Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Қыдыр ҚИБАШЕВ: Көпке сүйенген көштен қалмайды

Қыдыр Қибашев сонау ашаршылық заманында, 1930 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Балаң кезінен еңбекке араласып, алға ұмтылып жүріп білім алған. Бозбала шағы соғыс өрті шарпыған жылдармен тұспа-тұс келеді.  

Қазіргі Қарғалы ауданы аумағында бірнеше шаруашылық басқарып, аудандық мекемелерге жетекшілік еткен. «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Көпті көрген қариямен әңгімеміз артта қалған жылдарды ой елегінен өткізуге арналды.

— Сіз негізінен өзге ұлт өкілдері тізгін ұстаған ауданда қызмет атқардыңыз. Бірнеше шаруашылықты басқардыңыз. Кедергіге кездеспедіңіз бе?

— 1957 жылы Орал қаласындағы үш жылдық ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнын тәмамдап, агроном, зоотехник мамандықтарын қатар алып шықтым. Содан кейін Еңбекші деген ауылда комплекс бригадасын басқардым, Калинин атындағы ұжымшардың бас зоотехнигі болып бірнеше жыл еңбек еттім.

Содан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы орыс азамат шақырып алып, «Сіз бір жерде біршама қызмет атқарып, тәжірибе жинақтадыңыз, енді үш қызмет ұсынамыз, өзіңіз таңдаңыз: біріншісі — «Авангард» ұжымшарының бас агрономы, екіншісі — «Доброволец» ұжымшары басқармасының төрағалығы, үшіншісі — «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарының жаңадан құрылған №2 бөлімшесінің меңгерушілігі. Он-жиырма минут ішінде қабырғаңызбен кеңесіп, шешіміңізді айтыңыз», — деді.

Жасым отыздың үстіне енді шықты. Бұрын дербес шаруашылық басқарып көрмегенмін. Шынымды айтсам, тығырыққа тірелгендей болдым.

Қысылғанда ойыма аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сапар Сағынтаев ініміздің бары орала кетті. Бұл азамат аудан шаруашылықтарының барлығын жақсы біледі, беделді де жігіт.

Ол «Доброволец» ұжымшарын басқару оңайға соқпайтынын, ауданнан тысқары, ауырлау ел екенін айтты. «Авангард» ұжымшары аудан орталығында, бақылаушы мен сұраушылар аз болмас, жұмыс істеуге де қиындық тудырады дегенді білдірді. «Меніңше, бөлімшені басқаруға барғаныңыз дұрыс болар», — деді ол. «Бұл — менің туып-өскен жерім, қырық шақты партия мүшесі бар, тұрғындардың 70 пайызы басқа ұлт өкілдері, олардың барлығы сол ұжымшарды өз қолдарымен құрған азаматтар, шаруаға жаны ашиды, сізге қолдау жасайды деп білемін», — дегенді және қосты.

Ақыры осы ұсынысқа тоқтадым.

Кеңшар директоры Иван Классен жақсы қарсы алды, мамандармен таныстырып, шаруа жайын айтты. Адам өмірінде ойламаған жайлар алдыңнан кездесе береді ғой, маған дейін бөлімшені басқарған Дүйсен Нұрәділов Оралда өзіммен бірге оқыған, бір үйде жатқан жолдасым екен. Шаруашылығы нашарлап, әртүрлі жағдайларға байланысты орнынан босатыпты. Өзім қатты құрметтейтін, менен де білікті, ұйымдастырушылық қабілеті бар азаматтың орнын алуға келгеніме қатты қысылдым. Обалы не, түсінігі мол жігіт еді, «Сенің келгеніңе қуаныштымын, өз еліме басқа, танымайтын біреу келіп, мұнан да жаман жағдайға келтірсе, не істер едім? Қысылма, сені мен жақсы білемін, қолыңнан іс келеді, қажет жерінде мүмкіндігімше қолдармын», —  деді. Содан кейін жеңілдеп қалдым.

