Рухани жаңғыру

«Арыстан туған Исатай»

Киелі жерлер

 «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыржері мен аса бай руханитарихы бар елміз. ҰлыДаланыңкөзжеткізгісізкең-байтақаумағытарихтатүрлірөлатқарған. Бірақ, осынауруханигеографиялықбелдеудімекенеткенхалықтыңтонныңішкібауындайбайланысыешқашанүзілмеген. Бізтарихымыздаосынаукөркем, рухани, қастерліжерлеріміздіңбіртұтасжелісінбұрын-соңдыжасағанемеспіз».

                                                                                              Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қобда ауданының Қиыл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 9 шақырым қашықтықта орналасқан Исатай батыр кесенесі — республикалық маңызы бар киелі орындар тізіміне енген нысан.

Кесененің өзі 2014 жылы тұрғызылды, яғни көне ескерткішке жатпайды, алайда 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, Махамбет ақын:

«Арыстан еді-ау Исатай —

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен деп?!» — деп аһ ұра жоқтаған Исатай батырдың асыл сүйегі жатқан жер халқымыз үшін — ең қасиетті, ең киелі орындардың бірі екені даусыз.

Исатай Тайманұлы — жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ерлігімен ел есінде қалған Ағатай батырдың төртінші ұрпағы. Ол 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы «Тайманның жалы» деген жерде дүниеге келген.

1814 жылдың қарашасында Исатай Бөкей Ордасы құрамындағы Беріш ауылының старшыны болып бекітілген. Бұл — қазақтар мен казак-орыстар арасында жер үшін талас-тартыс өршіп тұрған кез еді. Оның үстіне хан айналасындағы озбыршыл топтың зорлығы-зомбылығы да өрши түскен. Бөкей Ордасының ханы Жәңгір Жайық бойындағы руларды басқаруға қойған старшын, саудагер, орыс төрелерімен жақын қарым-қатынастағы Қарауылқожа Бабажанұлының озбырлығына ашынған ел әділеттілікті ту еткен Исатай мен Махамбеттің айналасына топтаса бастады. Исатайдың соңынан ерген жұрт оны ерекше қадірледі. Сол тұста ел арасында Ағатай аруағының Исатайға қонғаны жөнінде әңгіме таралыпты.

Исатай Жәңгір ханнан Қарауылқожаның зорлық-зомбылығына тыйым салуды талап етеді. Хан Қарауылқожа жағына шығады. Бұдан хабардар болған халық Қарауылқожаға бағынудан бас тартып, топ-тобымен Исатайға келіп қосылады. Көтеріліс оты осылай тұтанды…

1937 жылдың қыркүйегінде Исатай сарбаздары Қарауылқожа Бабажанұлының ауылын шауып, 50 адамды тұтқынға алады. Қарауылқожаның өзі құтылып кетеді. Ал қазан айында Исатай батыр жауынгерлерімен хан ордасын қоршайды. Алайда ханның «келісімге келу» жөніндегі ұсынысына алданып, орданы шаппай, уақытты өткізіп алады. Махабеттің ақынның Исатай атынан жазған монологында бұл ауыр сәттер:

«…Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады-ай,
«Жанымды қи» деп сұрады-ай.
Ақкөңіл, аңқау жүрекпен
Беремін деп мен тұрдым.
Көкбедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды», — деп баяндалған.

Әрине, қазіргі тарихшылар бұл жерде батырдың аңғалдығынан да басқа себептер бары, Исатайдың мақсаты ханды шабу емес, оны әділеттілік жолына түсіру болғаны жөнінде жорамалдар айтып жүр. Мұның ақ-қарасын анықтауды зерттеушілер үлесіне қалдырамыз… Қайткенде де, көтеріліс басшысының тосылып қалғаны хан пайдасына шешілген. Осы арада оған казак-орыстар тарапынан көмек келіп үлгереді. Исатай шегінуге мәжбүр болады. Ал оның қолға түскен сарбаздарын патша өкіметі қатал жазалаған.

Шешуші шайқас 1838 жылдың 12 шілдесінде өткен. Бұл шайқаста Исатай мен оның 16 жасар ұлы Оспан қаза табады. Ал Махамбет пен Исатайдың 14 жасар ұлы Досмағанбет жау қолына түспей, құтылып кетеді.

Азаттық жолындағы күресте қаза тапқан Исатай мен оның ұлы Оспанның Шейітсайда жерленгені жөніндегі деректер 1960-жылдардың соңынан айтыла бастаған. Алайда күні кешеге дейін бейіт айналасында темір қоршау ғана болды.

Бейіт басына ескерткіш тұрғызу көзделгенімен, ол бастама аяқсыз қалған. Тек 1991 жылы Шейітсайда батырға ескерткіш-белгі қойылды.

Ал 2013 жылдың күзінде Атырау облысы Исатай ауданының жұртшылығы тарапынан Исатай батырға кесене тұрғызу жөнінде бастама көтерілді. Бұл бастаманы көршілес отырған екі облыстың іскер азаматтары қолдады, қарапайым халық та қаржы қосты. Сөйтіп, кесене құрылысы қолға алынды. Оған Маңғыстаудың ағылай тасы пайдаланылған. Құрылысқа белгілі шебер Нұрсұлтан Имашев басшылық етті. Кесененің биіктігі — 11,5 метр, ені — 6 метр. Кіреберіс қабырғаларын ою-өрнекпен безендіріп, төбесіне тасты қашап «Исатай» деп жазылған. Сондай-ақ, кесене ішіне Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанның өмір сүрген жылдары Махамбет ақыннан:

«Арыстан туған Исатай,

Дегеніне жете алмай,

Арманда өтіп кетті деп,

Қиналсаңыз біздерге,

Мың сан рақмет сіздерге» — деген бір шумақ жыр қашалып жазылған.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button