Жаңалықтар

Қаңтар айында 51 өрт оқиғасы тіркелген

Брифинг

Бейсенбі күні төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қыс мезгіліндегі оқыс оқиғалар мен жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі жөнінде брифинг өткізді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасарлары Қайрат Қасым мен Ернұр Өтегенов өткізген жиында алдымен жасалған жұмыстар айтылды. Белгілі болғандай, қыс мезгілі басталғалы бері 15 апаттық-құтқару және 6 іздестіру жұмысы жүргізіліп, оған 86 маман және 22 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 147 адам құтқарылған. Жалпы, мамандар жұртшылыққа 21 дабылды ескертпелер жолдапты.

— Бұл қыс мезгілі  қардың бұрынғыдай мол түсімі жоқтығымен ерекшеленіп тұр. Дегенмен, ауа райы қолайлы болғанына қарамастан, жол бойында жедел құтқару жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, бүгінге дейін жалпы саны 21 құтқару шарасы өтті. Жедел ден қою мақсатында облыстық азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жеке құрамынан 932 күш һәм құрал дайындыққа шығарылды. Сондай-ақ, 140 жылыту пункті, 7 тонна инертті материал және 316 тонна жанар-жағармай дайындалды, — деді Қайрат Қасым.

Ал Ернұр Өтегенов өз сөзінде былтыр облыс аумағында 806 өрт оқиғасы тіркелгенін, одан 16 адамның бақилық болғанын, тағы сонша жанның жарақат алғанын атап өтті.

— Жыл басында, яғни қаңтар айында 51 өрт оқиғасы болды. Жарақат алғандар саны 5, 1 адам көз жұмды. Ал тұрғын үй секторларында — 25, көлік ішінде 15 өрт оқиғасы тіркелді. Жалпы, өрттің елу пайызы адамдардың сақтық шараларын сақтамауынан, соның ішінде электр құралдарын қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін орындамауынан болады, — деді ол.

Жиында арнайы айлық өткізілгені, көктайғақ, қар құрсауы, боран сияқты табиғаттың тосын құбылыстары қамтылған 35 мың жадынама қағаздарының таратылғаны да баян етілді. Мұнымен бірге, көліктегі өрт оқиғаларының артуына байланысты 15 қаңтардан бастап «Қауіпсіз көлік» акциясының басталғаны турасында хабарланды. Оған негізінен еріктілер атсалысып жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button