Ақауы бар жолдар мердігер мекемелердің қаржысы есебінен жөнделеді

Рейд
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен облыс орталығындағы жолдар бойынша пресс-тур өтті.
Шараның мақсаты — бұқаралық ақпарат құралдары арқылы былтыр жөндеуден өткен жолдардың жағдайын жұртшылыққа жеткізу, сондай-ақ биыл жөндеу жүргізілетін көше жолдары туралы жұмыс жоспарын баяндау.
Ақтөбе қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали топ мүшелеріне алдымен Зинченко көшесінің жағдайын таныстырды.
— Зинченко көшесі 2016 жылы жөнделген болатын. Бұл жолды жөндеген мердігер мекеме — «Мега РУД» серіктестігі. Келісімшартқа байланысты кепілдік мерзімі — 3 жыл. Яғни 2019 жылдың күзіне дейін жолда қандай да бір ақау болса, оны мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жөндейтін болады, — дейді Руслан Төреғали.
Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы — 600 метр. Бұл мақсатта 48 миллион теңге бөлінген болатын.
— Екі жерде ойық бар. Бұл жолмен жүк көліктері көп жүреді. Сол себепті де ақау болуы заңдылық. Шығын көлемі 300 мың теңгеге жуық. Ақауларды жөндеуге дайынбыз, — дейді «Мега РУД» ЖШС техникалық директоры Дархан Сүлейменов.
Руслан Төреғалидың айтуынша, 2015 жылдан бері жөндеу жүргізілген жолдардың ішінде оннан астам көше жолында ақаулардың бар екені анықталған.
Ақау анықталған көшелердің бірі — Нокин көшесі. Бұл көшені жөндеу жұмыстары былтыр басталып, 3 шақырымы жөнделген-ді. Биыл аталған көшенің қалған 2 шақырымына жөндеу жүргізіледі.
— Былтыр жөнделген жолдан да ақаулар пайда болып жатыр. Соның бірі — Нокин көшесіндегі жол. Ақаудың жалпы аумағы — 10 шаршы метр. Бұл көшені жөндеуге жауапты мекеме — «Ерхат жолдары» серіктестігі, — дейді бөлім басшысы.
Былтыр ғана жөнделген «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің мамандандырылған бөліміне (автоЦОН) барар жолдың да жағдайы сын көтермейді. Бұл туралы Руслан Төреғали былай дейді:
— Аталған жол үшін мердігер мекемеге мемлекет тарапынан мүлде ақша бөлінген жоқ. Өйткені салынған жол мемлекеттік комиссияның қабылдауынан өтпеді. Сапалы жол салынғаннан кейін ғана мердігер мекемеге ақша берілетін болады. Дегенмен, ақаулар үшін кеткен шығын мекеменің өз есебінен төленеді.
Биыл облыс орталығындағы жолдарды жөндеу үшін 2,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Жұмыс 5 басым бағыт бойынша жасалады. Олар: жол құрылысы, автокөлік жолдарын қайта құру, күрделі жөндеу, орташа жөндеу және жерүсті жүргіншілер өтпелерін салу.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



