Жаңалықтар

Жаны аяулы жақсының көзі немесе Ұзақбай Құлымбетов ас ішкен ыдыс

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

1937 жылы  жазықсыз  жалаға ұшырап, ел басына түскен зұлматтың  құрбаны болған қазақтың біртуар азаматы, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ ССР-і Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовтің  қызы, ардагер ұстаз Орынша Қарабалина апайды студент күнімізден танитынбыз. Бірақ Ұзақбай Құлымбетовтің қызы екенін кейінірек білдік. Орынша Қарабалина апай — кеңес үкіметі кезінде Қазақстан Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы. Жас кезінде журналист Кәкімжан ағамыз Орынша апайды Бауыржан Момышұлының қолына келін етіп түсіріпті деп естігенбіз. Баукеңнің келіні, хатшының зайыбы, өзі құрметке бөленген ұстаз, маңдайына шаң тимеген қазақтың қызы ғой деп апамызға сырттай қызығып жүретінбіз. Сөйтсек, ол кісінің де көрген құқайы аз болмапты. «Халық жауының» баласы ретінде талай теперішті көріпті.  Әкесі туралы «Тағдыр» деген кітабының  алғашқы бетіне: «Бұл естелік кітабымды 1937 жылы қиянаттың қаны қарайған қанды қылышына тап келіп, бала-шағасынан бір уыс топырақ бұйырмаған, сүйегінің қайда қалғаны белгісіз  аяулы әкем Ұзақбай Құлымбетовтің  рухына бағыштаймын» деп жазыпты. Орынша апай жасы егде тартса да, көзінің нұры таймаған, даусы ап-анық, ойын  нақпа-нақ жеткізетін, айтқан әңгімесі баурап әкететін кісі.

Журналистің құлағы түрік жүретін әдеті емес пе, бір күні апайдың үйінде әкесі Ұзақбай Құлымбетов тұтынған тәрелке бар екен деген әңгімені біреулерден естідім. Оның алдында Ахмет Жұбановтың 100 жылдығында жарық көрген естеліктер кітабында ӘбділдәТәжібаев жазықсыз жала құрбаны  Құдайберген Жұбановтың домбырасы  жайында айтатын тұсы біраз жүрегімді  ауыртқан. Құдайберген ұсталып кеткеннен кейін, оның әйелі әлдебір себептермен, тұрмыс қиындығынан ба,  Құдайбергеннің домбырасын базарға шығарып сатпақ  болады. Соны естіген Ахмет  ағасының домбырасы бөтен қолға кетіп қалмасын  деген оймен, Әбділдә  замандасына: «Сен сол домбыраны сатып ал» деп қолқа салады. Мұхтар Әуезовтен қарызға   ақша алып,Тәжібаев аяулы адамның аяулы дүниесін сатып алады.  Естелікте:

«…Біздің үйде Құдайбергеннің домбырасы емес, өзі күтіп отырған сияқты еді…

Жай ғана есікті ашып, ішке кірдім.  Ахаң терезенің қарсы алдында домбыраны құшақтап қатып қапты.Ол менің кіргенімді сезбеген де болуы керек. Мен жай ғана басып барып, оның иығына қолымды салдым. Ол да менің қолымды жұмсақ қана сипап, ауыр күрсініп қалды.

—    Көп отырып қалдым ба? — деді маған бұрылып.

—    Көп емес шығар…

—    Ой деген қызық қой, Әбеке, — деді ол бетін орамалымен сүртіп. — Мен жаңағының арасында жиырма  жылдық өмірді түгел аралап шықтым….» дейді. Елге тұтқа болар ағасынан қапияда көз жазып қалып, көлеңкесіне зар болып отырған  Ахмет Жұбановтың жан күйзелісі ешкімді бейжай қалдырмайды.

Ұзақбай сынды арыс ас ішкен ыдыстың тарихын сұраудың бір сәті түспей жүрді. Алматыға барған бір  сапарымда Орынша апайдың келіні, менің бірге оқыған құрбым Мәрия екеуміз үйіне барып, жаны аяулы жақсының көзіндей тәрелке туралы сыр тарттық.

Орынша апайдың жырға бергісіз әңгімелерін тыңдап отырып, бірге күлдік, бірге жыладық. Ұзақбай Құлымбетовтің бала-шағасының тоз-тоз болып, Қарақалпақстанға дейін барып, көп жылдардан кейін барып  бастары Алматыда қосылғаны туралы айтты.

