Қадірі көп кісі
Былтыр ғана сексен бес жылдық белесін атап өткен «Ақтөбе» газетінің ілгері буын өкілдерінің де біразын білетін, сондай-ақ өз қатарларын айтпағанда, кейінгі толқын — іні-қарындастары, былайша айтқанда, балаларымен де тонның ішкі бауындай араласып, әлі күнге дейін өз тәжірибесін бөлісіп отыратын Кәдекеңнің — Кәдірбай Бекмағанбетов ағамыздың сексенге келіп қалғаны сырт көзді сендірмейді-ақ. Біздің ұғымымызша, сексен дегеніңіз үй маңынан ұзатпайтын, отырып алып ой аулайтын жас секілді көрініп кетеді кейде. Ал Кәдекеңде, тіл-аузымыз тасқа, мүлдем олай емес. Бір жағынан олай болмайтын реті де бар сияқты.
Өйткені, ол өмір бойы адамдармен араласып, тіршіліктің сан алуан ахуалы, заман, уақыт тынысы, болашақ туралы әр түрлі тақырыптарға өзінің өрелі ойларын, жүйелі пікірлерін таратып айтып, сонысымен маңына жұртшылықты иіріп, олардың бойына жігер, көңіліне қуат құйып дағдыланған адам. Шамасы, сол керемет қасиетінен өзі де күш ала беретін болса керек.
Ол журналистикаға жастайынан келді. Байғанин ауданының «Социалистік ауыл» газетінде оның балаң қаламы өткен ғасырдың елуінші жылдарында жұртшылыққа өз қарымын байқата бастады. «Социалистік ауыл» кейін «Жаңа өмір» атанды. Газеттің аты өзгеріп, алға басуымен бірге жас журналист те қанаттанып, көтеріле бастайды. Енді аудандық газеттің қызметкері облысқа қарай елеңдейтінді шығарады. Шалғайдағы ауданнан оның жазған хат-хабарларына аға басылымдағы әріптестері жанашырлықпен қарап, жариялай бастауы ұшар қанатқа дем бергендей болып, одан сайын өздеріне тарта түседі.
1956 жылы облыстық «Социалистік жолға» өндірістік тәжірибеден өтуге келген аудандық газет қызметкері осында Нағашыбай Нұрпейісов, Ғұбай Юсупов, Хасен Наурызбаев, Ұлықпан Жұмабаев, Кәрім Ержанов, Смағұл Мұқашев сынды азуын айға білеген қалам иелерімен жүздесіп, олардың өзіндік мектебін көреді. Сол кезде Хасен аға айтқан: «Журналист әкім емес, ол ешкімге дауыс көтеріп сөйлемеуге тиіс. Журналист бетегеден биік, жусаннан аласа болуы керек» деген ақылды кейін де көп жылдар бойы ойынан шығармағанын айтады ол.
Осы өндірістік тәжірибеден өту Кәдекеңнің өміріне үлкен бетбұрыс жасағаны ақиқат еді. Ол арада бір-екі жыл өткенде облыстық газеттің Байғанин, Темір аудандарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалады. Содан 1962 жылы редакцияның өзіне қызметке алынғанша қатар жатқан қос ауданның түкпір-түкпіріне дейін аралап, малды ауылды, егіс алқабын күнделікті жүріс мекеніне айналдырды. Сол кезде Темір ауданынан жазған «Мақтануға әлі ерте», «Басқарушының беделі неде?» деп аталатын сын мақалалары облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, кінәлілерге жаза қолданылады. Сөйтіп, жас журналист «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүріп-ақ, келеңсіз құбылыстарды сын садағымен түйрейді.
