Жаңалықтар

«Болашақпен» бірге болашаққа…

Ақтөбеліктер арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер көп емес екен. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сараптау және зерттеулер бөлімінің бастығы Мария Истоминаның пікірінше, мұның себебі — ақпараттың аздығынан. Ақтөбеге ат басын тіреген орталық өкілі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде, облыстық әкімдікте студент жастармен, оқытушылармен, мемлекеттік қызметшілермен кездесулер өткізіп, «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді 2010 жылғы қабылдау конкурсының шарттарымен, іріктеу ережелерімен таныстырды.

Деректерге қарағанда, 2008 жылы Ақтөбе облысынан «Болашақ» стипендиясына ие болуға 100-ге жуық адам тілек білдіріп, соның 22-сі ғана иегер атанса, өткен жылы тілек білдірген 140 адамның 49-ы шетелде оқуға мүмкіндік алған.

— Соңғы екі жылда ақтөбеліктер тарапынан тілек білдіргендер саны аз болды. Дегенмен, қызығушылық артып келе жатқан секілді. Әдетте «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқығысы келетіндерге оқуға түсуге, біріншіден, шет тілді білмеушілік, екіншіден, кепілге қоятын мүлкінің жоқтығы кедергі болады. Енді кейбіреуі «Болашақ» стипендиясын аспандағы айға теңейді, оған оқу қайда-а деп ойлайтын болуы керек. Шындығында, тіл білсең, оқуға ынтаң болса, «Болашақ» стипендиясының иегері атануға әлбетте болады, — дейді Мария Истомина.

Шынында ең үлкен кедергі — тіл білмеушілік пен кепілге қоятын мүліктің жоқтығы болса керек. Шарт бойынша, стипендиаттың кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкінің құны шетелдегі барлық шығыстарын жабуға тиіс. Стипендиат келісім-шарт бойынша шет елде білім алып, елде бес жыл жұмыс жасауы керек, осы уақыт аралығында кепілге қойылған мүлік мемлекет қарауында болады. Бес жыл қызмет етіп, өз борышын өтеген соң мүлік кепілдіктен толық алынып тасталады. Егер стипендиат үлгерімі нашарлығынан оқудан шығып қалса, ол сол уақытқа дейін оқуы үшін мемлекет тарапынан бөлінген ақшаны толық қайтаруға тиіс. Мысалы, АҚШ пен Канадада оқу бір жылға 20 мың доллар тұрса, оған жол ақысын, қалта шығындары мен тұратын орын, тамақтануға жұмсалатын шығынды қосыңыз…

Қазір «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің 27 елінде 3000-ға жуық стипендиат білім алып жатыр. М.Истоминаның айтуынша, олардың көбі — 37 пайызы Ұлыбританияда білім алып жатыр. Ол мұны басқа елдермен, мәселен, АҚШ-пен салыстырғанда жақын орналасқандығымен және оқу мерзімнің аздығымен түсіндіреді. Мысалы, АҚШ-та бакалавриат — 4, магистратура 3 жыл болса, Ұлыбританияда бакалавриат — 2, магистратура 1 жыл. Стипендиаттардың 26 пайызы АҚШ-та, он пайызы Ресейде білім алып жатыр. Қалғандары Австралия, Австрия, Ирландия, Италия, Канада, Қытай, Малайзия, Жаңа Зеландия, Корея, Германия, Сингапур, Финляндия, Франция республикаларында, Нидерланды, Норвегия, Швеция корольдіктерінде, т.б. елдерде оқып жатыр.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қаулысымен тағайындалған 17 жыл ішінде 2176 қазақстандық шетелде білім алып, елге келген.

«Болашақ» стипендиясына жоғары арнаулы білім, бакалавр, магистр, медициналық мамандықтар бойынша ғылым кандидаты, доктор дәрежесін алуға, клиникалық ординатурада оқуға, ғылыми тәжірибеден өтуге үміттенген кез келген қазақстандық ие бола алады. Ауыл мектептерін бітіргендерге, конкурсқа қатысу сәтінде соңғы 3 жылда мемлекеттік қызметте үзіліссіз жұмыс жасаған мемлекеттік қызметкерлерге, соңғы 3 жылда ғылыми немесе педагогикалық жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының, мемлекеттік білім ұйымдарының ғылыми немесе педагог қызметкерлеріне, конкурсқа қатысу сәтінде ғылыми қызметкер ретіндегі жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болатын мемлекеттік ғылыми ұйымдар және жоғары білім беру ұйымдары ғылыми қызметкерлерінің ғылыми тәжірибеден өтуі үшін басымдық беріледі. Және техникалық, медициналық мамандықтар бойынша құжат тапсырғандарға, сондай-ақ ауыл жастары, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми қызметкерлер мен педагогтарға шет тілдерін білудің ең төменгі деңгейі белгіленген. Және бұларға арналған алдын ала дайындық жүргізетін тілдік курстар жұмыс жасайды.

«Болашақ» стипендиясынан үміткерлер алдымен Астанадағы халықаралық бағдарламалар орталығына құжат тапсырады. Конкурстық іріктеу үш турдан тұрады. Бірінші турда үш кезең бар: мемлекеттік тілді білуін тестілеу, шет тілін білуді тестілеу, психологиялық тестілеу. Алматы, Астана қалаларында өткізілетін шет тілін білу тестілеуінен басқа барлық кезеңдер Астана қаласында өткізіледі. Конкурстық іріктеудің қалған екі туры Астана қаласында болады. Бағдарлама мен оқуға түсу конкурстары туралы барлық ақпараттарды www.edu-cip.kz сайтынан алуға болады.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button