Іске қызу кірістім. Көктемгі уақыт, қыс шығып болар емес. Мал азығы таусылып барады. Сол кезде қарттарға арқа сүйедім. Қапар атты атай екі-үш жыл бұрынғы салынып, содан ескерусіз қалған мол сүрлемді тауып берді. Әупірімдеп жазға іліккен соң, қалған шаруаны түзеу қиынға соқпады…

Екінші бір жағдай мынадай. Алматыдағы басшы кадрлар даярлайтын алты айлық курста оқып, оны бітіргеннен кейін Орталық Комитетте Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болдық. Ауыл шаруашылығы министрі менің қолыма «Степной» мал бордақылау кеңшарының директоры болып тағайындалғаным туралы бұйрықты ұстатты. Бұл шаруашылық Ресеймен шекаралас аймақта, Орск қаласынан 70 шақырым жерде, өзені жоқ, көлі жоқ аумақта орналасқан.

Кеңшар, ұжымшарлардың жас, ірі малдарын, қойларын қабылдап, семіртуге қойып, салмағы мен қоңын семіздікке жеткізіп, ет комбинатына тапсырып, үстінен түскен пайданы шаруашылықты дамытуға жұмсадық.

Мен басшы болып келгенде байқағаным — кеңшарда тәртіпбұзушылық, ұрлық жасау өрістеп тұр екен, арамтамақтар да жеткілікті болып шықты. Қалаға, аудан орталығына баратын жолдар көтерілмеген. Жиырма мың гектарға егіс салынады екен, бірақ астық тазартатын механикаландырылған қырманы жоқ. Астық ауыл ортасына төгіліп, қаз-үйрек, өткен-кеткен мал жеп, адамдар қажетінше үйлеріне алып кете береді екен. Бұл жағдай мені қатты ойландырды. Намысқа тырысып жұмыс істеуім керек болды.

Шаруашылықты басқарған бес жыл ішінде ауылға электр желісін жеткіздім. Мамыт бөлімшесінен сегіз жылдық мектеп аштырдық. Аудан орталығына баратын жол дұрысталды, қатынас жеңілдеді. Ауыл сыртынан астық тазартатын механикаландырылған екі қырман іске қосылды. Мәдениет үйі, он жылдық мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Тұрғындардың бір проблемасы — ауызсу мәселесі оңтайлы шешілді.

Осылайша бұл ауылдан да өзіме жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып, абыроймен аттандым.

— Өмір жолыңызда көптеген адамдармен араластыңыз, көпті көрдіңіз. Талай қиындықтарға да кезігіпсіз. Кімдер жадыңызда қалды? Кімдерді үлгі тұттыңыз?

— Қазіргі Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылдағы шаруашылықта соғыс кезінде орталықтан он сегіз шақырым қашықтықта «Женотдел» деген бөлімше болған. Оның себебі — ер-азаматтарының бәрі майданға, ел қорғауға кеткен, яғни елде еркек қалмаған. Сондағы мал фермасын Зейнеп Сағынбаева деген апамыз басқарған екен. Сегіз жыл қатарынан Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланған.

Сол апамыздың жолдасы, екі баласы соғыста ерлікпен қаза тапқан. Солардан келген «қара қағазды» қолына ұстап, қол астындағы адамдарды жинап, «Соғыс ойын емес, олар Отанын, оның ішінде біздерді де қорғап, қаза тапты, жыламаңыздар, соғысқа ет, сүт беруді көбейтейік, немістерді ет-сүтпен атайық»,— деп өзі көзіне жас алмай, елді жұбатып, содан кейін оңаша су бойына кетіп, ешкімге білдіртпей еңіреп-жылап қайтады екен. Ол кісінің Қызыл Ту ордені, медальдары болды. Мен сол ауылға еңбек етуге барғанымда апамен кездесіп, ақыл-кеңесін алып тұрдым. Айтқан ақылы менің әрі қарай жұмыс істеп кетуіме көп септігін тигізді.

Тың жерді көтеруге келіп, біздің елде қалып қойған бұрынғы тракторшы, менің уақытымда бригадир болып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Федор Емельянович Майоровтың еңбегі көпке үлгі болды.

Мен жұмыс істеген жылдары қиыншылықтар көп болса да, адамдардың пейілі кең еді. Мәселен, бөлімше басқарушысы болып барғанымда бұрын бас есепші болған, зейнет жасындағы Құбаш Батырбаев деген ақсақал: «Шырағым, қызметің жемісті болсын. Орын тапқанша біздің үйде жатарсың. Ел басқару оңай емес, үйде мазаңды алатын бала-шаға жоқ, жағдайыңды жасармыз», — деп тілегін білдірді. Ағай ұқыпты, шебер, таза адам еді. Жұмыс бабымен түнделетіп келгенімде де есік ашып, дайындап қойған тамақты ыңғайлап, мен ұйқыға кеткенімше жанымда отыратын. Үміт апа осының бәрін үнсіз үйлестіретін.

