Орынбор архивіндегі мұра

Қазақ тарихына қатысты көне құжаттарға бай мұрағаттардың бірі — Орынбор облыстық мемлекеттік архиві.
Орынбор облысының Ақтөбедегі күндеріне орай Өнер орталығында аталмыш архив тарапынан ұйымдастырылған көрмеде біз бұған тағы бір көз жеткіздік. Көрмеге қойылған құжаттар үш кезең бойынша бөлек-бөлек тақырыппен ұсынылыпты: «Ұлы Дала дәуірі» (көне дәуір); «Орынбор — Азияға ашылған қақпа» (патшалық Ресей кезеңі) және «Орынбор — Қазақстанның астанасы» (1920-1925 жылдар).
— Көрмеге қойылған құжаттар — ХVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі аралығындағы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың айғағы. Бұл құжаттар Орынбор экспедиясының, Орынбор генерал-губернаторы канцеляриясының, Орынбор шекаралық комиссиясының және Орынбор губерниялық кеңесі атқару комитетінің архивтік қорларынан алынған. Мұнда Орынбор қаласының пайда болуына қатысты, сондай-ақ қазақтың тарихы үшін неғұрлым маңызды құжаттар іріктеліп әкелінді, — дейді құжаттарды ғылыми пайдалану және жариялау бөлімінің жетекші архивисті Сергей Четвериков.
Көрмеге барлығы 25 құжаттың көшірмесі мен 3 жәдігер қойылды. Олардың арасында 1734 жылғы Ресей Сенатының обер-хатшысы И. Кириловтың Орынбор қаласының іргетасын қалау жөніндегі жобасы және оған қосымша бекітілген құжат, Анна Иоанновна патшаның осы жобадан соң іле Орынборға артықшылықтар беруі (осыған сай қалаға қоныстанушылар 3 жыл баж салығынсыз сауда жүргізу хұқығына ие болған), Арынғазы сұлтанның 1820 жылы Орынбор әскери губернаторы П. Эссенге жазған хаты, 1845 жылы жазылған ішкі Орда ханы Жәңгір Бөкейұлының атқарған жұмыстарының тізімі, 1880 жылы Ыбырай Алтынсариннің қазақтарға арнап шығармақ болған газетінің үлгісі, 1881 жылы торғайлық архитектордың Орынбор генерал-губернаторына жіберген Ақтөбе бекінісі жоспарының жобасы, Қазақ АКСР-і Кеңестерінің І съезі жөнінде 1920 жылы жазылған мақала, БОАК-тың Орынбор губерниясын Қазақ АКСР-і құрамынан алып, РСФСР құрамына беру туралы хабарланған мәжілісінің протоколы (1925 жыл), т.б. бар. Құжаттар көшірме түрінде әкелінгендіктен, көрмеге келушілер оларды қолға ұстап, оқып көруге мүмкіндік алды.
Өнер орталығында бұл күні Орынбор облыстық архивімен қатар, Орынбордың өлкетану және бейнелеу өнері музейлері өз көрмелерін әкелді.
Орынбор облыстық өлкетану музейі әкелген 400-ден астам көне жәдігерлердің басым бөлігі — қазіргі заманға дейінгі V-І ғасырларға тиесілі түрлі әшекей бұйымдар. Олар Оңтүстік Орал өңіріндегі ежелгі көшпенді халықтардан қалған қорғандардан қазып алынған. Әшекейлер, негізінен, алтыннан құйылған, сондай-ақ, көрмеге көне қола ыдыстар мен бұйымдар да қойылыпты.
Орынбор облыстық бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған көрмеде жұртшылық назарынасуретшілер картиналарымен қатар, орынборлық шеберлер қолынан шыққан түбіт бұйымдар да ұсынылды. Нақ осы түбіт бұйымдар жұртшылық назарын ерекше аударды. Шеберлер әйгілі Орынбор түбіт орамалын сан қилы бейнелер арқылы нағыз өнер туындысына айналдырған: мысалы, ұзындығы да, ені де 4,5 метр болатын, қала көрінісі бейнеленген түбіт орамал Орынбордың 270 жылдық мерейтойына арналып тоқылған.
Орынборлық дизайнер әрі стилист Анна Советова қыз-келіншектерге арналған түрлі сәндік киімдерге түбітпен қатар, әлемнің әр елінен әкелінген қымбат маталарды да пайдаланыпты. Сонымен қатар, көрмеге оның «Анна Каренина», «Шамахан патшайымы», т.б. әйгілі әдеби туындыларға арнаған жұмыстары да қойылды.
Владимир Мудров, Александр Соловьев, Ольга Леонтьева, Елена Вилкова, басқа да орынборлық суретшілердің туындылары, негізінен, туған жер тақырыбын қамтиды. Орынбор жерінің түрлі көріністері бейнеленген бұл туындылар екі өңір табиғатының соншалықты ұқсастығымен баурайды…
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



