Жаңалықтар

«Жайдарлы жаз — 2017»

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта  Ақтөбе қаласындағы барлық білім ордаларындағы оқушылардың қатысуымен алғаш рет «Жайдарлы жаз — 2017» шығармашылық фестивалі өтті. Шараға мектептен тыс он төрт мекеме және төрт аула клубы, қала сыртындағы «Ақбөбек», «Достық», №21 мектептің тілдік лагерлерінен барлығы 1000-нан астам бала қатысты.

Шығармашылық фестивальде жаз кезеңінде жұмыс істеген мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер мен аула клубтарының жұмысы қорытындыланады. Балалар жазғы демалыста үйренген бар өнерлері мен білімдерін жұртшылық назарына ұсынды. Саябақта қолөнер шеберлерінің көрмесі,  шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Ақтөбе қалалық жас туристер, жас натуралистер стансалары, балалар және жасөспірімдер шығармашылық үйі жаз бойы балалардың өз қолымен дайындаған жұмыстарын көрмеге қойды. Сондай-ақ фестиваль қонақтарына заманауи робототехника өнімдерінің көрмесі ұсынылды.

— Ақтөбе қаласының білім бөлімі биыл 60 мыңнан астам баланы қала мектептерінің, қала сыртындағы және мектеп жанындағы шатырлы лагерьлермен, қызығушылықтарына байланысты түрлі үйірмелермен жаз бойы қамтамасыз етті. Биыл жаңадан ашылған «Шапағат» лагерінде 200 бала демалды.  Халықаралық ЭКСПО көрмесіне де қатысып келді, — деді қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанова.

Сахна төрінде өнерлі бүлдіршіндер «Менің атым Қожа» фильмінен қойылым көрсетіп, флешмоб биледі. Сондай-ақ №1 балалар музыка мектебі, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Үш тілде білім беретін №21 мектеп-гимназиясының жазғы тілдік мектеп демалушылары үш тілде патриоттық әндер шырқады.

— Шахмат жарысына «Ақжелкен» және «Батыс-2» аула клубтарынан 5-13 жас аралығында барлығы 13 бала қатысты. Жыл сайын балалардың шахматқа деген қызығушылығы артып келеді. Шахмат ойыны адамның ақыл-ойын дамытады ,есептеуге үйретеді. Сондай-ақ жылдам ойлауға, шешім қабылдауға және қадам жасауға бейімдейді, — деді «Батыс-2» аула клубының шахматтан жаттықтырушысы Дариға Сүйінбаева.

— «Ақбөбек» лагеріне келгеніме бір апта болды. Күндерім қызықты өтуде. Биыл лагерьге алғаш келуім. Мұнда әсіресе ағылшын тілін тереңірек үйреніп жатырмын. Хореографияға қатысып, жүзумен айналысамын, — деді Асылжан Мәжит.

Шара соңында жарыстардың үздіктері анықталып, қала әкімінің арнайы марапаттарына ие болды. Фестиваль алдағы жылдары да дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button