ЖастарЖаңалықтар

Қамқоршылық кеңесі қалай жұмыс істейді?

Жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру бүгінгі күннің маңызды мәселесінің бірі болып табылады. Облыстың білім беру ұйымдары қамқоршылық кеңестерінің алғашқы кеңейтілген отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деп атап көрсетті.

Бұл жиынға мектептердегі қамқоршылық кеңестерінің және ата-аналар комитеттерінің төрағалары, жұртшылық өкілдері, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінің орынбасарлары қатысты.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында жастарға патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесіне ерекше назар аударылғаны жиын ұстанымы ретінде алынды.

«Біз жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау үшін жиналып отырмыз. Бүгінгі күні ел Президентінің қолдауы арқасында білім беру саласына қомақты қаражат бөлінуде. Осы жылдың өзінде аталған саланы қаржыландыру үшін 80 миллиард теңге бөлініп, 32 мектеп салынуда, олардың 15-і биыл пайдалануға берілді. 2020 жылға дейін апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер мәселелері толығымен шешілетін болады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысының айтуынша, жасөспірімдер қылмысының көбеюі, дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы, екпеден бас тарту секілді шешімін таппаған бірқатар мәселелер күн тәртібінде тұр. Жиында балалардың тәрбиесімен тиісті деңгейде айналыспайтын ата-аналардың да, оқушыларына көңіл бөлмейтін мектеп директорларының да кінәсі бар екендігі айтылды. Аталған мәселелерді шешуде ата-аналардың, мұғалімдердің, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бірлесіп күш салуының арқасында ғана оң нәтижеге жетуге болады. Балаларды дұрыс жолға бағыттап, туған жерге, салт-дәстүрімізге   ерекше қарауға, үлкендерге құрмет көрсетуге баулу көп түйінді мәселелерді шешкен болар еді.  Сондай-ақ, жастардың бойына салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды мәдениет, өнер мен спортқа тартуға көңіл бөлу — маңызды міндеттердің бірі.

«Облыста көптеген жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Демалыс және мереке күндері олардың барлығы жұмыс істеп тұруы тиіс. Оқудан бос уақытында балалар спортпен, шығармашылықпен айналысып, үйірмелер мен секцияларға қатысулары керек», — деді облыс әкімі.

Жиынға қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарының өзекті мәселелер мен жастар проблемаларын жарыққа шығаруға белсенді түрде қатысуы қажеттігін алға тартты.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева әзірге мектептердегі қамқоршылық кеңестерінің өз дәрежесінде жұмыс істей алмай отырғандығын ашық айтты. Негізіндегі облыстағы 408 мектептің 331-інде осындай кеңестер құрылған, ал облыс бойынша белсенді жұмыс істеп отырғаны он шақты ғана. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру тұрғысынан атқарылып жатқан шараларға тоқталған баяндамашы қамқоршылық кеңестерінің көп шаруалар тындыра алатындығына сенім білдірді.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, педагог-психолог Ұлмекен Төлешова оқушылардың бойындағы психологиялық өзгерістер кезеңі туралы айтып, көптеген ата-аналардың баланың материалдық қажеттіліктерін өтеуге ғана көңіл бөліп, рухани жетілуін назардан тыс қалдыратынын нақты мысалдармен келтірді. Қазақы тәрбиедегі отбасындағы әке беделі ұғымы пайдаланыла бермейтіндігін еске салды.

Хромтау қаласындағы №2 орта мектеп-гимназия директоры Елена Юшкевич өзі басқаратын білім ұясындағы озық тәжірибені ортаға салды. Мектепте түлектермен жанды байланыс орнатылған, соның нәтижесінде олардың көмегімен білім ордасының материалдық жағдайын жақсарту мүмкіндіктері жасалған. Мектептегі қамқоршылық кеңесі оқушылардың білім сапасына, тәрбиесіне кеңінен көңіл бөліп, өздерінің қолдауларын жасап отырады.

Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның директоры Айжан Жамбылова, ардагер ұстаз Қамалхан Қуанов, Қандыағаш қаласындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Аманжол Адаев, Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіскүл Мұханбетпайызова, облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев және басқалары тәртіп пен тәрбие мәселесіндегі ұстаз бен ата-ананың, қоғамдық ұйымдардың өзара байланысына назар аударды. Сондай-ақ, бүгінгі күні өз деңгейінде жұмыс істей алмай отырған қамқоршылық кеңестерінің жұмысын жандандыра түсуге қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Отырыс қорытындысы бойынша, облыстық қамқоршылық кеңесі құрылып, оның құрамына жұртшылық өкілдері, білім беру саласының ардагерлері, білім беру мекемелерінің басшылары кірді. Осындай кеңестер облыстың әр ауданында да құрылатын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button