Осындай жақсылықты қалай ұмытарсың, есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім жылып қоя береді.

Бөлімше басқарған жылдарымда жақсы бір азаматқа кезіктім деп айта аламын. Ол — жүк көлігін жүргізуші Әубәкір Арыстанғалиев. Анасы да өте тамаша еді. Менің күні-түні жұмысбасты болып жүретінімді көріп, аяйтын болса керек, баласына «шақыр бастығыңды, шай ішсін» дейтін. Көп баласының кенжесі Қайырғали қара күз айларында, суықта жалаң аяқ, үстіндегі көйлегі ғана бар, қайта-қайта далаға жүгіріп шығып, әкесін күтіп жүргенін талай көргенбіз.

Қиындықтар болды, елмен бірге көрдік, шыдадық, қарсы тұруға тырыстық. Хрущевтің заманында үкіметтің қорындағы астық таусылып, кеңшар тұрғындары бір апта нансыз қалған кезі болды. Содан Мәскеуге, Орталық Комитеттегі партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Пельшеге жеделхат салдық, соның нәтижесінде қаладан 2 тонна ұнды шаққа тауып беріп, әр отбасыға қадақтап бөлгеніміз бар.

— Сіз даңқты генерал, елдің мақтанышы Жансен Кереевпен мектепте бірге оқыған екенсіз…

— Иә, ол бір біздің сағынышпен еске алып отыратын кездеріміз ғой. Мен Мәртөк ауданының Чапаев атындағы колхозында жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін оқуымды Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепте жалғастырдым. Ол уақытта мектеп жанында интернат-пансионат болды. Әр бөлмеде он баладан жатамыз. Жансен Кереев, Жүсіп Ерманов, Қонысбай Бекенов, Фаттахиден Мифтахидинов, Меңдіхан Наурызов, Мамыт Мырзамұратов. Көп уақыт өтті ғой, есіме түсіп жатқаны осылар. Біз өте тату-тәтті тұрдық, оның ішінде Жансен екеуміздің достығымыз ерекше еді. Екеуміз де ерекше құлшыныспен оқыдық. Ылғи бірге жүреміз, қолымызға не түссе де, екіге бөлеміз.

Жансеннің жады ерекше болатын. Ол ешқашан да мұғалімнің айтқанын дәптерге жазып отырмайтын және қолына оқулық алып жүрмейтін. Оның есесіне келесі сабақта алдында айтылғанды жақсылап айтып беретін. Ол кітапханадан кітапты мол қылып алып, таң атқанша оқи беретін. Сол кездің өзінде әскери тақырыпқа ден қоятын, әйгілі қолбасшылардың өмірін қызыға зерттейтін.

Біз мектеп бітірген соң төрт бала болып әскери мамандыққа барамыз деп шештік. Қалалық әскери комиссариатта Ташкент танк училищесіне құжаттарымызды тапсырмақ болып тұрғанымызда, бейтаныс адам келіп бізге «танкист болдың не, тракторшы болдың не, бәрібір, формасы да онша емес» деген секілді «ақыл» айтты. Біз үшеуміз дереу алған бағытымыздан айнып қалдық, ал Жансен бәрібір сөзінде тұрды. Мен төрт жыл Камчаткада әскер борышымды өтеп келсем, Жансен де әскери училищені бітіріпті, иығында лейтенант белгісі жарқырайды. Сол кезде іштей қатты өкінгенім бар.

Жансен кейін Мәскеудегі әскери академияны бітірді. Ол Ақтөбеге бірнеше рет келді. Оны облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцовтың өзі қарсы алып, бүкіл құрметін жасайтын. «Біздің генералдарымыз көп емес қой» деген сөзі есімде. Жансен елге келген әр сапарында бала кездегі достарымен кездесуге уақыт табатын. Әңгімелесетінбіз, бірге болатынбыз. Ол қанша биікке көтерілсе де, өзгермейтін, сол қалпын ұстайтын.

Мен қазір вокзал алдындағы Жансен досымның ескерткіші алдына жиі барып, өткен күндерді жиі еске алып отырамын.