Ол газетте өзі қызмет істеген жылдардағы редакторлары туралы ылғи да үлкен құрметпен айтады. Үстінен қараған материалының реңі кіріп қоя беретін, экономикалық мәселелерді терең талдауға бейім Смағұл Мұқашев, адамдығы талайға өнеге боларлық Құбаш Қожамұратов, әр журналистің тыныш-тіршілігіне жіті қарайтын Уара Нұрсейітов, «қайырымды редактор» атанған Нұрқайыр Телеуов, азаматтығы мен адамгершілігі тең Қуаныш Тектіғұлов, міне, осы адамдардың қай-қайсысы да қызмет бабында Кәдекеңмен қоян-қолтықтаса жүріп еңбек еткен, бірі басшы, бірі қызметкер болғанымен, сыйластық арқауын босатпаған жандар.
Бір ерекшелігі, Кәдірбай Бекмағанбетов есімін облыстағы ауыл шаруашылық қызметкерлерінің ат үстінде жүргендерінің бәрі дерлік біледі. Кәдекең облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек еткен жылдарында осы саланың күллі проблемасын алақандағыдай білетін, тіпті кейбір мәселелерді мамандардың өзінен артық ұғынатын жайлар да кездесті. Сондықтан да болар, аудандарда, колхоз-совхоздарда оны өзі адамындай қарсы алып, шаруа жайын бүкпесіз баяндап беретін. Бүгінде облыстық газеттің өткен жылдардағы сандарын ақтарып қарап отырсаңыз, Кәдекеңнің сан алуан тақырыптағы мақалалары алдыңыздан менмұндалап шығар еді.
Былтыр газеттің сексен бес жылдық мерекесі тұсында ардагер аға аудандарда өткізілген кездесулерге қатыстып, өзінің бұрынғы кейіпкерлерімен жүздесті. Сонда көптеген қарт адамдардың алыстан бұрылып келіп, біздің ақсақалымызға ілтипатпен сәлем бергенін көріп, ішіміз жылыды, көңілімізді мақтаныш кернеді. Бұл — оның журналистік еңбегіне қарапайым жұртшылық тарапынан берілген баға іспетті болатын.
Кәдірбай аға еңбек демалысына шыққан соң да белсенді тіршіліктен қол үзген жоқ. Ол «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге өзіндік үлесін қосты, басылымдарға өзін толғандырған жайлар туралы ойларын ұсынып отырды.
Шаңырағын шаттыққа бөлеген, төрт перзентінің аяулы анасы, өмірлік қосағы Үзіл апа өткен жылы өмірден өткені Кәдекең ағамыздың көңілін ойсыратып кеткенін жүрегіміз сезеді. Бір медет тұтатынымыз, бұл отбасы жарастығымен, сыйластығымен көбімізге үлгі болғандай еді, соған байланысты оларға ел құрметі де ерекше көрінетін.
…Өткен күннің естеліктері ұмытылмайды. Кәдекең бір әңгімесінде былай дегені бар: «1942 жылдың қаңтарында әкеме майданға шақыру қағазы келді. Сол күнгі оның көңіл-күйі, ауыр күрсінгені бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Екі күн бойы қақаған аязда сайдың арғы бетінен қолдағы екі сиырға шөп тасып, үйдің жанына үйді. Қасынан қалмай жүрген маған: «Балаларымның естияры өзіңсің, шешеңе көмекші бол, бәрінен бұрын сабағыңды жақсы оқы» деді».
Майдан даласынан оралмай қалған аяулы әкенің сол «жақсы оқы» деген тапсырмасы оның өмірлік ұстанымына айналғандай еді. Ол қай жерде де қатарынан кем болған емес, ылғи да алға ұмтылыспен жүрді. Қазірде де сексендегі құрдастарының алдыңғы сапында.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
***
Үзеңгі дос
Әріптесіміз Жаңғабыл Қабақбаев жазудан гөрі де, ауызша қарасөзге шебер. Той-домалақта, үлкен-кішінің басы қосылған жиында тізгінді қолға алып, сағаттап сөйлегенде бір мүдірмейді. Бауырын жазып қыза-қыза келгенде, көзін жұмып сөйлейді, әңгімені түйдек- түйдегімен лекітеді. Ауызымен құс тістейді. Оны бір көргендер «Асаба осындай болу керек қой!» деп сүйсініп жатады. Отырыстың сәні дейтін осындай адамдар болар. Өзі жұлынған пысық. Бір көрген адамын табан астында үйіріп әкетеді. Дегеніне көндіреді, айдағанына жүргізеді. Бермесін алады. Сөйтіп отырып, өзіне-өзі риза емес.
