Жаңалықтар

Алпысында да алқынбаған

…Елудің есігінен сығалап жүрсек те, өзімізді олардың қасында жас санап, алпысты алқымдаған, жетпісті желкелеген ағаларымыздың сыртынан зілсіз әзілдеп, ат қойып, айдар тағып жүреміз. Бұл, біріншіден, өзіміз де шет-жағасын көрген кешегі заманның куәгерлері ретінде олармен ой-таным, мақсат-мұрат, мінез-құлқымыздың ұқсастығы болса, екіншіден, сол кездің сүйегі асыл ұрпақтарына деген әдемі құрметтің де әсері болса керек.

Биыл Алға ауданында  бізге белгілі үш азамат Алпыс деген асқарды бағындырды. Олар аудандық аурухананың бас дәрігері,  «Алғаның Тәженові» атанып кеткен Сағынғали Тәженов, «Тоқмансай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, ортамызда «Атымтай Жомарт» атанып, алпысқа келгенде кандидаттық қорғаған Өтесін Өтепбергенов және аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімінің бастығы Қайрат Қазмағанбетов ағалар.

… Әлдебір басшылардай қарны салбырап, даусы зілденбейтін, қашан көрсең жинақы, спорттық пішімде жүретін Қайрат ағаны сыртынан «энциклопедия» дейміз. Олай деуіміздің  себебі де жоқ емес – ана тілінде де, ресми тілде де еркін сөйлейтін ол қай тақырыпты да іліп әкетіп, толық мәліметке қанықтырады. Қазақстанды қойып, жер шарының түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтарды тізбектеген кезде, «осының бәріне қайдан үлгереді екен?» деген ойдың қылаң беретінін де жасыра алмаймыз. Басшыларға, басқаларға батылы барып сын айтатын және орынды айтатын да Қайрат аға.

… Бес жасында әкесінен жетім қалған Қайратты «жалғыз ұл» деп өмір бойы аялап өткен анасының тәрбиесінде болды. Он жеті сом пенсиясымен оқытқан сол абзал  ананы қимай Алматыға жоғары оқу орнына түсіп тұрған жерінен, оның үстіне қашықсынып, Челябінің механика институтына ауысады (ауылға қайтатын билеті Алматынікінен екі есе арзан болатын).  Жаз бойы құрылыс отрядтарына барып, өзінің жоғын түгендейтін. Анасына салмақ салмауға тырысатын.

Жоғары оқу орнын бітірген Қайрат Қазмағанбетовті Қарабұтақ ауданының сол кездегі «Қызыл жұлдыз» шаруашылығына техника қауіпсіздігін сақтау жөніндегі инженер етіп қызметке жібереді. Жалғыз ұлдың амандығын тілеп, бес жыл сарыла күткен анасын алып, осылайша Қайрат Қазмағанбетов облыстан шалғай ауылда өзінің еңбек жолын бастайды.

— Өзім қызмет жасаған жердің бәрі маған өмір мектебі болды, — деп  еске алады қазір алпысқа алқынбай жеткен ағамыз. — Ру сұрасу деген болған жоқ. Сол кезді есіме алсам, бір жақсылық пен бір кемшілік есіме түседі. Жақсысы — қызметке ағайын-туысты, жақын-жұрағатты қою деген болмайтын. Өз талабыңнан, өз қызметіңнің деңгейінен көретінсің не болса да. Содан да болар, өз міндетіңе адал қарайтынсың.

Ал кемшілігі – жергілікті ұлт өкілдері екінші сортты болатын. Олардың қызметте өсуі өте қиын болды, сондықтан да барынша жинақы, барынша жауапты, намысты болуға тырыстық. Ашып айта алмағанымызбен, өзге ұлт өкілдерінен  қалмауға, соларға күлкі болмауға тырысатынбыз. Көңіліміздің түкпірінде « біз қазақпыз, ешкімге мазақ болмауға тиіспіз» деген ой жататын.

Қайрат Қазмағанбетұлының еңбек жолын тізбектеп жатуды газет беті көтермейді, бір шындық – қайда жүрсе де абыройлы болды. Комсомол, партия, шаруашылық қызметтерінің барлық салаларынан өтті. Жоғары партия мектебін барып оқып бітірді.

