«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Форумды жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатырмыз

28-29 қыркүйекте Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ақтөбе — құтты мекен» халықаралық форумы өтеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған бұл шараға қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кең ауқымды шараға кімдер қатысады? Форум аясында қандай шаралар өткізіледі? Бұл жөнінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаевамен сұхбаттасқан едік.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғалы отырған «Ақтөбе — құтты мекен» халықаралық форумы 28-29 қыркүйекте өтеді. Жоспарға сәйкес, 27 қыркүйек күні форумға келген қонақтарды қарсы аламыз. Бүгінгі күні форумға келуге ниет білдіргендердің саны 200-ден асады. Оның ішінде өнер адамдары, белгілі ақын-жазушылар, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, басқа салаларда еңбек етіп жүрген танымал азаматтар, кәсіпкерлер, сондай-ақ тәжірибе алмасу үшін өзге өңірлерден келетін облыс әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат басқармасының басшылары бар. Атап айтсақ, жерлестер форумына біздің Ақтөбеден шыққан Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев сияқты танымал тұлғалар, сондай-ақ ағайынды Жұбановтардың, Ұзақбай Құлымбетовтің, Бақытжан Әбішевтің ұрпақтары келеді.

Форумға қатысатын жерлестердің 80-нен астамы қонақ үйлерге келіп, орналасатын болса, қалғандары туған-туыстарының үйлеріне баратынын жеткізген.

Форумның ресми ашылуы 28 қыркүйек күні сағат 10.00-де Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданындағы Шығармашылық академиясында өтеді. Форумның ашылуынан кейін жаңадан салынған Жекпе-жек сарайы салтанатты түрде ашылады. Бағдарламаға сәйкес аталған шарада спортшыларымыз спорттың 8 түрінен, атап айтсақ, таэквандо, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, каратэ-до, қазақ күресі, еркін күрес, көркем гимнастикадан өнер көрсетеді. Сондай-ақ бұл күні Жекпе-жек сарайында дзюдодан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кубогына арналған халықаралық турнир ұйымдастырылады.

Түстен кейін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең» атты конференция өтеді. Осы конференция аясында Студенттер сарайының фойесінде Ақтөбе туралы мұрағаттан алынған суреттерден көрме ұйымдастырылады. Бұл көрмеде Ақтөбенің бұрынғы және бүгінгі келбеті бейнеленеді.

Бұдан кейін форумға келген қонақтар бес топқа бөлініп, облыс орталығында жаңадан бой көтерген мемлекеттік-жеке меншік серіктестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған әлеуметтік ғимараттарды аралайды. Экскурсия аясында қонақтар өнер орталығын, хоккей модулін, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығын, офтальмологиялық орталықты, жедел жәрдем стансасын, «Сымбат» мектеп-интернатын, «Денсаулық» саябағын, «Жұбановтар әуені» мұражай-үйін, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебін аралап, көреді.

Жоспарға сәйкес, бұл күні ең үлкен шара, яғни «Ақтөбе — құтты мекен» халықаралық форумы кешкі сағат 19.00-де Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтеді. Қазіргі уақытта бұл шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Форумға жалпы саны 5 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде екі мыңнан астам бала сценарий бойынша планшет арқылы көркем фон жасамақ. Қазір бұған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауқымды шараның тиісті деңгейде өтуіне Астана, Алматы, Петропавл қалаларынан келген белгілі режиссерлар өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар форумға облыстағы барлық шығармашылық ұжымдар, оның ішінде балалар студиясының вокалдық топтары, хореографиялық ұжымдар жұмылдырылып жатыр. Сонымен қатар Ақтөбеден шыққан Мирас, Құралай Бекжановтар, Жанар Айжанова, Аллаберген Жақсыбаев, Димаш Құдайберген, Нұрболат Абдуллин, тағы басқа белгілі әншілер қатысады деп жоспарлануда.

Бағдарламаға сәйкес форум аясында орталық стадион алдында ағаш үйлер тігіліп, этноауылдар жасақталады, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады. Оған  облыстағы барлық мекемелер, ұжымдар атсалысады. Қазіргі уақытта сәулетшілер Орталық стадион аумағына ағаш үйлерді орналастыру үшін схемалар дайындап жатыр. Сондай-ақ стадион алаңына LED экрандар орнатылады, соның арқасында тұрғындар шараны тікелей трансляция арқылы көре алады. Ал қала көшелерін безендіру жұмыстары 20 қыркүйектен басталады.

— Екі күнге созылатын форум аясында бұдан өзге қандай іс-шаралар жоспарланып жатыр?

— Форумның екінші күні, яғни 29 қыркүйекте білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, тағы басқа салалар бойынша шебер-кластар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, экскурсиялар ұйымдастырылады.

Мәселен, мәдениет саласын алатын болсақ, бұл күні композитор, музыканы көркемдеуші Болатбек Нұрқасымов көркем фон жасау бойынша біздің актерлерімізге шебер-класс өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі. Болатбек Нұрқасымов қазір бізге дайындық барысында көмектесіп, форумға өз үлесін қосып жүр.

Осы тұста айта кету керек, форумға дайындық аясында біздің актерлеріміз көмекші-комиссар ретінде тәжірибелі режиссерлермен жұмыс жасап, тәжірибе алмасуда.

Жоспарланып отырғандай, 29 қыркүйекте Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада жерлесіміз, белгілі жазушы Қажығали Мұхамбетқалиевтің жас әдебиетшілермен, ақын-жазушы, оқырмандармен кездесу кеші өтеді.

Өнер орталығында жерлестеріміз, белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Марат Габдрахмановтың көрмесі, сондай-ақ Ақтөбеден шыққан, ресейлік және қазақстандық белгілі суретшілердің үздік картиналарының көрмесі ұйымдастырылады.

Сонымен қатар бұл күні белгілі хореограф-балетмейстер Абдурасул Есекеев шебер- кластар өткізіп, «Аққу» ансамблін жаңа бимен алып шықса, Астана, Алматы, Петропавлдан келген белгілі режиссерлар Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың актерлеріне театрландырылған қойылымдар бойынша шебер-кластар ұйымдастырады.

Форум аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған белгілі жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың топтамасынан арнайы көрме өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғалидың «Ақтөбе облысының көрнекті сәулет ескерткіштері» атты жылжымалы фотокөрмесі өтеді.

Жоспарға сәйкес, бұл күні форумға келген қонақтарымыз облыс орталығына жақын аудандарға да бармақ. Олар ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, туған жерлеріне барып, тағзым етеді.

Форум «Алтын сарай» мейрамханасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың салтанатты қабылдауымен аяқталады.

Форум аясында Өнер орталығында бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Орталық қашан пайдалануға беріледі?

— Өнер орталығының құрылысы 20 қыркүйекте толығымен аяқталады. Қазіргі уақытта біз орталықтың екінші қабатына «Қысқы бақ» жылыжайын (оранжерея) жасақтап жатырмыз. Форумға келген қонақтар осы жылыжай мен орталықтың үлкен залын көріп, аралайтын болады. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген соң біз фойелерді безендіріп, көрмелерді жасақтайтын боламыз. Сонымен қатар жуырда «Батыс-2» шағын ауданында салынып жатқан «Жұбановтар әуені» мұражай-үйінің де құрылысы аяқталады. Келген қонақтар экскурсия барысында осы мұражайға қойылған құнды жәдігерлермен танысады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button