Жаңалықтар

Үш доллардан бастау алған кәсіп

Ерлі-зайыпты Қалиевтердің ұлттық қолөнерді насихаттап, көптеген жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысып жүргенін сыртынан естуші едік. Әрі олар тіккен қазақ ұлттық киімдерін өнер адамдары сахнаға киіп шықса, енді бірі олардың қолынан шыққан дүниелерді отбасылық мерекелер мен мерейтойларда кәдесый ретінде тарту етеді.

Біз де сол дүниелердің қай жерде, қалай «дүниеге келіп жатқанын» көріп-білу үшін он саусағынан өнер тамған Өміржан Қалиев пен көп балалы ана әрі өзі ісмер Алтынгүл Сұлтангерееваның шаңырағына бардық.

Үйінің бір бөлмесін жұмыс орны етіпті. Жұмыс бөлменің ортасында тігін машинасы тұр, қызыл, көк мақпалдар мен маталар. Трафаретке салынған оюлар. Киім ілгіште қазақ ұлттық киімдері ілулі. Осындай дайын бұйымдар мен іс құралдарынан-ақ олардың үлкен тапсырыстар алатыны, көрініп-ақ тұр.

«Кішкентай кезімде әжемнің инесін сабақтап беріп, қасында отыратынмын. Әжем сегіз ұл тапқан кісі. Сосын да болар, әжем менің қолғанат болып, өзіне көмектескенімді қызық көретін. Мектепте жақсы оқыдым. Негізі, адамды іске итермелеп алып келетін бір күш болады ғой деймін. Әйтпесе, мен бала кезімде мұғалім, кейін экономист болғым келді, — деп бастады Алтынгүл Ырысбайқызы әңгімесін. — Ол кезде Ойыл ауданының Құрманов атындағы кеңшарында тұрамыз. 1978 жылы мектеп бітіріп, ауылдан Атырау облысына қарай тартып кеттім де, тігіншілік мамандығы бойынша  екі жылдық курсты жақсы оқып, бітіріп алдым. Қайтадан Ойыл ауданына маман боп оралдым. «Саралжын» кеңшарындағы цехқа меңгеруші және пішуші боп жұмысқа тұрдым. Кейін Алматыдағы оқу комбинатында пішуші мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім».

Бұл кезде Өміржан Досмұханбетұлы Саралжындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі әрі клуб меңгерушісі боп жүрген жас жігіт екен. Өзі гитарада ойнап, сахна киімдерінің эскизін сызып беретін болыпты. Ал бойжеткен Алтынгүл концерт жүргізіп, би билеп, эскиз бойынша киімдерді де тігіп береді екен.

Сөйтіп жүріп, екеуі 1983 жылы бас қосып, шаңырақ көтереді.

1990 жылы Жеңістің 45 жылдығына арналған аудандық байқауда Саралжыннан шыққан 45 өнерпаздан құрылған оркестр І орынды жеңіп алады. Осы аралықта 4 мамырда Алтынгүл Ырысбайқызы Жеңісбек есімді ұлын босанады.

Жасынан сурет салуға әуес болған Өміржан Досмұханбетұлы жауынгерлік борышын Венгрия жерінде өтепті. Әскери бөлімде қабырғаға сурет салу жұмыстарына араласқан. 1993 жылы Атырау облысының Құлсары қаласына көшіп барған соң, ол орта мектепте қолөнер үйірмесін жүргізіп, суретші боп жұмыс істейді. Ал Алтынгүл Ырысбайқызы құлағы мүкіс әрі мылқау қыздардың «Өнерпаз» ательесінде бір жыл пішуші болады. «Оларды өз тілінде тігінге бейімдеп оқытады ғой. Көздері көріп, қолдары ұстағанмен, тіл жоқ… көкірегінде бәрі сайрап тұрғанмен, айта алмайды. Ыммен түсінісетінбіз. Іштей олармен бірдей күй кешіп тұрасың… Оларға жақсылап түсіндірген соң нәтижесін көргенде, балаңның алғашқы жетістігін көргендей қуанасың», — дейді сол кезін есіне алып.