1990 жылы Алға ауданының тарихында тұңғыш рет қазақ азаматы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды, ауылдың ақсақалдары аспанға бөріктерін лақтырып қуанды, ол – Қайрат Қазмағанбетов болатын.

Сол жылдарды еске алатын болсақ,  1992 жылы Қайрат Қазмағанбетұлы  аудан әкімшілігі басшысының орынбасары болып жүрген кезде Алғаны жылумен қамтып отырған зауыт құлады. Ол кезде қала қазіргідей түгел дерлік газдандырылып болған жоқ еді. Қазір ел аузында «Царское село», «Черемушки», «Контрабак» аталып кеткен аудандарға көгілдір отын апарудың да көптеген қиындықтары болды. Осы үлкен шаруаның басы-қасында Қайрат Қазмағанбетов жүрді. Кей кездері ерекше бір сағынышпен еске алатыны, өз қолтаңбасы қалған сол жерлерден өткен сайын  іштей толқитыны да содан. Ал бұл көп еңбектің бір парасы ғана.

1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында. Ауданның барлық сайы мен саласын, бұтасы мен  жылғасын жатқа білетін бір адам болса, ол — Қайрат аға. Бірнеше жылдан бері осы саланы басқарып келе жатқандықтан аудан шаруашылықтарына жиі барады. Жәй ғана барып қоймайды, кешегі жастық жылдары мен жолдары өткен шаруашылықтың бүгінгі  проблемаларын да ойластыра, шеше жүреді.  Қызмет бабында өзі әлі күнге дейін үлкен  ізетпен еске алатын ұстаз ағалары Жарылқап Ізбасқанов, Рахметолла Ағниязов, Кеңес Мырзағалиевтарға ұқсағысы келеді. Сол үлкен кісілер айтқан ұлағатты әңгімелерді бізге майын тамыза жеткізетін де осы ағамыз.

Жалпы, бұл кісімен іссапарға шығудың өзі бір ғанибет, аудан тарихынан, кешегі өткен біртуар ағалардың өмірінен небір әңгімелерді арасына әдемі әзілін қосып отырып айтқанда, қызықты  кітап оқығандай әсерде қаласың. Қызметіміз сөздің айналасы болғандықтан, кейбірін түртіп алып, қайсыбірін есте сақтап қалуға тырысатынымыз да сондықтан. Мүмкін, Қайрат ағаның «энциклопедия» атануында   осы бір естеліктер әсері де бар шығар…

…Алға қаласы қай уақытта да әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, кездесулер жасап, облыс орталығына жақын болғандықтан, алыс-жақыннан келетін әртүрлі деңгейдегі меймандарды қабылдап, апы кіріп, күпі шығып жатады. Осындай іс- шараларға Қайрат аға Қазмағанбетов зайыбы Шамшырақпен немересін жетектеп барады. Өзін өмір шыңдаған азамат ұрпақтарының да қайнаған тіршіліктің, қарапайым халықтың арасында болғанын қалайды.

«Жалғыздың жары — құдай» демекші,  ешкімге білдірмесе де көкірегінде ғұмыр бойы шемен болып қалған жалғыздықты қазір ұмыта бастады – азамат болған үш ұлы бар. Шектен шығып, дерте бұзбай әдепті де байсалды боп өсіп,  азамат болған ұлдарының үлкенін аяқтандырды. Шүкір, немерелері де өсіп келеді. Көп жылғы елге жасаған еңбегі орынды бағаланып көптеген медальмен,  Құрмет грамоталарымен марапатталды.

…Алпысқа алқынбай жеткен Аға туралы аз-маз қағазға түсіргеніміз осы. Ауданның  маңызды салаларының бірін абыроймен басқарып отырған Қайрат Қазмағанбетовке айтылар ақ тілек те осы шағын мақаланың астарында жатыр. Алпысқа келсе де жас жігіттердей ширақ жүретін Қайрат аға Қазмағанбетовке қарап отырып, алпыс дегеннің бар болғаны екі отыз екені еріксіз еске түседі. Бар болғаны екеу-ақ. Екіден кейін де сан бар…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button