Жаңалықтар

Науқанға тас түйін әзір

Көктемгі егіс


Қыста қар аз түсіп, көктем кеш шыққанмен, диқан қауымның алдағы жаңа өнімнен үміті зор. Себебі биыл егістік жерде ылғал мол. Қазір облыста ылғал жабу жұмыстары басталып та кеткен. Көктемгі далалық жұмыстарға диқаншылық кәсіппен шұғылданатын барлық шаруашылықтар тас түйін дайындықпен келген. Техника жеткілікті, арзан жанар-жағармай, шығымдылығы жоғары тұқым қолда. Әзірге салқын болып тұрған күннің жылынуымен, бірер күнде облыс шаруашылықтары көктемгі далалық жұмыстарға жаппай кіріспек. Кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай осылай деп мәлімдеді.

Ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей басшылығымен бекітілген егіс құрылымына сәйкес 754 мың гектар егістік алқапта жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде. Бұл егістік алқаптың 442 мың гектары дәнді дақылдар, 50 мың гектарға жуығы майлы дақылдар, 250 мың гектардан артығы мал азығындық дақылдар. Мұнымен бірге, 6,2 мың гектар картоп және 5,5 мың гектар көкөніс-бақша дақылдары егіледі. Өткен жылмен салыстырғанда биыл егіс құрылымы 15 пайызға артық. Яғни, осы жылы егілетін барлық дақылдың түрлері көбейіп отыр. Егіс құрылымының ішінде, әсіресе дәнді дақылдардың үлесі  молырақ.

Жоспарланған егіс құрылымын орындау үшін аудан әкімдері мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылған.

Егіс құрылымымен қатар, суармалы жерлердің алқабы да ұлғаймақ. Облыс бойынша суармалы жерлер 30 мың гектарға жеткізіледі. Оның ішінде 187 гектар жер шаруашылықтардың өздерінің күшімен қосылады. Ол жерлер — Байғанин ауданында 11 гектар, Ырғыз ауданында 44 гектар, Мәртөк ауданында 50 гектар, Мұғалжар ауданында 22 гектар, Темір ауданында 39 гектар, Ойыл ауданында 11 гектар, Хромтау ауданында 60 гектар. Бұдан бөлек,  8300 гектар жерге Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы бөлінген қаражатқа тендр жарияланып, жеңімпазы анықталды. Бұл  инфрақұрылымдарды жүргізу жұмыстары жақында басталады деп күтілуде.

Ал тұқыммен қамтамасыз етуге келетін болсақ, биылғы егіс жұмыстарына 44,2 мың тонна дәнді дақылдардың тұқымы қажет болатын болса, биылғы құйылған нақты қолда бар тұқым 47 мың тоннаны құрайды. Бұл қажеттіліктің 106 пайызына тең. Осы құйылған тұқымның барлығы толық «ҚазАгрЭкс» акционерлік қоғамы филиалына тексеруге тапсырылды. Тексерудің қорытындысы тұқымның  шығымдылығы жоғары екенін көрсетті. Демек, бұл тұқымдарды егіп, жоғары өнім алуға мүмкіндік бар.

Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша да бір сыдырғы жұмыстар жүргізілген. Биылғы жылы егістік жерлерге 2.6 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге  2,9 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарттар жасалған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 мың тоннаға артық. Қазір қажетті тыңайтқыштың 73 пайызына қаражат аударылып, бір мың тоннадан артық тыңайтқыш тасып жеткізілген.

Ауыл шаруашылығы  министрлігі тарапынан  көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға 8 800 тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны қарастырылған. Соның 5 мың тоннадан астамы қазір облысқа тасып жеткізілген. Қазір шаруашылықтарға таратып берілуде. Бірінші тоқсанға облысқа қарастырылған  жанар-жағармай толық тасып алынған. Енді мамыр айының үлесі жеткізілмек.  Дизель отынының бағасы облыс шаруашылықтарына бір литрі 149 теңгеден таратып беріліп отыр. Бұл баға нарықтағы бағадан 16 теңгеге арзан.

Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 6 014 трактор қатыстыру көзделуде. Қазір осы техниканың 98 пайызы дайын. Егіс кешендері, тұқым сепкіштер, басқа да жер өңдейтін техникалар толық әзірленді. Олар науқандық жұмысқа толық жұмылдырылады.

Егістік жұмыстарына қажетті қаражат жағдайы аграрлық несие кооперациясы арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша қарастырылған. Бүгінгі күнге осы жүйе арқылы 236 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл несие қаражаты егіс жұмыстарына 2 пайызбен 1 қарашаға дейін беріледі. Яғни, егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін шаруашылықтар қаражатты кейін қарай қайтару керек. Мұнан басқа «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 136 миллион теңге бөлінген. Оның 974 миллион теңгесі шаруа қожалықтарына аудандардағы жергілікті несие серіктестіктер арқылы беріледі. Қалған 163 миллион теңге тікелей агронесие кооперациясы арқылы 14 пайызбен беріледі. Оның 7 пайызы субсидияланады. Сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша да көктемгі далалық жұмыстарға  6 пайыз несие қаралып отыр.

— Биылғы жылдан бастап осы егіс жұмыстарындағы субсидиялар электронды түрде жүргізіледі деп күтілуде. Біз бұған толық дайынбыз. Ол үшін егіс алқаптарын минагро кз сайтына енгізіп, Елбасының тапсырмасына сәйкес цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге облыс бойынша барлығы 666500 гектар жерді енгіуге тиіспіз. Осы жоспар бойынша бүгінгі күнге 342 мыңнан астам гектар алқап,  немесе 51 пайыздан артығы минагро кз сайтының электрондық алқабына енгізіліп отыр, — деді Құсайын Сәрсенбай.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, аталған бұл шаралар егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың мемлекет тарапынан тиісінше тиімді көмектер алуына жәрдемдеседі.

Бір сөзбен айтқанда, облыстың егіншлікпен шұғылданатын шаруашылықтары көктемгі науқанға толық әзірлікпен келіп отыр. Облыс бойынша бүгінгі күнге 7 мың гектардың үстінде егістік алқаптың ылғалы жабылған. Бұл көрсеткіш күн санап еселеп өсе бермек. Себебі, «Көктемнің әр күні — жылға азық». Диқан қауырт қаурыт қимыл үстінде.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button