Қазақстан: 1 қаңтар

1867 жылы «Уральские войсковые ведомости» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 50 жыл бойы жарық көріп тұрды.
1897 жылы Жетісу облысы бойынша статистикалық деректер жинау үшін Жетісу облыстық статистика комитеті құрылды. Ұйымның алғашқы атқарған іс-шараларының бірі — Верныйдың, Үлкен және Кіші Алматы стансалары тұрғындарының бір күндік санағын жүргізу болды.
1931 жылы ұзындығы 1444 шақырымға созылған Түркістан-Сібір темір жол магистралі тұрақты пайдалануға берілді. Түрксіб Орта Азия мен Сібір аудандарын жалғастырып, экономиканың өрлеуіне өз үлесін қосты. Сонымен қатар темір жол бойларында жаңа жұмыс орындары ашылды.
1980 жылы көркемөнер жайындағы әдебиеттер шығаратын «Өнер» баспасы ашылды.
1992 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Институттың алғашқы сабағы 1992 жылғы тамыз айында басталды. Аталмыш білім ордасы «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы және Орта Азиядағы халықаралық стандартқа сай орта және жоғары білім беру базасында мамандар даярлайтын жоғары білім беру көшбасшысы болып табылады.
1995 жылы Қазақстанда жаңа төлқұжат пен жеке куәлік енгізілді.
1998 жылы Қазақстанда зейнетақы реформасы жүзеге аса бастады
2005 жылы «Қызылжар нұры» атты Петропавл қалалық газетінің алғашқы саны жарық көрді.
2009 жылы Қазақстан Республикасы ресми түрде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) төрағалары «Үштігінің» құрамына кірді. ЕҚЫҰ-ның Рәсімдер ережелеріне сәйкес «Үштікті» ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағалары құрайды. «Үштік» іс-қимылдар мен ортамерзімдік жоспарлауды үйлестірудің маңызды құралы болып табылады.
2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы Келісім өз күшіне енді.
КІМДЕР КЕЛДІ ӨМІРГЕ?
1904 жыл. Әбілхан Қастеев, қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-інің халық суретшісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
1909 жыл. Ғарифолла Құрманғалиев, көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1909 жыл. Жаппас Қаламбаев, қобызшы-композитор, Сүгірдің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
1913 жыл Әубәкір Ысмайылов, кескіндемеші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі.
1914 жыл Сәбира Майқанова, актриса, Қазақстан және КСРО халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1920 жыл. Патшайым Тәжібаева, геология-минералогия ғылымдарының докторы атағын алған алғашқы қазақ әйелі, геолог, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі.
1921 жыл. Қапан Мусин, композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері.
1923 жыл. Бикен Римова, актриса, Қазақстанның халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1928 жыл. Әбділхамит Нарымбетов, филология ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
1929 жыл. Ізтай Мәмбетов, көрнекті ақын, аудармашы.
1934 жыл. Әзидолла Есқалиев, домбырашы, күйші, композитор, Қазақстанның халық артисі.
1938 жыл. Ермек Өтетілеуов, белгілі балалар ақыны, аудармашы.
1943 жыл. Мұрат Мұхтарұлы Әуезов, мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
БАҚ материалдары бойынша әзірленді.