— Адам баласы жарық дүниеге  келген соң  қызық көреді, бейнет көреді, әрине,ол заңдылық қой. Бірақ өзінің туған әкесін жау санаудан жаман не бар бұл жалғанда?! Бала болдық, жас болдық, оң-солымызды  танып үлгермедік, әрі «халық жауы» дегенді санамызға құйды. Ішіміз жамандыққа қимаса да, біз де әкеміз ақталғанға дейін қоғам идеологиясының ықпалында болып келдік.  «Сондай кісінің баласымыз, қызымыз» деп айта алмай, қаншама уақыт  көрінгеннің бетіне қипақтап қарап жүрдік. Анам Әйеш Ақмола түрмесінде он жыл отырды.

Асқар таудай әкенің орны бөлек. Әке туралы ой қашанда бір бүйіріңде жатады. Жаның жабыққанда, жазықсыз кеткен әкенің қайғысы жаныңды жейді, қуанғанда сол ардақты әкенің ақталғанына, бүгінде оның атын, істеген ісін  сескенбей айта алатын жағдайға жеткенімізге, артында ұрпақтарының өсіп-өніп жатқанына тәубе дейсің.

Мен Ырғызда кіндігім кесілгенімен, тағдырдың желімен Талдықорғаннан бір шығып, сол жақта өстім. Кейін сол жақтың азаматы  Кәкімжан Қазыбаевпен бас қостым. Кәкеңнің Саматай деген кластасы  болатын.  Оның әкесі Сейсенбек Кәрібаевты өз әкемізден кем көрмейтінбіз, өйткені өзі бізді баласындай бауырына тартатын.  Сол кісі дүниеден озды дегенді естігенмен, түрлі себептермен жете алмай, жетісін беретін күні бардық.  Сейсенбек марқұмның үйіндегі жеңгеміз бізді көргеннен аңырап жылап қоя берді:

—    Балаларым-ау, қайда жүрсіңдер? Мен сендерді қатты іздедім ғой,   сендердің  орындарың бөлек қой. Сейсенбек сендер дегенде ішер асын жерге қоятын еді. Сендер келмегесін, қатты қапаланып отыр едім. Келгендеріңе рақмет, өздеріңді көріп, мауқым басылды ғой, — деп, біраз әңгіме айтты. Көз көрген деп шағынып жатқаны ғой. Көзінің жасын сығып алды  да, бөлмеден шығып кетті.Содан бір кезде қолында тәрелкесі бар, қайтып келді.  Ыдысын маған ұсынып тұрып:

—    Бұрын көріп пе едің мұны? -деп сұрады. Тәрелке көненің көзі екені байқалады, қазіргі ыдыстардан екі есе қалың, бетіндегі суреті де солғын тартқан, сорпа тамақ құюға арналған тәрелке. Жеңгеміз  «биссмилла»деп ыдысты  қолыма берді.

Менің сұраулы жүзіме қарап тұрды да:

—    Шырақтарым, бұл тәрелке  жай тәрелке емес. Бүгін сол сырды ашайын сендерге.

Не керек, сол күні  бұл тәрелкенің жайы мәлім болды.  Бұл ыдыс өзіміз басқан ізіне зар болып жүрген қайран әкем, Ұзақбай Құлымбетов ас  ішкен тәрелке болып шықты. Ойда жоқта алтын тауып алғандай, тәрелкені айналдырып қарай бердім.  Жоғары қызметте болған әкемнің сүттей ұйыған отбасымен дастарқан басында отырып ас ішкен ыдысы ғой. Өздері имандай сенген өкіметі өздерінің  тамырына балта шабарын біліп пе десеңізші? ! Тұңғиық ойға батып бара жатыр ем, жеңгей:

—    Қызым-ау, «Бұл сіздің қолыңызға қайдан түсті?» деп тұрсың ғой.

Бір күні көк базарға бардым.  Базар қай уақта да халық көп баратын жер ғой.  Құлағыма :  «Қазақстан Орталық Атқару  комитетінің                                                               бұрынғы төрағасы Құлымбетовтің  үйінен тәркіленген заттарды көріңіздер, тамашалаңыздар, сатып алыңыздар» деген дауыс анық жетті. Басымдағы орамалыммен бетімді бүркеңкіреп алып,  сөрелерге жақындадым. Алыстан қарап тұрғандар баршылық, жақындауға қорқатын сыңайлы.  Мен сатушыға:

«Бастықтар қандай заттарды тұтынады екен, көрейінші», — дедім. Көзімді ыдыстардан ала алмаймын. Ішкі дауыс: «Ал, ал, үйіңе құт-береке әкеледі» дейтін сияқты. Тәуекел деп екі тәрелкені сатып алып, үйге келдім.  Ыдысты қолыма алып тұрып, «Мықты адамдар тұтынған нәрсе ғой, үйіме шынында   береке дарытар» деп сеніп тұрдым. Көзге көрінетін жерге қойдым.   Шынында да, жаман болғанымыз жоқ, Сейсенбек ағаларың  дүниеден озғанша  жоғары қызметтерде болды,  шаңырағымыз шаттыққа толды,  бала-шағамыз өсіп -өнді. Шүкір. Сол тәрелкені сендерге сыйға тартайын деп талай ойладым, үйімнің құты кете ме деп қимадым.  Енді асарымды асадым, жасарымды жасадым.  Осы ыдысты өзіңе берейін, Кәкімжанға тамақты осы ыдыспен берерсің. Қайын атасының қиындығын емес, бақытын берсін!», деген батамен әңгімесін аяқтады.

