Жаңалықтар

Рейд: есірткі шеккен жүргізушілер анықталды

Брифинг

22 қаңтар-18 ақпан аралығында халықаралық және қалааралық жолаушылар автобустарына қатысты жүргізілген рейд кезінде 30-ға жуық заңбұзушылықтар анықталып, 885 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Халықаралық және қалааралық жолаушылар автобустарына жүргізілген рейд шаралары, республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы, жол құрылысын жүргізу және жөндеу жұмыстарына қатысты тақырыпта өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бастығының орынбасары Ерұлан Құрманиязов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев және облыстық жергілікті полиция қызметі жол құрылысын ұйымдастыру және қадағалау бөлімінің бастығы Айдос Құлжановтар бірлескен іс-шара бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын мәлімдеді.

Көліктік бақылау инспекциясы мен прокуратура және жергілікті полиция қызметінің мамандары бірлесіп жүргізген іс-шара  22 қаңтар-18 ақпан аралығын қамтыды. Осы кезеңде республикалық және жергілікті маңызы бар тасжолдарға рейд жүргізген олар қалааралық автобустарға тексеріс жүргізді. Рейд кезінде құқық қорғау органдары өз құзыреттіліктеріне қарай жол бойында тиісті талаптың сақталуын басты назарға алған. Мәселен, көліктік бақылау инспекциясының  өкілдері жолаушылар мен жүк тасымалдау кезінде 30-ға жуық заң талаптарының бұзылғанын анықтап, нәтижесінде 885 мың теңге көлемінде айыппұл салса, полиция қызметкерлері 700-ге тарта әкімшілік іс толтырған. Рейд кезінде есірткі шегіп, жолаушылар тасымалдаған екі жүргізуші анықталыпты.

Бұл — қоғамдық көлікті басқарушылардың жасаған құқықбұзушылықтары. Оның ішінде, есірткі шегіп көлік жүргізген 2 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар,  жылдамдықты арттырғаны үшін 100-ден астам, маневрлеу әрекетін жасап, жол ережесін бұзған 70-ке жуық жүргізуші әкімшілік жазаға тартылды. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар жолдардың бойында автобус жүргізушілері де тексерілді. Нәтижесінде, көлік басқарушылардың қолында жолаушылар тасымалдау үшін арнайы құжаттарының болмағаны, билетсіз жолаушылар тасымалдау, көлік ішінде арнайы тізім жазылатын журналдың болмауы секілді кемшіліктер анықталды. Ондай жүргізушілер де әкімшілік жазаға тартылды, — деді Айдос Құлжанов.

«Автобус» іс-шарасы бүкіл республика аумағын қамтыды. Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, енді мұндай шара жол бойында жиі жүргізілмек.

Бүгінгі күні бұл бағытта министрліктің араласуымен бірқатар шара қолға алынды. Соның бірі — 2013 жылы инспекция құзыретінен алынып тасталған бірқатар міндеттер қайтадан көліктік бақылау органына берілмек. Бұл жұмыстар осы жылы жүзеге асырылмақ, — деді Ерұлан Құрманиязов.

Брифингте жол құрылысын салу, жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жайы да сөз болды. Мамандардың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл салаға жылына 150 млрд теңге бөлу қарастырылған. Биыл облыс бойынша Ақтөбе-Атырау-Мақат бағытындағы жол салу құрылысының басым бөлігін аяқтау жоспарда бар. Бүгінде бұл учаскеге қажетті материалдар көлемі анықталған.

Қазір екі мердігер компания үш участокта жұмысты бастап кетті. Бүгінгі күні Байғанин ауданы территориясына қиыршық тас тасылып,  зауыттар монтаж жасап жатыр. Биыл облыстық маңызы бар жолдардың көпшілігінің құрылысы аяқталады. Соның ішінде Ақтөбе-Сазды, оңтүстік айналма жол құрылысы биыл жалғасын табады. Елек өзені үстіндегі көпірді салу жұмыстары басталды. Оның ар жағында Орск бағытындағы жолды салып бітіруіміз керек, — деді Аязбай Османғалиев.

Оның айтуынша, биыл ауданаралық жолдарды жөндеу жұмыстары да қатар жүргізіледі. Атап айтсақ, Мәртөк-Қобда, Дөң-Бадамша бағытындағы жолдар қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ, Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Жиренқопа-Тұзтөбе аралығындағы жолдардың белгілі бір учаскелері қайта қалпына келтірілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button