БилікЖаңалықтар

Қаралған мәселе — еңбек қатынастары ахуалы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауы бойынша 2017 жылдың басынан Ақтөбе облысындағы еңбек қатынастары саласындағы ахуал тұтастай алғанда қалыпты деп саналады. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен еңбек қатынастары саласындағы ағымдағы жағдай мәселелері бойынша кеңес барысында бұл туралы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Мирболат Райымқұлов хабарлады.

Жиынға жұмысшылармен қатынаста тәртіп бұзуға жол берген немесе ұжымдық келісімшарт жасауды созып келе жатқан 20 кәсіпорынның басшылары да қатысты.

— Қызметкерлер алдындағы келісімшарт міндеттемелері, ұжымдық және еңбек келісімшарттары бойынша міндеттемелер, меморандумдар орындалуы тиіс. Сіздер қарыздың туындауына жол бермей, еңбекақы төлемін уақытында жасауды қамтамасыз етулеріңіз керек. Бұл біздің республикамыздың заңымен қарастырылған, егер де оны кім орындамаса, жазаланады, — деді жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Бердібек Сапарбаев.

Ағымдағы жылдың басынан бері еңбек инспекция жөніндегі басқармада 1280 арыз-шағым қаралып, олар бойынша 569 тексеру жүргізілді, 1100 шамасында тәртіпбұзушылық анықталды, олардың 72 пайызы еңбек қатынастары мәселесіне қатысты. Негізгі проблема — еңбекақының дұрыс есептелмеуі және уақытында төленбеуі.

Жыл басынан бері барлығы еңбекақы бойынша жалпы сомасы 620 миллион теңгенің қарызы өтелді. 15 қазанға есептегенде 4 тұрып қалған және 7 банкроттық процедура мен оңалтудан өтіп жатқан кәсіпорындар бойынша мерзімі өткен берешектер бар.

Еңбекақы бойынша ағымдағы қарыз қазір 47,5 миллион теңге құрайды. Олар бойынша жағдай бақылауда, еңбек ұжымдарындағы жағдай тұрақты, қарыздар ай сайын төленуде деп атап көрсетті М.Райымқұлов.

Әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру мәселесінде әкімшілік, кәсіподақ ұйымдары мен кәсіпорындардың басшылары арасындағы жасалған меморандумдар, сондай-ақ ұжымдық және жеке еңбек келісімшарттары маңызды роль атқарады.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Түрікпенбай Айжарықов жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы кәсіподақ ұйымының қызметі туралы баяндады.

Ағымдағы жылдың 15 қазанына есептегенде, облыс кәсіпорындарымен 84 мыңнан астам адамды қамтыған 7000-ның үстіндегі меморандумға қол қойылды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санының 80 пайызында ұжымдық келісімшарттар жасалды. Соның нәтижесінде еңбек ұжымдарында ахуалды тұрақтандырудан басқа, жұмысшылардың еңбек құқықтарын нақты қорғау және әлеуметтік қажеттіліктер мәселесі шешілуде.

Облыс әкімі вахталық поселкелерде жұмыстан тыс уақытта демалысты ұйымдастыру, моральдық-психологиялық жағдайды жақсарту мәселелеріне жеке тоқталды. Сондай-ақ, кәсіпорын басшылары және жұмысшылар арасында экологиялық үстеме төлеу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

— Барлығы да ҚР заңдылықтарына сәйкес болуы тиіс. Барлық еңбек қатынастары қолданыстағы еңбек заңдылықтары базасында құрылымдалуы қажет. Аталған мәселелер бойынша күн сайын жұмыс жүргізіп, бақылау жасауды тапсырамын, — деп қорытындылады жиынды облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. тек бір кемшілігі неге еңбек инспекторлары ауданда жоқ неге барлық ресторан, кафе,дүкен,малшылар, құрлыс бригадалары бір рет жүйелі түрде тексксерістен өтпейді, еңбек шарты жасалғанба жоқпа сонда дұрыс болар еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button