Ұзақбай Құлымбетов сынды арыстың, жан әкемнің көзіндей болған осы ыдыс менің шаңырағыма да бақ пен құт әкелді. Кәкең жоғары лауазымды қызметтерде болды, үш бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық.  Шүкір, әкем көрмеген қызықты біз көрдік. Әкеммен көзі тірісінде Орталық Комитеттің салтанатты жиналыстарына қатысып  жүрген  анам Әйеш сол мүмкіндікке күйеу баласының арқасында тағы да жетті. Анамызды күйеу баласы алақанына салып құрметтеді, о дүниеге өз қолымыздан ұзатып салдық.

Әкемізді  көрген ел жақсыларының сөзі де талай жерде еңсемізді көтерді, жүзімізді жоғарылатты. Пейіште нұры шалқығыр әкеміздің  атына кір келтірген жоқпыз деп ойлаймын.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

***

Тарыққанда тар қолтықтан демегендер

Елімізде  саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартқандар аз емес. Кеңес заманындағы осы зұлматтың қасіретін тікелей басынан кешіргеннің бірі —бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын ардагер аға Спан Құрманбаев. Алайда ол бұл үшін кеңес заманын жазғырғанмен, адамдарға риза. Сондай қиын кездерде «тар қолтықтан демеді» деп, өзіне көмек қолын созған адамдарды ризашылықпен еске алады. Онымен әңгіме үстінде біз осыны аңғардық.

— Сіз әкеңізден есіңізді білмейтін сәби кезде қалғансыз. Бірақ болған оқиғаны кейін біліп, қаныққансыз ғой?

— 1935 жылдың жадыраған шілде айында әкесі мен анасы бар бақытты  бала болып дүниеге келсем де, бұл дәуренім ұзаққа созылмапты. Әкем Құрманбай Байғанин ауданының Доңызтау жеріндегі бес ұжымшардан аң терілерін, жүн-жұрқа жинайтын агент екен.1937 жылдың тамыз айында «халық жауы» деген жаламен ұстап әкетіпті. Және сол жылдың 10 қыркүйегінде Темір қаласында атылған.

Содан әкемнің інісі Сисенбай анамды және мені Қызылтау ұжымшарына көшіріп әкелген. Алайда шешемді «халық жауының әйелі» деп, ұжымшарға мүшелікке қабылдамаған. Амал жоқ, шешем мені абысынының қолына тастап, өзі төркініне кеткен. Содан 1942 жылы ғана, соғыс жағдайында ұжымшарға адам күші жетпегендіктен, шешемді қайта шақыртып алған. Сол жылдың мамыр айынан бастап, мен де ұжымшар жұмысына жегілдім. Егіннің арам шөбін жұлу, астықты баулау, бастыру, шөмеле салу, атқармайтын жұмысымыз жоқ.

Үш-төрт өгізді қосақтап, ортадағы діңгекке байлап, түпкі өгізге мініп, айналдырып астық бастырамыз. Аш әрі әбден титықтаған өгіздер аяғының астындағы тарыға ауыз салып, жүрмей қояды. Ұрсақ, қамшымыз өтпейді. Ілес есімді қолы қарулы балаға «сойып берші» деп жалынамыз. Ол шыбыртқыны айналдырып, айналдырып тартып жібергенде, өгіздің сауырынан қан бұрқ ете қалады. Енді біз өгізді сол жерге ұрып айдаймыз.

Мектепте оқу астық жиналып, қырман көтерілгесін барып басталады. Сәл ересектеу балалар үшін сабақ наурыз айының ортасынан ауа аяқталады. Олар жер жыртатын соқаға жегілген өгіздерді айдайды. Әйелдер, қыздар соқаның тұтқасын ұстайды.

1945 жылы Сағыз өзені бойынан суармалы егіске жер жыртып, шығыр құрып, су шығарып егіс салдық. Маған кіндік әке болып келетін Дошы ақсақал анам екеуі атыз салып, егістікке су жіберді. Мен шығырдың екі өгізін айдаймын. Ешкім қарап отырмайды, егде тартқан әйел, бала-шаға, бәрі жұмыс істейді.