Айтпақшы, кешегі бір тұста біз оқып-білім алған №6 мектептің 80 жылдық мерекесі болды. Соған қатысуға бардым. Мектептің музейіне кіріп, жан-жағыма қарап тұрсам, «1950 жылы бітіргеннен кім бар?» деген дауысты естідім. Жалт қарасам, кезінде сондай әдемі болған, бірге оқыған жігіттердің жүрегін жаулаған Тамара Мырзағалиева екен. Арада қаншама жыл өтті, кездескендегі қуанышымызда шек болған жоқ, өкініштісі, осы кездесуге бір жылғы түлектерден екеуміз ғана келгеніміз.

— Басшылық қызмет атқарған жылдарыңыздан не түйдіңіз? Қандай тәжірибе жинадыңыз? Жалпы адамдармен жұмыс істеудің бір үлгісі бар ма?

— Барлық шаруа көпшілікпен бітеді. Соны ұмытпау керек. Мәселен, мен бөлімше басқаруға барғанымда алдымда «Қалай еткенде шаруашылықты көтеруге болады?» деген сауал тұрды. Ауылда еңбек ететін адам саны жетіспейді. Проблемалар жеткілікті. Ақсақалдарға сүйенуіме тура келді. Жиырма шақты қартты жинап алдым, ақылдастым. Жағдайды жасырмай айттым. Сонда бұрын кеңес үкіметін құруға күш салған, өзі партия мүшесі ардагер Андрей Круподеров: «Сіз басшысыз, бізге жоспарыңызды айтыңыз, біз қолдауға дайынбыз», — деді. Осы қатарда ауылдан қырық шақты адам бір мезгілде жұмысқа шықты. Көп шаруа осылай шешілді. Олар маған сенді, мен оларға сендім.

Басшы адам сергек, сезімтал болғаны дұрыс дер едім. Пацаев кеңшарын кешегі бір тұста менің бірге оқыған жолдасым Иосиф Франк басқарды. Ленин ауданында біраз жыл еңбек еткен соң, қалаға көшпек оймен жүргенімде ол өзіне шақырды. «Қалада не бар, үйренген жеріңе кел, үй салып беремін, жұмысың болады», — деді. Маған жақсылық жасағаны үшін айтып отырғаным жоқ, басшыда осындай азаматтық қимылдар болуы керек деп ойлаймын. Сол Франктің кезінде шаруашылықтың ісі өрге басты, ауыл адамдары да бақуатты тұрды. Мен де оның ізгі ниетіне орай аянбай еңбек еттім, тәжірибемді аянып қалған жерім жоқ.

Адамдармен жұмыс істеу, әрине, оңай емес, оның үстіне басшы болсаң. Өйткені, мүдде ортақ болғанымен ел басшыға қарайды. Сенің әр қимылың, айтқан сөзің көптің назарында. Бұл жолда қателеспеуге тиіссің.

— Тоқсанға қарай тура жолда келе жатырсыз. Мынау тіршіліктен не түйдіңіз? Кейінгі жүріп өткен жолыңызға бұрылып қарасаңыз, не көрер едіңіз? Жас буынға не айтасыз?

— Қазір сексен сегізге қарай аяқ бастым. Шүкір, көңіл күйім сергек, күш-қайратым кемімеген секілді. Қала көшелерінде жаяу жүре беремін. Қатарымның бәрін дерлік жоғалтып алғаным көңіліме кірбің түсіреді. Өмірдің заңы ғой деп өзімді-өзім жұбатамын.

Мен Айтқожа атамыздан тараған қырық шықты отбасының көшбасымын. Үлкенінен бастап көке деп атайды, алдыма шықпайды, шаруаларын айтып, ақылдасады. Олардың татулығын көріп, көңілім жадырайды. Елдің бірлігінің өзі отбасының, жалпы әулеттің, одан әрі ауылдың ынтымақтастығынан өрбиді.

Қандай қиын замандарда да қазақ қонақжайлылық, ауызбіршілік, намысқойлық қасиеттерін жоғалтқан емес. Ендігі ұрпақ та сол жолдан ауытқымаса деймін.

Жас буын жақсы заманға кезікті деп есептеймін. Тәуелсіздік елімізге бұрын-соңды болмаған жақсылықтар әкелді. Тілімізді түзедік, дініміз оралды. Ендігі тізгін — жастарда. Жас буын осы жауапкершілікті ұмытпаса екен деймін.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button