— «Бір бала бар — әкеге жете туады, бір бала бар — әкеден өте туады» деген бабаларымыз, мен әкемнен кем тудым. Әкем Жұмағали бір жасында әкеден айырылып, ана тәрбиесінде өскен. Сауатсыздықты жоюдың курсында оқып қана білім алған. Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақатпен оралған. Шалқар ауданында төрт ауылдық кеңестің төрағасы болған адам. Мен жоғары біліммен әкемнің сол деңгейіне, құрметіне жетпедім. Ондай алғыр, пысық бола алмадым, — дейді.
Бұған не дейсің. Ұзақ жыл жанында бірге жүрген сыр мінез достары:
— Жәке-ау, бұдан пысық болып туғаныңда біз қалай күн көреміз, — деп әзілдейміз.
— Анам Бибіш кісіге қатты дауыс көтеріп сөйлемейтін, өте тазайын, әдемі адам еді, — деп және бір қояды. Мұнысы бәсеңдік анам жағынан келді деп, риза болғаны ма, әлде өкініші ме, айыра алмайсың.
Қалай дегенде де, осы ақпан айының бел ортасында алпыстың асқарына шығып отырған біздің үзеңгі досымыз былай аңқылдағанмен, ішін бермейтін, қылуасы көп, қызық мінезді адам.Өзіне риза болмайтындай, ешкімнен кем де қалмаған сияқты. Өмірден бір адамға жетерлік сыбағасын да алған. Шалқар ауданының Қорғантұз орта мектебін бітірген бозбала жігіт өз ауданындағы газеттен орын таппай, алпысыншы жылдардың ортасында көрші Мұғалжар ауданының Ембі қаласына жұмыс іздеп келеді. «Еңбек таңы»-«Коммунист» газетіне корректор болып қабылданады. Танымайтын жерде жататын үй тауып, екі жылдай жұмыс істейді. Сол екі жылда корректор, баспаханада баспашы, кейін редакцияда әдеби қызметкер болып, тәжірибе жияды.
1969 жылы өзінің туған ауданындағы «Коммунизм таңы» газетіне оралады. Осында 11 жыл бойы әдеби қызметкерден жауапты хатшылыққа дейінгі қызметтерді атқарады. Осы газетте жүріп, Қазақтың мемлекеттік университтетінде сырттай оқып, журналист мамандығын алады. 1981-1988 жылдары облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар аудандары бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істейді. Мұнан кейінгі бес жылда Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редактор болады. Туған ауданына қайта оралып, аудандық әкімшіліктің аппаратында бірсыпыра қызмет атқарады.
1998 жылдың қысында облыстық газетке қызметке шақырылып, жауапты хатшы, бөлім редакторы, облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарады. Қазіргі күнде облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясында жауапты қызметте.
