Рухани жаңғыруӘлеумет

Жерлестерді қолдайық!

100 жаңа есім

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру барысында елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – 100 табысты қазақстандықты тауып, олардың өмірін, елеулі еңбегі мен жеткен жетістіктерін насихаттау және дәріптеу.

Қазіргі таңда жобаның онлайн дауыс беру кезеңіне 10 жерлесіміз еніп отыр. Атап айтсақ,  «Бизнес» номинациясы бойынша Аманғос Төлеуов, Исламбек Салжанов, Қайрат Мәйтеков, Марат Әбиев, «Медицина» номинациясы бойынша Ғалымжан Елеуов, «Қоғам» номинациясы бойынша Шахан Жолдасбаев, Юрий Хон, «Мәдениет» номинациясы бойынша Эмир Байғазин, Гүлназ Балпеисова, «Спорт» номинациясы бойынша Сергей Ведюшкин.

Ақтөбе облысынан спорт, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина, қоғам категориясы бойынша республикалық іріктеу кезеңіне өткен 10 жерлесімізді қолдау үшін 100 esim.el.kz сайтындағы онлайн дауыс беру жүйесiне кіруіңіз қажет. Ол үшін әр адам әлеуметтік желідегі аккаунты немесе поштасы арқылы тіркелуі тиіс. Әр категориядан сіз таңдаған 3 адамға дауыс бере аласыз.

Жерлестеріміздің өмір жолдары мен жеткен жетістіктерімен таныс болыңыздар:

Бизнес

Аманғос ТӨЛЕУОВ — кәсіпкер, «Степное» ЖШС директоры.

«Степное» ЖШС 1988 жылы құрылды. Серіктестік дәнді, майлы дақылдар және бау-бақша өсірумен, мал шаруашылығымен айналысады.  Серіктестік құрылғаннан бастап ауылға жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Муниципалдық ғимараттарды жөндеу, ауылды ауыз сумен қамту, көшелерді абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстарын ұйымдастырады. Серіктестік ауылдағы дарынды балалардың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қаржы бөледі, зейнеткерлерге, жауынгер-интернационалистерге, Чернобыль апатынан зардап шеккен жауынгерлерге, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетеді.

Исламбек САЛЖАНОВ —  халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті. Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы.

«Aлтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының басты мақсаты — отандық мәдениеттің, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосу, қоғамда мемлекеттік тілді, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ, дарынды балаларды қолдау, ардагерлер мен мүгедектерге, жетім балаларға қол үшін беру.

Исламбек Салжанов — көптеген қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы. «Туған жер» акциясы аясында ол Қобда ауданында 150 орындық заманауи балабақша, сондай-ақ Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларында «Аналар үйін» салды.

Қайрат МӘЙТЕКОВ — кәсіпкер, меценат, «МАКСИМУС» ЖШС директоры.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында ол  әлеуметтік ғимараттарға жөндеулер жүргізіп,  олардың материалдық-техникалық базасын нығайтты. Оның компаниясы Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» ғимаратының құрылысын жүргізу үшін инвестор болды. Ол сыныптасы Әлімбек Сейдуллаевпен бірлесіп, өздері білім алған Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектепте әлемдегі ең тиімді бағдарламалардың бірі — «Britannica» технологиясы бойынша 33 тілді оқытатын тіл зертханасын ашып берді. Өткен жылы ол өзі оқыған мектебіне 150 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізді.

 Марат ӘБИЕВ —  жас кәсіпкер.

Ақтөбе кооперативтік колледжін бітірген. 2007 жылы жеке кәсіпкерлігін ашып, еңбек еткен. Сондай-ақ ол «W» веб-студиясы мен «IT-outsoursing» компаниясын құрған. «W» компаниясы — Ақтөбе облысының нарығындағы сайттар ашу қызметтерін ұсыну саласындағы тұңғыш компаниялардың бірі. Ол 2009 жылы «Евромобайл Қазақстан» ЖШС құрды, компанияның басты бағыты — автокөлік құралдарының спутниктік мониторингі қызметін ұсыну. Марат 2011 жылы «KSP Steel» ЖШС іргесін қалады.

«KSP Steel» ЖШС – Қазақстан Республикасының аумағындағы жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай-газ саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарға арналған болаттан жасалған жапсарсыз құбырларды өндіруші.

2014 жылы Марат Әбиев ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алулар және жергілікті мазмұн департаменті директорының міндетін атқарушы – директор орынбасары болып тағайындалады.

«Forbes Kazakhstan» журналының бағалауынша, 2014 жылы қараша айында Марат Әбиевтің қаржылық жағдайы 18 млн долларды құраған.

Медицина

Ғалымжан ЕЛЕУОВ — «Дару клиникасы» медициналық оңалту орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург.