ОЮЛЫ ТАҚИЯ ҺӘМ КӨК КӘЖЕКЕЙ

Сол кезде Атырау облысына шетелдіктер лек-легімен келіп жатқан кез. Олар өз елдеріне барарда базарлыққа қазақтың ұлттық бұйымдарын сатып алып кетеді.

— Ал базардағы сатуға шығарылған қазақтың ұлттық киімдері мен бас киімдері технологияға сәйкес емес, пішілу технологиясы да қисынсыз. Маған олар қазақтың ұлттық киімдеріне карикатура жасап жатқандай көрінді. Мәселен, қазақтар матаны көлденеңнен пішіп, киім кимеген. Сөйтіп, намысқа тырысып, ұлттық киімдерді тігуді қолға алуды ойладық, — дейді тігінші.

«Әуелі бір тақия пішіп бер, оюын салып көрейін», — депті отағасы. Пішілген тақияға бір апта ішінде ою салып береді. Сол 1993 жылы Құлсарының үйлері суға кетіп, үй салуға шетелдіктер келіп жатқан тұс. Үй салып жатқан бір венгер жігіт отағасының қолындағы оюлы тақияны киіп көреді. Ол ағылшынша сөйлейді. Бұлар мектепте немісше оқыған. Әйтеуір, бірдеңе етіп түсініседі. Содан жаңағы венгер қатты қызығып, тақияны 3 долларға сатып алады.

Одан соң Өміржан Досмұханбетұлы тақия тігуге кірісіпті. Төбесіне үш ою салып, бес тақия тігеді. Онысы америкалықтардың көзіне түсіп, олар 5 доллардан бесеуін 25 долларға сатып алады.

— Екеуміздің де шешелеріміз Ойыл ауданында тұратын. Бірде түсімде басында ақ жаулығы бар, ақ көйлек, ақ оюлы көк кәжекей киген әйел көрдім. Содан кәжекей тігуді қолға алайық дедім, отағасы да ойымды құп көрді. Бірде Құлсарыдағы үйге Жылой ауданы Қосшағыл селосынан бір әже іздеп келді. Өзі ірі денелі. Әженің қолында сүт, айран, құрт салған сөмкесі бар. Кәжекей тіккізуге арнайы келіпті. Өзім өлшеп-піштім. Ағаң оюларды трафаретке өзі түсіре беретін. Кәжекейге де оюды өзі салып берді. Сөйтіп, әже біздің  ең алғашқы кәжекейімізді киіп кетті. Кейін түсімде көргендей етіп, көк мақпалдан екі бірдей кәжекей тігіп, оған ақ ою салдық. Елге келгенде шешелерімізге кәжекейлерін кигізіп, баталарын алдық, — дейді Алтынгүл Ырысбайқызы.

Тігіншінің басты құралы — іс машинасы емес пе. Қазір оның да сан түрі бар. Ал тігінші бізге жапонның тігін машинасының ине сабақтап беретін функциясы барын айтып, оны іс жүзінде көрсетті. Алайда өзі кеңестік  тігін машиналармен жұмыс істегенді ұнатады екен. «Бір жері бұзылып, жүрмей қалса да, өзің жөндеп алып, әрі қарай жұмыс істей бересің», — дейді.

ОЮЛАР СӨЙЛЕЙДІ

Өміржан Досмұханбетұлының 360-тан астам оюы бар. Оюды көбіне кешқұрым мезгілде, түн ауа салады екен. Ол біреулерден көшіруге тырыспайды. Көбіне тапсырыс берушімен санасады, оның талғамы мен ыңғайына қарай салып береді екен. Оның оюлары салынған ұлттық киімдерін көбіне әншілер мен бишілер киіп жүр. Мерейтойларда арнайы тігілген оюлы шапандары кәдесый ретінде де жүреді.

«Әлия гүлі» би ансамблінің жетекшісі іздеп келіп, костюмдерді жаңарту туралы ұсынысын айтады. Әсіресе, би костюмдерін тіккенде, ол бидің қимыл-қозғалысын да ескереді. Алғашқы костюмдері аталған ансамбльдің «Кербез» биіне арнап тігілді. Бұндағы оюлар бидің атына сай, кербез, бір керіліп жатқандай етіп салыныпты. Одан әрі Шара Жиенқұловаға арнаған «Сымбат» биіне костюм тігеді. Ал қалалық Оқушылар сарайының тапсырысы бойынша «Домбыра» биіне арнап тігілген костюмдердің оюларының арасына домбыра суреті араласқан.

