Жаңалықтар

Алаш арыстарын ұлықтау — ұрпаққа парыз

Конференция

Сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға және Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес мүшелері, белгілі тарихшылар, сондай-ақ мәдениет, білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Шарада алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Алаш қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында биыл облыста бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысының «Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейді»  деген сөзі бар. Еліміз тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жинақтай бастаған тұста әр кезде алдымызда «Кешеден бүгінгі күнге қалай келдік?» деген сұрақ тұрды. Осы тұстан бастап төл тарихымызға бұрынғыдан өзгеше көзбен қарап, содан бері қаншама асылдарымызды тірілттік, жоғалтқанымызды түгендеп, барымызды бағалауға мүмкіндік алдық. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ең жарқын кездердің бірі Алаш қозғалысының құрылуымен байланысты. Биыл осы Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ мемлекетін құруды мақсат етіп, революциялық даму жолын таңдаған Алаш қайраткерлері халықтың сана-сезімін оятуда үлкен еңбек сіңірді. Өкінішке қарай, олардың барлығы саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болды. Біздің ендігі борышымыз — елдің бірлігін сақтап, сол бір зұлмат жылдары жазықсыз құрбан болған біздің арыстарымыз — Алаш қайраткерлерінің есімдерін ешқашан ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау, — деді Е.Нұрғалиев.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары биыл облыс бойынша ірі 6 нысанға, 63 көшеге халқымыздың тарихи тұлғаларына, соның ішінде Алаш қайраткерлерінің есімдері берілетінін, сондай-ақ облыс әкімінің саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш орнату туралы тапсырмасына сәйкес қазір комиссия құрылып, эскиздердің конкурсын жариялауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Конференцияда белгілі тарихшылар мен өлкетанушылар XX ғасырда саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған белгілі тұлғалардың өмірі мен Алаш қозғалысының құрылу тарихы, сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің атқарған істері мен қызметі, тағдыры, олардың қазақ елінің дамуына қосқан үлестері туралы баяндама жасады. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмағұлов, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшесі, белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, т.б. бар.

  • Бүгінгі конференция аясында көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов туралы жарыққа шыққан жинақ таныстырылып жатыр. Бұл жинақ соңғы 25 жылда жинақталды. Кітапты қайраткердің қызы Орынша Қарабалинамен бірлесіп, Ұзақбай Құлымбетовтің 125 жылдығына арналған конференцияға орай шығарған едік. Бүгінгі шара аясында жинақты көпшілікке таратып жатырмыз, — дейді Б.Мырзабай.

Еңбек жолы мен қызметін тарих саласына, Алаш мәселесі мен Алаш қайраткерлерінің тұлғасын терең зерттеуге арнап жүрген Бекарыстан Мырзабай конференция барысында Ұзақбай Құлымбетов туралы бірқатар деректер айтып берді.

  • Ұзақбай Құлымбетовтің жасаған жеті мемлекеттік бағдарламасы кезінде кітап болып шығуға тыйым салынған. Оның әр бағдарламасы ғылыми жинақ есебінде жинақталып, екі томдық мұралары, сөйлеген сөздері мемлекеттік тапсырысқа енді. Бүгінде сол кітаптың бір томы 5 мың дана болып шықты. Екінші томы осы жылдың аяғына дейін шығуы керек. Өткен ғасырда «халық жауы» болып алғаш ұсталғандардың бірі — Мәскеуде Тұрар Рысқұлов болса, Қазақстанда Ұзақбай Құлымбетов. Олар «Астыртын ұлтшылдық ұйым құрып, соны басқарып отыр» деген айыппен ұсталып, кейін атылды. Ұзақбай Құлымбетовтің туған жері Ырғызда көзі ашық азаматтардың ықпалымен 1984 жылы қараша айында Қазақстандағы тұңғыш «халық жауларының» музейі ашылды. Әрине, бүркеме болды. Бүркеме атауы ретінде «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының іске асқан жері Ырғызда» делінген. Ырғыздағы сол музейді Мәскеудегілер ұзақ жыл бойы аштырмады, — дейді Бекарыстан Мырзабай.

Конференция барысында зиялы қауым өкілдері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, Алаш арыстарының еңбектерін терең де түбегейлі зерттеу бүгінгі күннің еншісінде екенін, Алаш зиялыларының қай қырын алсақ та бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатынын жеткізді.

Айта кету керек, аталған шара аясында облыстағы музей, кітапхана ұжымдары үлкен көрме ұйымдастырды. Оған Алаш қайраткерлерінің кітаптары, олар туралы жазылған  еңбектер, басылымдар, сондай-ақ әртүрлі материалдар қойылды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button