Қоғамда БАҚ-тың рөлі қашанда жоғары
ХХІ ғасыр – медиа саланың нағыз дамыған кезеңі және ол бейресми түрде төртінші билік саналады. Ал осы төртінші билік бүгінде халық игілігі үшін қаншалықты қызмет етіп жүр? Осыған байланысты кеше бас басылым «Егемен Қазақстанның» ғимаратында «БАҚ қоғамдағы құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру құралы ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынды Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен және «Егемен Қазақстан» газетінің ақпараттық сүйемелдеуімен Ұлттық интернет ассоциациясы ұйымдастырды. Оған үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері және елімізге белгілі бірқатар блогерлер қатысты.
Жиында сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, сенімді дереккөздерін пайдалану, ақпараттың растығын тексеру тұрғысынан журналистке жүктелетін жауапкершілік сынды көптеген мәселелерді айта келіп, дөңгелек үстел отырысының табысты өтуіне тілектестігін білдірді.
Іс-шарада сөз алған белгілі блогерлердің бірі Аршат Ораз қоғамдағы құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудағы блогерлердің рөлі туралы ой бөлісті. Ол блогердің әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істейтін адам емес, жеке блогы, сайты бар адам екенін қысқаша түсіндіріп өтті.
— Мен екі жайтты көтергім келіп отыр. Біріншісі – қандай да бір мәселе көтерілген кезде көбіне жалған немесе бұрмаланған ақпараттар тарап жатады. Оның соңы арандатушылыққа алып барады. Сондықтан мәліметтің ара-жігін ажыратып алу керек. Ал екіншісі – бопсалаушы топтар. Олардың камераға түсіретін арнайы жігіттері, жоғары деңгейлі техникалары бар. Қоғамда өзекті мәселе көтерген секілді болып, түймедейді түйедей етіп жариялайды. Немесе осы арқылы жергілікті органдардан белгілі бір көлемде ақша талап етеді. Міне, осы кезде блогерлер бірінші болып ақпараттың растығына назар аударуы қажет. Бәрінің анық-қанығына көз жеткізген жағдайда, шындықты жариялауы керек, – деді Аршат Ораз.
Жиында белгілі журналист әрі блогер Амангелді Құрмет құқық бұзушылықтың жойылуына тілшілердің қаншалықты үлес қосып жүргенін сөз етті. Ол бұл мәселеде журналист пен қоғамның рөлін айтқанды жөн көрді. Қазіргі ортада әлі жойыла қоймаған таптаурындардың барын айтты. Мәселен, қандай да бір құқық бұзушылықты полицейге жеткізген адам «стукач» саналады. Бұл тұрғыда ол құқық бұзушылыққа төзбеуді қалыптастыру үшін мемлекеттің және халықтың өз әрекеті барын көлденең тартты.
Өз кезегінде сөз алған блогер Сырым Әбдірахманов еліміздің шет аймақтарында тақырыпқа қатысты көптеген мәселелердің кенжелеп қалғанын айтты. Бұл тұста блогерлер де халықтың мұң-мұқтажын билікке дер кезінде жеткізіп отыруы керек. Оның блогер болғаны үшін мемлекеттен қаржы сұрауы еш қисынсыз, мұндай жағдайда кез келген адам блог ашып алуы мүмкін, деді С.Әбдірахманов. Соңында ол блогердің наны әлеуметтік желі екенін айта келіп, ал әлеуметтік желі болмаған жағдайда өткен ғасырға қайта оралатынымызға назар аударды.
Белгілі журналист Қанат Әуесбай құқық бұзбаушылықты қалыптастыруда ең үлкен рөлді заң атқаратынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, елімізде жекеменшік, нақты бір мүддеге құрылған, арандатушылыққа апаратын ақпарат құралдары көп. Осының салдарынан жұрт арасында тілшілер жайында керағар пікір қалыптасады. – Бүгінде ақпарат құралын тіркеу аса қиындық тудырмайды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне арнайы құжаттарыңды тапсырсаң, тіркеліп алуға болады. Есесіне ертең осындай «жартылай жұмыс істейтін» сайттар жалған ақпаратты таратып жібереді. Өз кезегінде мұны рейтингі жоғары басылымдар сілтеме арқылы жариялап, жұртты дүрліктіріп қояды. Ал істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін сөздің соңы журналистерге келіп тиеді, — деді Қанат Әуесбай.
Алқалы мәжілісте Ұлттық интернет ассоциациясының басшысы Серікқазы Кәкібаланов осы мәселеге қатысты «Нүкте.кз» сайтының ашылғанын мәлімдеді. Іс-шараға жиналған қауым көтерілген мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтті. Рас, елімізде болған кейбір тосын ақпараттар басылымның мүддесіне сай келмегендіктен жарияланбай қалып жатады. Бұл ретте блогерлердің рөлі зор. Олардың халыққа тигізіп жатқан көмегін жасырып қалуға болмайды. Алайда, блогерлер де өзінің танымалдылығын арттыру мақсатында немесе рейтингін көтеру үшін ғана емес, қайта сол мәселенің түбегейлі шешімін табуға септігін тигізуді ойлағаны жөн деді олар.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан» газеті.
21 қыркүйек 2017 жыл.



