Жаңалықтар

«Аналарға тағзым» жобасы

Таңсұлу Лақова,

Аналар үйінің үйлестірушісі

 ЖАС АНАЛАР ҚОЛДАЙДЫ!

«Аналарға тағзым» жобасы туралы жуырда Өнер орталығында өткен «Қос жүректің лүпілі» атты ән кешінде естіп, білдік. Аталған шараға Аналар үйінде тұратын жас аналарды облыстық мәслихат депутаты әрі әнші Светлана Айтбаева шақырған болатын. Орталықтағы жас аналар сол концертке барып, көңілдерін көтеріп, ерекше әсер алып қайтты. Сара Шаяхметқызының идеясымен қолға алынған жоба аясында ұйымдастырылған ән кешінде елімізге белгілі өнерлі жұптар халыққа әннен шашу шашып, ерекше көңіл күй сыйлады. Концерт соңында ұйымдастырушылар Аналар үйінің 10 жас анасына сый-сияпат көрсетіп, шынайы ықыластарын білдірді. Сондай-ақ ән кешінен түскен қаражат «Аналарға тағзым» жобасына аударылды.

Елімізде ең алғаш болып қолға алынып жатқан «Аналарға тағзым» жобасының біз үшін, әсіресе, аналар үшін маңызы зор. Осы жоба аясында кез келген азамат елге еңбегі сіңіп, ерлік көрсеткен, үлгі-өнегесімен есте қалған аналардың өмір, еңбек жолдарымен танысып, бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие алады деп ойлаймын.

Алдағы уақытта кешен ашылған соң, біз жас аналарымыздың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастыру ойымызда бар. Сондай-ақ қалалық аналар кеңесінің мүшелерін шақырып, көпбалалы, өмірде өнегелі істерімен көзге түскен аналармен кездесу өткізіп, жас аналарға тәлім-тәрбие беретін іс-шаралар өткізгіміз келеді. Себебі мұндай шара жас аналарға өте қажет.

Бүгінде Аналар үйінде 18-30 жас аралығындағы 10 жас ана сәбилерімен тұрып жатыр. Олар орталықта күнделікті бала бағу, үй тірлігімен ғана емес, қолөнер бұйымдарын жасау, тігін тігу сияқты сүйікті істерімен шұғылданады.

Сөз соңында осындай жобаны жүзеге асыру үшін бастама көтерген облыс әкімі Бердібек Машбекұлына, сондай-ақ қала әкіміне жас аналар атынан ерекше ықыласымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз.

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,

Ауған соғысының ардагері,

«Ер бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы

 МАҢЫЗЫ ЗОР, БЕРЕРІ МОЛ ЖОБА

 Ана деген — ардақты ұғым. Бұл өмірде ғұлама да, ғалым да, білекті балуан да анадан туады. Ана — үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ана әрдайым жан-жағына шуағын төгіп жүреді. Сол шуақпен жылынып, біз үлкен өмірге бет аламыз. Сондықтан бізді жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз бас иеміз. Осы орайда биыл облыста аналардың құрметіне арналып салынып жатқан кешеннің әр адам үшін маңызы зор.

Бұл жобаның, ең алдымен, патриоттық тұрғыда маңызы айрықша. Олай дейтініміз, қазіргі таңда кейбір отбасыларда аналардың, ақ жаулықты әжелердің беретін тәлім-тәрбиесі жетпей жатқан жайы бар.

Біз кішкентай кезімізде әжеміздің бесік жырын, ертегі, әңгімелерін естіп өстік. Қазір әжелеріміздің өкінішке қарай, «сериалдар» көруден қолы босамай кетті. Сондықтан көпті көрген әжелер мен аяулы аналарымыз осы орталықта жастарға, әсіресе, қыз балаларға, келіндерге жақсы, тұшымды әңгімелерін айтып, үлгілі істерін көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сондай-ақ бүгінгі күні қоғамда ата-анасын бағудан бас тартып жатқандар да аз емес. Жарық дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген анасын қартайғанда Қарттар үйіне апарып тастағандарды көргенде біздің қоғамда адамгершілік, патриоттық тәрбиенің кемшін тұстары көп екенін аңғарамыз. Сол себепті осы олқылықтардың орнын толтыруда «Аналарға тағзым» жобасының маңызы зор, берері мол деп ойлаймын.

Мен барша ақтөбелікті осы жобаға атсалысуға, өз үлестерін қосуға шақырамын. Ана алдында бәріміздің парызымыз бар. Сол себепті бұл бастаманы қолдау — ортақ міндет.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button