Жаңалықтар

Көлік жүргізуші, тәртіпке бағыныңыз!..

Келешекте қаламызда заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілеріне шара қолданылады. Бұдан былай такси тұрақтарына арнайы орын бөлініп, белгілер орнатылады. Ал жеке көлігімен жолаушыларды тасушылар арнайы мекемелерге тіркелуі тиіс.

Жақында «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша Ақтөбе қаласындағы  «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы» мемлекеттік мекемесінде Жол полициясы басқармасы, «Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Ақтөбе облысы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілерін тоқтату мәселесі турасында жұмыс кеңесі өтті. Мұнда мамандар қаламызда «шашыраңқы» таксилердің шамадан тыс көбеюіне байланысты шара қолданып, арнайы  такси тұрақтарына орын белгілеп, оларға белгілер орнату керектігін сөз етті.

Бүгінгі таңда қаламызға жолаушыларды және жүк тасымалдайтын такси автокөліктеріне арналған 50 автотұрақтың қажеттілігі анықталды. Бұл мәселені қазір жергілікті басқару органдары зерделеп жатыр. Алдағы уақытта халыққа арнайы мекемелердің құрамына тіркелген заңды таксилер қызмет көрсететін болады. Егер жолаушыларды тасымалдайтын көлік жүргізушілері бұл ережені бұзса, оларға әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.

— Біз бұл мәселені көтергенімізге төрт жыл болды. Алғашында қалада аудандарға күніне бірнеше мәрте қатынайтын ГАЗельдерге тосқауыл қойылды. Жеке ГАЗельдерді  «Сапар» автовокзалына жинақтап, сол жерден касса ашып, арнайы аялдама бекіттік. Қазір барлық ауданға қатынайтын көліктер осы жерден жүреді. Тұрғындар да бұған үйренді. Енді аймақта жеке таксилердің саны көбейіп кетті. Базар, вокзал, кез келген сауда орындары, аялдамаларда, тіпті, көшеде қол көтерсең тұратын таксилер толып жатыр. Сондықтан тұрғындарға қызмет көрсететін жеке машиналарға тоқтау жасап, тәртіп орнату қажет.

Қазір қала тұрғындарының тұрмыс-ахуалы жақсы. Тұрғындардың дені таксимен қатынайды. Біздің қаламызда заңды түрде жолаушылар тасымалымен айналысатын оннан астам ресми «такси қызметі» бар. Бірақ таксистер бұл мекемелерге тіркелмейді.  Жеке таксилер қоғамдық көліктер қозғалысына бөгет жасап, кедергі келтіреді. Жол апатының саны да көліктердің желдей жарысуынан туады. Енді келешекте таксистер заңды түрде «Автопарк» ЖШС, «Нұрдәулет-Ақтөбе», «Автовокзал Сапар», «Спецавтоматика»,  «Плюс Такси Бригада» ЖШС, т.б. мекемелердің құрамына тіркеліп, халыққа заңды қызмет көрсетуі тиіс, — дейді «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша Ақтөбе қаласындағы «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы» ММ көлік-коммуникация кешеніндегі бақылау бөлімінің бас маманы Нұржан Ақаласов.

Биылғы жылдың 6 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кеден ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заң негізінде көліктік бақылау органдары автокөлік құралдарын стационарлық бекеттерден тыс жерлерде тоқтату құқығына ие. Сондықтан қаламызда наурыз айының 15-нен бастап қаланың және аудандардың автожолдарында жолаушыларды заңсыз таситын көлік иелерін тәртіпке келтіру мақсатында жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің жұмыстары басталды. Арнайы мекемелердің мамандары бұл мәселені ретке келтіру үшін арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат — жеке тасымалды заңдастыру, құқық бұзушыларды тәртіпке шақыру, сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

— Біз көлік жүргізушілердің қалада жолаушылар тасымалдап, ақша табуына қарсы емеспіз. Бірақ әр машина белгіленген орында, межелі шартты орындап, тұрақты қызмет етуі тиіс. Егер бұл тәртіп орындалса, біз өркениетті қоғам қалыптастыруға бір қадам жасаймыз. Айта кететін жайт, қазір көлік жүргізушілердің көпшілігі жолаушыларды тасымалдайды. Тіпті, көлік жүргізетін құжатты сатып алып, жолаушыларға қызмет көрсететін адамдар да бар. Ал мұндай жүргізушілер жолаушылардың өміріне қалай жауап береді? Тұрғындардың көпшілігі де өз қауіпсіздігін ойламай, жеке таксистердің қызметіне жүгінеді, — дейді бас маман Н.Ақаласов.

Сонымен жолаушыларды тасымалдайтын таксилер қандай болуы керек? Алдымен жүргізушілер таксилердiң ауысым алдында техникалық, медициналық тексерiлуiн,  жарамсыз болған жағдайда уақтылы ауыстырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Такси төбесінде 500 метрге дейінгі  қашықтықтан жақсы ажыратылатын айырымдық белгімен жабдықталуы шарт. Ал көлік салонында жүргізушінің фотосуреті, аты-жөні жазылған визит карточкасы, сондай-ақ тасымалдаушының ресми атауы мен оның мекен-жайы, телефон нөмірі жазылған ақпараттық тақта болуы тиіс. Ал машина сырты қаланың жергілікті атқарушы органдары тарапынан белгіленген бірыңғай түсті гаммамен сырланады. Сонымен қатар такси тасымалдарын жүзеге асыру үшін төрттен кем емес бүйірлік есігі бар автокөліктер қолданылуы қажет.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button