болды. Осылайша сұлулық индустриясында тырнақ күтіміне қатысты өнімдер өндіріле бастады.

Қазіргі кезде маникюр жасайтын өнім түрі көп және тырнақ сәндеудің де жаңа технологиялары пайда болды. Соңғы жылдары тырнақты гельді лакпен бояу сәнге айналды. Бұл лактің бір ерекшелігі, ұзақ уақыт тұрады. Ыстық пен суыққа төзімді. Сондықтан қыз-келіншектер қайта-қайта тырнақ бояп, әуреге түспейді.
Тырнақты қалай күткен дұрыс?
Ақтөбе қаласындағы тырнақ бояудың шебері Венера Русланқызының айтуынша, қазір жетпістен асқан әжелерге дейін тырнақ бояйды.
— Он бес жастағы қыздардан бастап, жетпістен асқан әжелерге дейін тырнағына гельді лак жағады. Әрине, гельді лак қарапайым лакқа қарағанда берік әрі сәнді көрінеді. Дегенмен зияны да жоқ емес. Өйткені бұндай лактың құрамында химиялық қоспалар болады. Лакты жаққаннан кейін тырнақты арнайы ультракүлгін сәулесі бар немесе LED шамның астында ұстайды. Ультракүлгін сәуле тырнақ пен қол терісіне зиян. Егер қыздар гельді лакты жиі жағатын болса, қолды, тырнақты үнемі күтіп жүруі керек. Тағы бір ескеретін нәрсе, үздіксіз гельді лак жағуға болмайды. Тырнақты біршама уақыт демалту керек. Бұндай кезде неғұрлым табиғи өнімдерді пайдаланған жөн. Мен үнемі қыздарға тырнақты лимон қышқылы немесе иод қосылған суға салып, майсана, зәйтүн майын жағып қою керектігін айтамын. Себебі бұлар табиғи өнім болғандықтан тырнақты бірден нәрлендіріп, беткі қабығының қайта қалпына келуіне тез әсер етеді. Себебі гельді лак жаққан кезде тырнақтың жан-жағындағы тері алынып, беткі қорғаныс қабаты егеліп, тегістеледі. Ал беткі қабат тырнақ үшін өте маңызды. Бірақ көп жағдайда қыздар дүкендегі арнайы күтім жасайтын сұйықтықтарды сатып алады. Оның көпшілігі химиялық қоспалар арқылы жасалатын болғандықтан пайдасы аз. Ал табиғи шөптер мен майлар қосылған түрілері қымбат келеді. Сондықтан қолжетімді, әрі пайдасы көп табиғи өнімдерді тұтынған дұрыс, — дейді Венера.
Қыздар маникюр жасатқанда ең алдымен сол жердің гигиеналық тазалығына мән бергені дұрыс. Өйткені тырнақ арқылы түрлі инфекция таралып, тұтынушы зең, саңырауқұлақ секілді ауру түрлерін жұқтыруы мүмкін.

— Тырнақ сәндеудің қыр-сырын Алматыдағы ірі салоннан оқып келдім. Жалпы бұл бір қарағанда қарапайым дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ тырнақ бояу, түрлі дизайнда сәндеу өз алдына үлкен өнер. Сондықтан бұл өнерді үйрену үшін кемінде 200 мың теңге қаржы жұмсауың керек. Маникюр жасайтын құралдардың өзі қымбат тұрады. Сапалы қызмет көрсету үшін сапасы жоғары жабдық керек. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, әрбір шебер өзінің құралына мұқият болып, оны үнемі тазартып отыру керек. Маникюр жасардың алдында және кейін спиртпен немесе хлор қосылған сұйықтықпен дезинфекциялау қажет. Бұл түрлі жұқпалы инфекцияның алдын алады, — дейді Венера.
Тырнақ шеберінің айтуынша, маникюрдің түрі көп. Француз, америка, жапон, тағы да басқа маникюр түрі бар. Арулардың арасында жиі сұранысқа ие болатыны —француз маникюрі (френч). Бұл өзге маникюр түріне қарағанда сәл қымбат. Тырнақтың негізгі бөлігі ашық қызғылт және сарғылт түсті, ал ұшы ақ түсті лакпен боялады. Осылай боялған тырнақ кез келген киіммен үйлесе береді. Бояудың бұл түрін 1976 жылы «ORLY» компаниясының негізін салушы Джеф Пинк ойлап тапқан. Ал америка маникюрінде лак пен ерін далабының түсі бірдей болуы керек. Бұл — нағыз сәнқой бикештердің стилі. Жапон маникюрінде тек табиғи өнімдер пайдаланылады. Кейінгі кезде тырнақты ай тәрізді қылып бояу сәнге айналды. 2010 жылы бұл дизайнды «Dior» компаниясының сән шеберлері ойлап тапқан. Сондықтан сән әлемінде бұны «Dior маникюрі» немесе «Голливудтық френч» деп атайды.
Ежелгі Қытайда адамның тырнағы қаншалықты ұзын болса, ол адам соншалықты ақыл мен парасатқа ие деп есептелген. Егер ұзын тырнағы болса, Құдаймен сөйлесуге мүмкіндік алады деген сенім болған екен. Дегенмен сән мамандарының айтуынша, қазір сұлулық әлемінде ұзын тырнақ сән емес.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