Әр бұйымдағы шебердің қолынан шыққан оюлар қошқар мүйізді, өсімдік тектес боп қиюы келіп, орналасқан. Оюларға «Қолтықтасып жүрсін!» немесе «Төрт құбыласы тең болсын!» деген секілді түсінік бере отырып, қазіргі жас жұбайларға арнап жасаған шымылдықты көрсетті. «Қазақтың киіз үйі — тұнып тұрған ою емес пе, есігінен кіргеннен бірден көңілің көтеріледі. Зерттеушілер жазып жүр ғой, оюлардың денсаулыққа әсері бар, яғни емдік қасиеті бар деп. Ою — бөлек бір әлем, онда қазақтың тіршілігі, өмірі бар», — дейді шебер.

Былтыр Президенттің мәдениет орталығында өткен республикалық көрмеде құрамында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері және басқа да өнертанушылар бар комиссия Өміржан Қалиевтің оюларына зер сала қарап, «Сақ дәуірінің ою өрнектеріне ұқсайды» деп баға берген.

ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

Әуелгіде шеберлер жұбының жеке кәсіпкерлігі ұлдары Нұржанның атында болыпты. 2001 жылы Алтынгүл Сұлтангереева Тәуелсіздіктің 10 жылдығына белсенді атсалысқаны үшін Елбасымыз Н.Назарбаевтың Алғыс хатына ие болды.

2005 жылы кәсіпкер Президенттің қатысуымен өткен республикалық Қазақстан кәсіпкерлерінің Конгресінде «Шағын кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктері үшін»  республикалық байқауының лауреаты атанып, көркемөнер саласында үздік ұйымдастыру қабілеті үшін облыс әкімі Е.Сағындықовтың қолынан Алғыс хат алады. Кейін тігінші «Қанатты әйел» идеялар мен тауарлардың І Ұлттық әйелдер жәрмеңкесіне белсене қатысып, сертификат иеленеді.

Өнерлі отбасы кейін жеке кәсіпкерлікті «Қалиев У.Д» етіп қайта ашады.

— Сол жылы Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен ұлттық қолөнер көрмесіне Ақтөбеден біздің бұйымдарымыз жіберілді. Бұл көрме «Caspionet» арнасынан көрсетілгенде, өз бұйымдарымызды көріп, таныдық. Тағы бірде Ресейдің Екатеринбор қаласында өткен көрмеге Қазақстанның батыс өңірінен біздер қатысып қайттық, — дейді Өміржан шебер.

Қазір Қалиевтер отбасы бөтен облыстардағы тендерге де қатысып жүр. Оралдың дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына, Қостанайдың Торғай селолық Мәдениет үйіне ұлттық киімдер тігуге дайындалып жатыр. Өзіміздің «Алақай» қуыршақ театры да жалға беретін ұлттық киімдерге тапсырыс беріпті.

Олар енді оюлы көрпе-жастықтар тіге бастады, қыздың жасауларына кірісті.

ҰЯДА НЕ КӨРСЕ…

Қалиевтер — өнерлі отбасы. Балалары кішкентай кездерінен әке-шешесінің қайшысын ұстап, инесін сабақтап беріп, іске бейім боп өскен. Бірі әкесіне көмекші, бірі анасының қолғанаты. Тұңғыштары — егіз. Егіздің сыңары Нұржан — экономист,  Гүлжан — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде аспирантурада оқып жүр. Жеңісбек — Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының бейнелеу өнері мамандығында, ал Гүлсана Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алып жүр. Атасының атын иемденген Сұлтанбек №47 мектептің 8-сыныбында, ал Бибатпа осы мектептің 4-сыныбында оқиды.

Бір кездері Атыраудың жоғары оқу орнына тарих мамандығына оқуға түскен отағасы Өміржан денсаулығына байланысты оқуын тастап кетіпті. Тек жүргізушілік куәлігі бар. Әйтсе де шаңырақтың тірегі бойындағы қабілеттерін сәтті пайдаланып, кәсібінен алты баланың нәсібін тауып отыр. Ал құдай қосқан серігі Алтынгүл — жанының жолдасы, отбасының ұйытқысы.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button