Шығырдан босаған сәтте, Бағыт екеуміз көйлегімізбен шабақ сүземіз. Әлі де табиғаттың қаймағы бұзылмаған кез. Екі сиырдың сүті, балық тоқ жүруге сеп. Бірақ бала болып ойнау дегенді білмейміз. Бізге әр кез бір жұмыс дайын тұрады.

Егістің басы дәндене бастағаннан ескі қаңылтырларды даңғырлатып, сақпан лақтырып, торғайларды үркітіміз. Бұл жұмыс сары ала таңнан қараңғы түскенше созылады. Ала жаздай егістің, қырманның басында жүреміз. Бала-шағаның осындай тынымсыз еңбегінің арқасында бітік шыққан егінді төкпей-шашпай жинап, екі түйеге артып әкелгенімізде, ұжымшар басқармасы риза болғаны есімде.

Әкем халық жауы деген жаламен ұсталып көп зәбір, қиындық көрген адаммын. Дегенмен кеңес өкіметінің жақсы жақтары да болғанын айтпай кету қиянат болар еді. Интернат, пансионатта тәрбиелеп, оқытты, бақты. Жаппай ақысыз жоғары білім алуымызға мүмкіншілік жасады. Әрине, әлгіндей себеппен үлкен басшылық қызметтерге көтере қойған жоқ. Бірақ орта мектеп директорының орынбасары болып жұмыс жасадым. Өз еңбегіммен Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты атандым. Басқа да кішігірім марапаттарға қолым жетті. Әйтсе де мұның 2 жасар сәбиді әкесіз қалдырғанның қарымына тұрмайтынын білемін. Мұны әкесі халық жауы деген жаламен атылып, жетім өскендер түсінеді.

— Бұл енді түсінікті жай ғой. Одан кейінгі өміріңіз дұрыс болып өтті ме?

— Отбасын құрдық, бала сүйдік. Жеке басымның өмірі дұрыс болып, жақсы басталып келе жатыр еді. Маған дайындаған тағдырдың тағы бір «сыйы» бар екен. Балаларымның анасы айықпас ауруға шалдықты. Екі рет ота жасағаннан кейін дәрігерлер жолдасымның бір жарым жыл ғана өмірі қалды деп ескертті. Сырқат жолдасымның жағдайымен 1997 жылы әрең дегенде қалаға көшіп келдім. Сол жылы қазан айында қайтыс болды. Артында 2-14 жас аралығындағы бес қызым, 91 жастағы анам қалды. Осы кезде маған бұрынғы шәкіртім, сол тұстағы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Еркін Құрманбеков ақыл-кеңес беріп, қолұшын созды. Жолдасымды соңғы сапарға шығарып салу кезінде де үлкен көмек көрсетті. Осы азаматтың айтуымен басқа да мекеме, қоғамдық ұйым басшылары жәрдем беру жолдарын қарастырды. Ол бір қиын кез еді. Соған қарамастан қиын шақта есімдері елге белгілі азаматтар қолтығымнан демеді. Моральдық-материалдық көмек көрсетті.

Осындай қамқорлықтың арқасында бас-аяғы бес-алты жылда жағдайым жақсарып, балаларым есейді.

«Егер сіз менен осы ғұмырыңызда не тындырдыңыз?» деп сауал қойсаңыз, мен ойланбастан тылда еңбек еткенімді, 40 жыл бала оқытып, тәрбиелегенімді, анасыз қалған 2-14 жас аралығындағы 5 қызымды өсіріп, қатарға қосқанымды айтар едім.

— Мұның бәрі жеңіл жұмыс емес. Әсіресе, 5 баланы анасыз өсіру ер адамның қолынан келе бермейтін ерен еңбек қой. Тағдырдың екі мәрте ауыр өткелегінен өткенсіз. Жалпы, әкеңіздің тағдырын, не себепті жалаға ұшырағанын кейін білген жоқсыз ба?

— Тағылған кінә белгілі. Жергілікті кеңестің ашық сайлауы өтеді. Ауданнан өкіл келеді. Аупартком кеңестің төрағалығына өздері ұйғарған адамды ұсынады. Бұған жергілікті халық қарсы болып, менің әкемді сайлаймыз деп отырып алады. Сөйтіп әкем сол сайлауда төраға болады. Бірақ үш айдан кейін ауаткомның төрағасы өзі келіп, орнына басқа адамды қойып кетеді. Міне, осы жағдай әкеме бәле болып жабысады. Кеңес өкіметінің саясатына қарсы үгіт жүргізген адам ретінде ұсталып, жазаланады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button