Ол еңбек жолын 2002 жылы медициналық жедел көмек көрсету ауруханасында дәрігер-хирург мамандығынан бастады. 2013 жылы Ақтөбе қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде мемлекеттің қолдауымен «Дару клиникасы» медициналық оңалту орталығы ашылды. Қызметінің негізгі бағыты — ересектер мен балаларды емдеу және медициналық оңалту.

Ғалымжан Елеуов 2013 жылы мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған.

Қоғам

Шахан ЖОЛДАСБАЕВ — «Пандус-ОК» әлеуметтік жобасының авторы, спортшы, кәсіпкер.

Ол мүмкіндігі шектеуді жандар арасында Германияда өткен жүзу чемпионатының қола жүлдегері. Биыл облыста оның әлеуметтік жобасы «үздік» деп танылды.

Шахан Жолдасбаев 4 жыл бұрын «Атамекен-StartUp» бизнес идеялар байқауында 2 млн теңге ұтып алып, өз құрылыс фирмасын ашты. Құрылыс саласында табысты жұмыс жасауына оның инженерлік білімі де ықпал етті. Оның «Пандус-Ок» ЖШС өндірістік және материалдық-техникалық базаны дайындаумен айналысады. 2014 жылдың маусым айынан бастап бүгінге дейін компания мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 20-дан астам құрылыс салды.

Юрий ХОН — Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі қоршаған ортаны қорғау бөлімшесінің аға инспекторы.

Юрий Хон әріптесі екеуі күнделікті бақылауда жүрген кезінде көзі көлде тұншығып жатқан адамға түседі. Ол бірден көлікті тоқтатып, күннің суығына қарамастан суға секіріп, батып бара жатқан адамды жағаға алып шығады. Қатты тоңғаннан немесе суда әбден дәрмені таусылғандықтан әлгі адам есін жоғалтады. Юрий әріптесі екеуі жақын маңдағы медициналық бекетке апарып, жас жігітке алғашқы көмек көрсетіледі. Өз қызметін мінсіз орындаған Юрий Хон осылай бір адамның өміріне араша болды.

Мәдениет

Эмир БАЙҒАЗИН — кинорежиссер, сценарист, продюсер, актер.   

Ол елімізді шетелге танытып, нағыз авторлық киноны дамытуға үлес қосып жүрген азамат. Ол 2013 жылдың ақпанында «Үндестік сабақтары» дебюттық толықметражды картинасымен Халықаралық Берлин кинофестивалінің байқауына қатысып, «Үндестік сабақтары» фильмі 63-ші Берлин кинофестивалінде үздік операторлық жұмыс үшін «Күміс аю» жүлдесіне ие болды. «Үндестік сабақтары» фильмі — қазақ киносы тарихындағы үлкен жетістікке жеткен алғашқы туынды. Фильмнің түсіру жұмыстары 2012 жылдың шілде айында аяқталды. Бірнеше күннен кейін фильмнің алғашқы кадрлары Сараево қаласында өткен халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, бас жүлдені жеңіп алды. Аталған кинотуынды 50-ге жуық кинофестивальге қатысып, оның тең жартысынан жүлделі орынмен оралды.

Гүлназ БАЛПЕЙІСОВА — актриса.

2016 жылы Б.Щукин атындағы театр училищесін бітірген. Режиссер Римас Туминастың көмекші-тағылымгері ретінде «Евгений Онегин» (А.С.Пушкиннің романы бойынша), Г.Кановичтің «Улыбнись нам, Господи», Т. Бернхардтың «Минетти» атты спектальдеріне қатысады. 2015 жылдан бері актриса және режиссер Юрий Бутусовтың көмекшісі ретінде

М.Булгаковтың «Бег» спектаклінде ойнайды.

2016 жылы жас актриса еуропалық режиссер Сильвиу Пуркаретенің көмекшісі ретінде Ж.Мольеердің «Мнимый больной» атты қойылымына қатысады.

Оның алғашқы жұмысы — Иван Буниннің әңгімесі бойынша жазылған «Парижде» атты спектаклі. Ал 2016 жылы А.Стриндбергтің пьесасы негізінде ол «Фрекен Жюли» атты екінші спектаклін жұрт назарына ұсынды.

Ал биылғы жылы актриса Алматыда Лермонтов атындағы орыс драма театрында

А.Грибоедовтің «Горе от ума» атты спектакліне қатысты.

Спорт

Сергей ВЕДЮШКИН — пауэрлифтингтен жоғары санатты жаттықтырушы.

Ол 2003 жылдан бастап халықаралық деңгейдегі  спорт шебері. Ақтөбе облысының құрама командасының аға жаттықтырушысы. Оның тәрбиелеген спортшылары Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып жүр. Атап айтсақ,  бүгінге дейін ол 25 спорт шеберін, 15 Азия чемпионын, 7 әлем чемпионатының жүлдегерін, 7 Азия чемпионатының жүлдегерін, 6 халықаралық деңгейдегі спорт шеберін тәрбиелеп шығарды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button