АуылЖаңалықтар

Орақ науқаны қарқын ала түсті

Егін орағы-2017

Облыстың өңірлерінде орақ науқаны қарқын ала түсті. Диқаншы қауым күніне облыс бойынша 5-7 мың гектар алқаптың дәнді дақылын жинайды. Мұны әлі де жоғары көрсеткіш деуге болмайды. Оның себебі, ірі астықты шаруашылықтар бел шешіп жаңа астықты жинауға кірісіп кете қойған жоқ. Көктемде кешеуілдеп егілген астық көп жерде толық пісіп үлгермеген.

Жалпы, биылғы жылы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар аймақта 389,1 мың гектар алқаптың астығын жинайды. Бүгінгі күнге осыдан облыс бойынша 41,2 мың гектар ғана алқаптың астығы орып, бастырылды. Науқанның ауыр жүгі әлі алда екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Алайда мамандар жаппай астық жинау науқанының өңірлерде 20 тамыздан кейін басталатынын айтады.

Егін орағының бастапқы күндерінде облыс бойынша дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 10,2 центнерден өнім алынуда. Мамандар мұны соңғы көрсеткіш емес, бірер күнде ірі шаруашылықтардың егін орағына қосылуымен жаңа астықтың түсімі ұлғаяды деп сендіреді.

Облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев жаңа астықтың түсімінің биылғы жылы он центнерден кем болмайтынын мәлімдеді.

Егін орағына дер кезінде ұйымшылдықпен кірісіп кеткен Мәртөк, Қарғалы, Әйтеке би аудандарының диқандары қазірдің өзінде дәнді дақыл егісінің әр гектарынан орта есеппен 11,5-10,7 центнерден өнім алуда.

Орақ науқаны алдында шаруашылықтар жанар-жағармаймен, басқа да науқанға қажетті бұйымдармен толық қамтамасыз етілген. Техникалардың бос тұрып қалуын болдырмау үшін операторлар тәулік бойы жұмыс істеуде. Оларда демалыс, мереке деген жоқ.

Жаңа астықты қабылдап алуда да кідіріс болмайды. Лицензиялары бар алты қабылдау орындары-элеваторлар жаңа астықты қабылдауға кірісті.

Астық жинау қарқыны алда әр күн сайын үдей түспек. Оның өнімділігін қазіргіден екі есе арттыру, сөйтіп, егін орағын қысқа мерзімде аяқтау міндеті қойылып отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button