Әлімбай бізбен бірге

Журналист Әлімбай Ізбайдың қаламгерлік қызметінің елеулі бір бөлігі облыстық «Ақтөбе» газетімен тығыз байланысты. Ол осы ұжымда еңбек еткен жылдарында өзінің қалам қуатын жан-жақты көрсете білді, газеттің сапалы шығуына аянбай қызмет етті. Нағыз шығармашылық бабына келіп, толысқан шағында арамыздан мәңгілік сапарға аттанып кете барды.
Міне, содан бері де он жыл өте шығыпты. Осы уақыт ішінде ұжымда да біраз өзгерістер болды. Онымен бірге еңбек еткен аға буын өкілдерінің орнын жастар басты. Алайда Әлімбайдың газеттегі қолтаңбасы сақталып қалды.
Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін біріктіретін «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұжымы өмірден ерте кеткен әріптесін еске алу шарасын ұйымдастырды. Оған Әлімбайдың зайыбы, Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Молдадосова мен ұлы Нартай қатысты.
«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин қаламдас жолдастың облыс журналистикасындағы алатын орнына тоқталып, оның артына елеулі еңбек қалдырғанын атап өтті. «Әлімбайдың ендігі ғұмыры бір жағынан оның ұрпағымен, екінші жағынан шығармаларымен жалғасады» деген ол, журналистің отбасына ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Кездесу барысында естеліктер айтылды.
— Әлімбайдың қалтасында бар-жоғына қарамайтын мырзалығы бар еді. Бірде алғалық аға журналист Жарқынбай Назарбаев редакцияға келіп, Мұғалжар ауданы жеріндегі Көтібар Бәсенұлы басын көтеруге байланысты қор құрылғанын айтып, соның есепшотын тастап кетті. Көп кідірмей Әлімбайдың қорға бір айлығын аударып жібергенін білдік. Бір қызығы, арада біраз уақыт өткенде қорда тек қана Әлімбайдың салған ақшасы тұр екен. Қаламы да жүйрік еді. Жазғандары жеңіл оқылатын, мақалаларының өзі әдеби дүние сияқты еді, — деді журналист Аманқос Орынғалиұлы.
«Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев Әлімбайдың мінезінің ашық-жарқындығы туралы әңгімелесе, журналист Сатыпалды Сәуірбаев әзілге бейім қасиетін алға тартты, бала кезден бірге өскен жолдасы әрі қаламдасы Нұрмұханбет Дияров оның өмірінің әр кезеңдерінен сыр шертті, «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Буханова Қазақ Мемлекеттік университетіндегі студенттік жылдар суретін қайта жаңғыртты. Сол бір жылдарда газеттің секретариатында қызмет істеген Раукен Сағызбайұлы Әлімбайға ол дайындайтын әзіл-сықақ топтамасының соңына «Күлкі базарының әкімі Әлімбай Ізбай» деп жазғаның дұрыс» деп идея тастағаны ойға алынды.
«Күлеміз бе, қайтеміз?», «Қырық үш күндік кемдік» атты кітаптары бүгінде оқырмандарының қадірлі дүниесіне айналған қаламгер ғұмыры осылайша жалғаса береді.
Өз тілшіміз.




