Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті

Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Құрылтайға 800 адам қатысты, олардың 350-і — шетелдерден келген қазақтар. Құрылтайға шетелдік қандастарымыз алты құрлықтың әр түкпірінен, 39 мемлекеттен жиналды. Барлық делегаттар мен қонақтардың 80 пайызы Дүниежүзі қазақтары Құрылтайына тұңғыш рет қатысып отыр.
Құрылтайға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
— Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол — Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол — бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі. Бүгінгі басқосуға, негізінен, жас буынның өкілдері шақырылды. Себебі, жас ұрпақ түп қазығын ұмытпай, бір тамырын тарихи Отанында жаюға тиіс. Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпай, біліп өсуі қажет, — деп атап өтті Елбасы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, латын әліпбиіне көшу мәселесіне, «Туған жер» бағдарламасына, әсіресе, шетелдегі қандастарымызды қолдау мәселелеріне тоқталды. Шетелде жүрген қандастарымызды қолдау мақсатында «Отандастар» қоры құрылатынын айтып, сырттағы қазақ жастарының елімізде жоғары білім алуы үшін бөлінетін квотаны екі есе көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет пен елшіліктерге атажұртқа оралуға ниеттенген қазақтарға құжат жинақтау мәселесі бойынша көмек көрсетуді де тапсырды.
Елбасы бұл маңызды жиынның «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай өткізілуіне тоқталды:
— Біз арнайы осылай байланыстырдық. Себебі, бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударатын ауқымды шара болып отыр. Біз бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп, сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып қайта сайланды. Ал қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков сайланды.
Құрылтайға біздің облыстан да делегация қатысты. Делегацияны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастап барды.
Біз Құрылтайға қатысқан жерлестерімізден көкейге түйген ой-пікір, әсерлерін бөлісуді сұраған едік…
Қазақтың байлығы — қазақ
Базарбай Иман,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалының басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
— 1992 жылдан бері Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайы өтті. Мен бес басқосуға да қатыстым. Құрылтайлар кезінде Елбасы сөз сөйлеп, әрдайым сырттағы ағайынды елге шақырады. Қазіргі күні сырттағы қандастарымыздың саны ресми түрде 5 миллион деп айтылып жүр. Меніңше, одан гөрі әлдеқайда көбірек те сияқты. Дүниенің алты құрлығында қазақтар бар. Солар көбейе берсе, өсіп-өнсе, бір бөлігі, әсіресе, жастар жағы атажұртқа оралып, қатарымызға қосылса екен дейміз. Өйткені, қазақтың байлығы — қазақ. Өз мемлекетімізде өз ұлтымыздың саны 25 миллионға жететін күннің тезірек келуін қалаймыз.
Қазақстан шетелдегі қазақтардың да әрдайым ойында жүреді. Елбасы кез келген мемлекеттің кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж екенін айта келе, «Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген әр талантты қазақты елге жеке шақырамын» — деді. Шетелдердегі қандастарымыз арасында өте талантты әрі білімді мамандар көп. Солардың елге оралуына жағдай жасау керектігін Елбасы баса айтып, басшылық орындардағы азаматтарға тапсырды. Мен осы іске үлкен үмітпен қараймын.
Ұлт бірлігі паш етілді
Жұмабай Атаниязов,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті экономика және менеджмент кафедрасының доценті:
— Құрылтайда өте маңызды мәселелер талқыланды. Елбасы өз сөзінде сырттағы ағайынмен байланысты нығайту, оларға барынша қолдау көрсету, елге көшіп келетін азаматтарға көмектесу мақсатында жасалатын қадамдарға нақты тоқталды. Біріншіден, «Отандастар» қоры құрылатын болды. Бұған қазақ бизнесмендері, қалталы азаматтар өз үлестерін қосуы тиіс. Екіншіден, сырттағы қазақ жастарының еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есе көбейту жөнінде тапсырма берілді. Елімізде білім алған соң, ол жастар өз жерімізде қалып, еңбек етеді, отбасын құрады, демек, өз қатарымызға біржола қосылады деп үміттене аламыз. Үшіншіден, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесі Алматыдан Астанаға көшетін болды. Бұл да — өте құптарлық қадам. Іскер, әсіресе, Ресейде, Өзбекстанда елші болып қызмет етіп жүрген кездерінде, ол жақтардағы қазақ диаспораларын қолдау, зираттары сол елдер аумағында қалған даңқты бабалар рухын өшірмей, олардың есімдерін мәңгілікке қалдыру жолында көптеген істерге ұйытқы болған Зауытбек Тұрысбековтің қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып сайлануынан да үлкен үміт күтеміз. Жалпы, бұл жиын ұлт бірлігі паш етілген жиын болды. Өз басым ерекше әсермен, рухым көтеріліп оралдым.
«Шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға деген сүйіспеншілігі қуантты»
Байзақ Исақұлов,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор:
— Мен Өзбекстанда туып-өсіп, кейін Ресейде білім алдым, сол жақта еңбек еттім. Қазақстанға келгеніме бірталай уақыт болды, мұндағы жұрттың титтей де ренжіткен кезі жоқ. Балаларымыздың алды жоғары білім алып, еңбек етіп жүр. Жағдайымыз жақсы. Өз еліме ризамын.
Әрине, мен сырттағы қазақтардың Қазақстанды бір сәтке де ұмытпайтынын, жүректерінің төрінде ұстайтынын жақсы білемін. Сонда да болса, осы жиында өзіміз кездесіп, сұхбат құрған, мінбеден сөйлеген бауырларымыздың Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілігін жаңа бір қырынан көріп, төбем көкке жеткендей қуандым. Қазақстанның гүлденуіне, абыройы асқақтай беруіне олар айрықша тілектес. Шетелде тұрмыстары жақсы, алдыңғы қатарлы өмір сүріп жатса да, олар үшін басты мақтаныш — Қазақстан екеніне көз жеткіздім. Тағдыр бізді лайым осы бірлігімізден айырмағай!
Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.




Дүние жүзіндегі қазақ ағайындарды облыс, аудан, ауылдарға бөліп берсе көшіріп әкелу мәселесі тез шешіледі.