Жаңалықтар

Жерді тиімді пайдаланып отырмыз ба?

Брифинг

Алдыңғы күні «Ақтөбе ақпарат» орталығында Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарманың басшысы Абдухат Мырзалин баспасөз мәслихатын өткізіп, үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішіндегі атқарылған жұмыстардың қорытындысын айтып берді.

Басқарма басшысының бағалауынша әлі де облыста жерді пайдалануда кемшіліктер көп.  Бірсыпыра жұмыстардың жүргізілгеніне қарамастан, тиісті  деңгейге жете қойған жоқ. Осы жылдың тоғыз айында аталған басқармаға 40044 мың гектар алаңдағы жерді тексеру жөнінде құжаттар келіп түскен.Осы бойынша  тексерулер жүргізіліп, соның нәтижесінде 104 мың гектар алаңдағы жердің пайдаланылмай жатқандығы,136 құқықбұзушылық жіберілгендігі анықталып, осы жөнінде шаралар алынған. Осының өзі-ақ облыстағы ауылшаруашылық жерлердің пайдаланылуы тиісті деңгейде емес екендігін көрсетсе керек. Осы жылдың тоғыз айы бойынша басқарма осы пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде ауданаралық экономикалық сотына жерді мемлекетке қайтарып алу жөнінде 59 талап арыз берген. Осы талап арыздың қазіргі күнде 29-ы қаралып, сол бойынша қанағаттандыру жөнінде соттың шешімдері шығып, 94951 гектар жер соттың мәжбүрлеу шарасымен мемлекеттің меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар, басқарманың  бір жыл ішіндегі берген нұсқамасын орындамаған 96 жеке және заңды тұлғаларға ауданаралық әкімшілік сотына қаулы шығарып, айыппұл салу жөнінде ұсыныс берген. Осы бойынша қазіргі күні 88 заңды және жеке тұлғаларға барлығы 14 миллион 250 мың теңге айыппұл салынған.

—Бұл жерде атап өтетін жағдай, кейбір заңды тұлғалар біз жерді пайдалану жөнінде нұсқаулар жібергеннен соң, не сотқа талап арыз бергеннен кейін, өздері басқа шешімге келіп, жерді ерікті түрде қайтару фактілері кездеседі. Мысалы, жақында ғана Қобда ауданы бойынша бір шаруа қожалығы 9 мың гектар жерді ерікті түрде ауданның жер қорына қайтарды. Сондай-ақ Әйтеке би ауданы бойынша да «Өркен» шаруа қожалығы 6 мың гектар жерді қайтарып берді. Ал енді пайдаланылмай жатқан жерлерді сот арқылы қайтару фактілері бойынша атап өтетін болсақ, көптеген жер учаскелері 5 жыл, тіпті 10 жылға дейін пайдаланылусыз жататыны анықталып, сотпен қайтарылды. Атап айтсақ, тек Байғанин ауданында ғана «Еділбай-Байғанин»  шаруа қожалығы 70 мың гектар жерді ұзақ жылдар бойы пайдаланбай келген. Сол жер жақында экономикалық сотқа талап арыз беру нәтижесінде мемлекетке қайтарылып, қазір ол аудандық жер қорының меншігіне өтіп, пайдаланам деп тілек білдірген азаматтарға, шаруа қожалықтарына таратылып берілді. Осындай жағдай Мәртөк ауданында да болды. Осы ауданда «ШандаАгро», «КазАгро», «Қарасор» деген шаруа қожалықтары көп жылдардан бері сол жер телімдерін, егістік жерлерді алып пайдаланбаған. Бұл жерлер де біздің талапарыздың нәтижесінде  соттың шешімімен мемлекетке қайтарылып алынып, қазір аудандық жер қорына қосылды. Біз осындай жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — деп мәлімдеді басқарма басшысы баспасөз мәслихатында.

Ол коммерциялық мақсаттағы жерлерге де тоқталды. Тек Ақтөбе қаласы бойынша ғана 20 гектар 17 коммерциялық жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап арыз беріліп, сот бұл талап арызды қанағаттандырған.  Қазір бұл жерлер қалалық жер қорына пайдалануға берілген. Оның ішінде  жаңадан салынып жатқан Батыс-2 шағын ауданындағы 4 коммерциялық мақсаттағы жер көлемі — 7,2 гектар, Алға ауданы бойынша — 3 комерциялық, Мұғалжар ауданы бойынша — 1, Мәртөк ауданы бойынша — 3, Байғанин ауданы бойынша — 2 коммерциялық жерлер, барлығы 37 гектар алаңдағы жерлер мемлекет меншігіне соттың шешімі арқылы қайтарылған. Бұл жердегі атап өтерлік жағдай, былтырғы жылдың осы мерзімінде  тек қана бір талап арыз сотқа беріліп, соттың шешімімен қанағаттандырылған екен. Сондай-ақ Жер кодексінің бабы бойынша бірде-бір тұлға әкімшілік шараға тартылмаған. Ал биыл 100-ге тарта әкімшілік іс қозғалып, шара алынған.

— Мұндай шара қолданылу себептері, Елбасы биыл Жамбыл, Алматы облыстарына жұмыс сапарымен барған кезде, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу, мәжбүрлеп қайтару, оны пайдаланатын адамдарға беру жөнінде талап қойған болатын, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазір аудан әкімшіліктерінің  өздері де осы шараларға жан-жақты атсалысып, бұрын келісіммен берілген жер учаскелерін, егер жер учаскелері пайдаланылмаған жағдайда, келісімді біржақты бұзу жолымен иелерінен қайтарып алып жатырған көрінеді.

Бұл жерде басқарма басшысы мынадай жағдайларды да ескертеді. Сот арқылы жерді мәжбүрлеп қайтарып алған жағдайда, оның артында заңды тұлғаларға тыйым салатын зардаптары тұрады. ҚР Жер Кодексінің бабына сәйкес, сот арқылы жер мәжбүрлеп қайтарып алынса, ол азаматтың не заңды тұлғаның 3 жылға дейін мемлекеттен жер алуы шектеледі. Былтырғы жылы мұндай бірде-бір адам тіркелмеген. Ал биыл оның саны бірден 14-ке жеткен.

— Облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес қазір барлық аудандарда жер телімдерінің пайдаланылуын қадағалайтын  комиссиялар құрылып, жерлерге қайтадан тексерулер жүргізуде. Осы комиссиялар жердің қалай пайдаланылып жатқанын қарайды. Олар Ақтөбе қаласында, жергілікті жерлерде салынған үйлердің өзінің аумағынан шығып кету фактілерін қазірдің өзінде анықтап отыр. Өз аумағына жер қосып алу, қоғамдық орындарға берілген жерлерді қосып алу, иемденіп кету жағдайлары кездесуде. Қазір бізге қалалық жер қатынастары бөлімінен елуге жақын осындай материалдар келіп түсті. Бұл істер бойынша тиісті шаралар аламыз, — деді басқарма басшысы баспасөз мәслихатында.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button