Ел алдында осындай қызмет істеген әріптесіміздің тағы бір ерекше қасиеті — қонақжай. Алыс-жақыннан келгендерді ауданда тұрса да, қалада тұрса да үйге сүйреп:
— Кәне, Бәдигүл, көрпені көпіртіп жәй, шәйді құлпыртып құй, етті былқытып ас, — деп қашанда қазақы мінез танытады. Зайыбы да отағасының сөзін екі етпейді. Себебі, көргені көп, тәрбиесі мол, аса ибалы, инабатты жан. Өмірі ұстаздықпен өткен. Қазақстан Республикасының білім озаты. Жақсы әке мен өнегелі анадан отбасында тәрбие алып өскен бес бала да сондай, үлгілі. Алды үй болып ұйып, немере сүйгізіп отыр
Ұзақ жылдардан бері қалам тербеп келе жатқан әріптесіміздің алдыңғы жылы «Қолтаңба» атты кітабы баспадан шықты. Оның бір бөлігі жиған-тергеннен тұрады. Шалқар өңірінде арғы-бергі замандарда ғұмыр кешкен азулы, іліп-қақпа сөздің шеберлерінің, жайшылықта өзіміз елемей қала беретін кәдімгі ауыл айтқыштарының әңгімелері. Солардың басын қосқанда әжептәуір құнды еңбек болып шыққан. Олардың арасында өзінің де жақсылармен аралысып, кейде куә болып жүргендері бар. Соның бірі — сексенінші жылдары Шалқарға «Ара» журналынан іссапармен бүгінгі белгілі сықақшы Көпен Әмірбеков келеді. Аупартком қасына әріптес ретінде Жаңғабылды да қосады. Сол тұстағы «Социалистік Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі марқұм Әбдіқани Аймағамбетов те ауданда жүреді. Екеуін де үйге дәм тат деп алып келеді. Астаналық қонақтың тәуір ішімдіктен алғанын жақсы көріп, зорлаңқырайды. Тіпті «Ел өзіміздікі, ештеңеден алаңдама, жеке шаруаң болса айт» деп те жібереді. Бұған қонақ көнбейді. Бір кезде құтылғысы келіп былай дейді:
— Аймағамбетов байқап ішеді,
Жаңғабыл шайқап ішеді,
Әмірбеков Шалқарда ішеді,
Арыз тарқарда ішеді.
Арыз тексеріп жүрген әріптестерінің «мырзалықтарыңды кетерде көрермін» дегенін түсініп, зорлауды қоя қояды. Арада екі-үш күн өткеннен кейін тағы дастарқан жайып, қонақты шығарып салу рәсімін жасайды. Бұл жолғы шығын үй иесіне батыңқырайды, әрине.
Бұл енді әңгіменің ретіне қарай айтылған сөз ғой. Болмаса, кейде ақкөңіл, кейде өзі жиі айтатын «аңқау» біздің әріптесіміз көп шығыннан қаша бермейді. Өмір болғасын түрлі жағдайлар болады: біреулердің басында қуаныш болады, қайғы болады деген сияқты. Жәкең соның біреуіне де ерінбейді. Уақыт тауып, қуаныш болса құттықтап жібереді, қайғылы жағдайға көңіл білдіреді. Соған бір-екі мысал, 1993 жылы 82 жасында менің шешем дүние салды. Ол кезде Жаңғабыл Шалқарда еді. Іле көңіл айтқан жеделхат алдым. Ал соны алыстағы кейбір жақын туыстарым жасаған жоқ. Бірде осыны әңгіме арасында есімі жұртшылыққа белгілі, қажы Өтеміс ағаға айтқан едім.
— Расында да, сол бір ілтипаты мол азамат болар. Ана жылы мен облыстық мәдениет басқармасына бастық болып тағайындалғанда да, Шалқардан құттықтау жеделхат жіберді. Ол кезде таныстығым жоқ еді, — дегені.
Кейінгі жылдары Жаңғабылдың мектепті бірге бітірген сыныптастарына облыстық газеттің бетінде ақша төлеп, осындай ілтипат білдірген кезін жиі аңғарып жүрдім. Қазірде де көріп тұрамын. Тіпті ресми мерекелерде аудандық газет арқылы күллі Шалқар халқын құттықтайтыны бар. «Ау, бұның қалай?» десең, «сол елде туып-өстік, білетін үлкен кіші-бар, құрбы-құрдас, дос-жаран бар дегендей, көріп қуанып қалады ғой» дейді. Айтып отырса, мұнысы да дұрыс сияқты. Бірақ бұл біздің қолымыздан келмейді, Жаңғабылдың ғана қолынан келеді. Әкесінен алсын, анасынан жұқсын, осындай қадір-қасиеті бар әріптесіміз алпыс деген әдемі жасқа толып отыр. Бір кезде өзі жұмыс істеген ұжымы атынан, мерейтойымен құттықтап, игі тілек тілейміз. Мұны өзіңнен гөрі жалқаулау әріптестерінің өзіне көрсеткен ілтипаты, құттықтаған жеделхаты деп, қабылдаса екен.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



