«Қош келдің, әз Наурыз!»
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектебінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Балалар ұлттық тағамдарға толы дастарқан басына жайғасып, қызықты мерекелік көрсетілімді тамашалады. Театрландырылған қойылыммен ашылған шара барысында мектеп оқушылары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Көріністен кейін Қыдыр ата сахна төріне шығып, ақ батасын берді.
— Биыл облыс әкімінің бастамасымен балалар жылы бастау алғаны белгілі. Осы мақсатта бірқатар игі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Наурыз тойын тойлауға жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар шақырылды. Сондай-ақ ол балаларға ата-аналар мен демеушілердің атынан қайырымдылық көмектер көрсетілуде.
Наурыз мейрамы — тек қана жыл басы емес, береке мен бірліктің, ізгілік пен татулықтың мерекесі. Ит жылы елімізге молшылық, ырыс әкелсін, — деді мектеп директоры Ж.Терекова.
Мерекеге қатысушылар киіз үйге кіріп, наурыз көжеден дәм татты.
А.ҚАЛДЫБЕК.



