Жаңалықтар

Дәстүрлі өнер өлмейді

Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұлтқа пайдасы зор талай тірліктер тындырылуда. Соның ішінде, әсіресе, қазақтың дәстүрлі өнерінің өркен жаюына, олардың кейінгі ұрпаққа жоғалмай жетуіне жол ашатын қомақты шаруалар жасалуда.

Осы жылдың ақпан айында Алматыда  тұсаукесері өткен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты кітап  пен сол күйлердің компакт-дискілерінің жарыққа шығуы бөрікті аспанға атып қуануға тұратын жаңалық болды. Кітап Елбасы Н.Назарбаевтың  алғы сөзімен шыққан. Осыдан бір ғасырға жақын уақыт  бұрын Александр Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» деген атпен әндердің сөзі мен нотасы жазылған кітап шығарғаны елдің есінде болар.  Музыка саласындағы содан кейінгі айрықша жаңалық осы болып отыр.

Кеше облыстық мәдениет басқармасының бастығы  Н.Табылдинова Астанадан жеткен осы бір бағасы жүз қаралық кітапты күйшілер Жайлау Асылханов пен Нұрболат Жанамановқа табыс етті. Ақтөбелік екі күйші де осы кітаптың авторларының бірі болып саналады. Өйткені Н.Жанаманов Қазанғаптың бес күйін, ал Ж.Асылханов Қазанғап пен Мәңкенің екі күйін жаздырған. Осындай игілікті іске атсалысқан күйшілердің бірі Нұрболат былай дейді:

— 2008 жылы Алматы қаласы әкімінің басшылығымен 200 күйдің тарихы жазылған «Мәңгілік сарын» атты кітап пен сол күйлердің компакт-дискілері жарық көрген-ді. Оған атсалыса алғаным жоқ, бірақ Алматыға тұсаукесеріне шақырды. Оған да Қазанғаптың күйлер енген. Ал мына кітапқа  Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрі, ақтөбелік күйші ретінде енген Қазанғаптың қырық күйі бар. Оның алтауын Жәлекеш Айпақов, жиырмасын Сәдуақас Балмағамбетов, Қадірәлі Ержанов, Бақыт Басығараев, Молдағали Балымбетов, Ізбасар Ілиясов,Әбділхамит Райымбергеновтер орындаған. Мен бес күйін жаздырдым. Оның бірі — «Ерназар-Бекеттің зар күйі», оны ауыл ақсақалы Исағали Базарбаевтан үйренгем, оны білетіндер сирек. Сосын «Балжанның отыз бестегі кезі», «Бұраңдама, келіншек», «Өмір-жайлау», «Достан би» күйлерін жаздырдым. Бұл үш тілде жарық көрген кітапта қазақтың бұрынғы-соңғы күйшілерінің барлығының шығармалары, Ахмет Жұбановтың, Қаршыға Ахмедияровтың, Сәдуақас Балмағамбетовтің, Секен Тұрысбековтің, басқа да талантты тұлғалардың күйлері бар. Күй — үлкен қазына. Шынында қыруар жұмыс жасалған. Осы іске мұрындық болған азаматтарға шексіз ризамыз. Осы кітапты шығарған «Ел» шығармашылық продюсерлік орталығының директоры Ғалым Доскенге алғысым ерекше, қабылдауында болып, Қазанғапқа байланысты өз пікірімді айттым, кітап шығарғанда бәрін ескеріпті.  Мұны дәстүрлі өнердің бағының жанғаны деп бағалаймын.

Жайлау да өз ойымен бөлісті:

— Мен де Қазанғаптың шалқарлық Жұмабай Жансүгіровтен алған «Ұршықтың жұртта қалғаны» күйін орындадым. Сосын өзімнің атам, доңызтаулық күйші, Қазанғаптың шәкірті Мәңкенің «Қоңыр» атты күйін жаздырттым. Бұл күйді бізге Машалақ деген айтулы күйші жеткізді. Жоғалып  бара жатқан күй еді.  Мұндай үлкен іске тамшыдай болса үлесімізді қосу парызымыз деп санаймын. Ал осы кітаптағы күйлердің тарихын жазған профессор Айтжан Тоқтаған ағамыздың, күйші, өнер зерттеуші Мұрат Әбуғазы, сыбызғышы Талғат Мұқыш, қобызшы Саян Ақмолда тәрізді ұлтжанды інілерімнің еңбегі құрметке лайық. Жалпы, бұл кітаптың, дискілердің жарық көруі  дәстүрлі өнердің өлмейтініне, оның бағасы күннен-күнге арта  беретініне көзімізді жеткізгендей болды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button