Жаңалықтар

Ұлттық музыка — ұлттық рух жаршысы

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезеңде басқалармен тереземіз тең болуы үшін, алға қойған мақсаттарымызға жету үшін санамыздың ісімізден озық болуы, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиістігін атап өтті. Елбасы: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» — деп, жаңғырудың ұлттың рухани құндылықтарынан, рухани тамырынан нәр алуы керектігін баса айтқан болатын.

Ұлттық кодымыз бізге қазақтың мәдени әлемі арқылы жетті. Әсіресе, ұлттық музыка — ерекше қымбат қазынамыз, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні. Ақтөбе өңірі — дәулескер күйші Қазанғап, әйгілі Молдабай әнші, Сарышолақ шайыр, Батақтың Сарысы, Ақтан Керейұлы, Нұрпейіс Байғанин сынды ұлы тұлғалардың туған топырағы. Сол ұлы бабалар мұрасы бүгінге кімдер арқылы жетті, зерттелу жайы қалай, ол мұраны рухани жаңғыру өзегіне айналдыру мақсатында алда қандай істер қолға алынуы керек?

Елбасы мақаласын талқылау мақсатында редакцияда өткен кезекті басқосуда, міне, осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді.Басқосуға белгілі күйші, қазанғаптанушы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Жайлау Асылханов; Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы Бөрібай Кәртен; жыршы-термеші, Наурызбек жырау мектебін жалғастырушы Әділбек Сарин шақырылды. Дөңгелек үстел басындағы әңгімені «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

 Қазанғаптың күйі, Қызылдың әні…

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» — деп атап көрсетілген. Ұлттық музыка — ұлттық рухымыздың жаршысы. Осы орайда Ақтөбе өңіріндегі әншілік, жыршылық, күйшілік өнердің өткені мен бүгініне көз жүгіртсек…

Бөрібай Кәртен: Ақтөбе өңірінде небір дүлдүл әншілер, күйшілер өмір сүргені бәрімізге белгілі. Өкініштісі, олардың басым бөлігінің мұрасы, есімі кешегі қанқұйлы саясаттың құрбанына айналды. Кеңес империясының рухани құндылықтарымызды аса қатыгездікпен, зорлық-зомбылықпен жоюында астарлы саясат бар еді. Азаттық пен өрлікке тәрбиелейтін, жалымыз күдірейген алтын заманалар тарихын жайып салатын «Едіге», «Орақ-Мамай, «Қарасай-Қази», «Қырымның қырық батыры» сынды жырларымыздың, күйлеріміз бен әндеріміздің мазмұн-идеясы отарлық саясатқа қайшы-тұғын. Сондықтан ұрпақтың санасын оятып, көзін ашатын шығармаларды насихаттап-таратуға КПСС Орталық комитеті тыйым салып, арнайы қаулылар да шығарғаны тарихтан белгілі. Сондай жағдайда да халық мұрасын сақтап қалу қажеттігін терең түсінген, сол жолда қызмет еткен тұлғалар болды. Солардың бірі Гүлжаһан апа Ғалиева еді. 1965 жылы ол республикалық эстрада-цирк өнері студиясын ұйымдастырды, осында әуелі — Ғарифолла Құрманғалиевтың, сосын Жүсіпбек Елебековтің класы ашылды. Орындаушылық дәстүр, бағзылық ұлттық әуен-саздар, өлең-толғаулар сабақтастық тапты. Бірақ қазақтың ән-жырының тағдыры үнемі қыл үстінде болды: осы эстрада-цирк өнері студиясын да«көп» көріп, жауып тастауға әрекет жасалды…

Ақтөбе — эпикалық дәстүрдің Отаны! Қара Қыпшақ Қобыланды, Едіге, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази — осы өңірдің ауасын жұтып, суын ішкен тұлғалар. Күні кешегі Нұрпейіс, Айса аталарымыздың ноғайлы дәуірі жырларын жырлап өткені содан еді. Ай тақырға шөп өспейді. Өздері де ескі күндермен рухтас эпикалық дастандар шығарды. Бұл ноғайлы заманынан келе жатқан ірі жыршылық мектептің Ақтөбе топырағында да болғандығына нақты куәлік береді. Бұл дәстүрді Сарышолақ пен Жөкей сабақтастырған. Сарышолақ, сонымен қатар, композитор әрі әнші де болған. Бұған дәлел — «Тілеу-Қабақ» әні. «Қарақ-ай» атты шығармасы Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» атты жинағына енген. Сарышолақ —отарлық езгіге қарсылық көрсетіп өткен тұлға. Сондықтан саясат ыңғайына қарай, авторы ретінде көрсетілмеген… Сары Батақұлының бір әні ғана жетті. «Баласы мен Батақтың атым — Сары» деп басталатын ән Ғарифолла Құрманғалиевтың орындауында жетіп отыр. Ахмет Жұбанов оның «Туған жер» деген шығармасына өте жоғары баға беріпті. Ол жөнінде ғұлама ғалымның «Замана бұлбұлдары» еңбегінде жазылған. Ахмет атамыз айтып кеткен осы бәсі биік шығарманы біз іздедік. Теле-радио қорларын сүздік. Ағайындарынан сұрастырдық. Таппадық. Мүлде жоғалған. Отарлық езгінің музыкалық мұраларымызға әкелген кесір-кесапаты осындай.

Ақтөбе аймағында Қазанғаптың күйшілік мектебі сақталған. Бұған да шүкіршілік дейік. Қызылдың әндері де жария бола бастады, жас орындаушылардың репертуарларына енді. Бірақ үлкен талант шығармаларының кейбіріне қазіргі заман әуендерінің бояулары «қосылған». Әрине, кейінгі жеткізушілер тарапынан ғой… Қызыл әндерінің де орындалмай, ұзақ уақыт тасада қалуы кеңестік өмір «шындығымен» үйлеспеуінен еді.

Жайлау Асылханов: Қазанғап күйшілік мектебінің сақталып қалуы жөнінде сөз қозғасақ, бұл жолда ерен еңбек сіңірген тұлғалар көп болды. Қазанғап күйлерін республика жұртшылығына бірінші танытқан Жәлекеш Айпақов еді. Ахмет Жұбанов алғаш халық аспаптары оркестрін құрғанда, сол істің басы-қасындаЖәлекеш Айпақовта болған. Сондай-ақ, Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығарев, Айса Шәріповтердің есімдері елге таныс.Ал бүгінгі күйшілер арасынан Нұрболат Жанамановты жақсы білесіздер.

Сәдуақас Балмағамбетов 25 жыл ғұмырын Қазанғап мұрасын зерттеуге арнады. Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, ғылыми айналымға қосты. Консерваторияда сабақ берді. Ол кісінің әкесі Балмағамбет — Қазанғаптың көзін көрген шәкірті.

Ел ішінде, әсіресе, Шалқар өңірі мен Доңызтау жағында кәдімгі қарапайым еңбек адамдары арасында Қазанғап мектебін жалғастырушы домбырашылар өте көп болған, көпшілігінің есімдері бізге беймәлімбоп қалды… 1994 жылы Ақтөбеде Қазанғаптың туғанына 140 жыл толуына орайластырылып, тұңғыш рет күйшілер байқауы ұйымдастырылған еді. Сол байқауда Шалқардан келген Қожагелді Аманов бас жүлдені жеңіп алды. Оның өнеріне, репертуарындағы күйлердің бұрын белгісіз болып келген нұсқаларына таңғалысқан қазылар алқасы мүшелері: «Бұл күйлерді кімнен үйрендің?» — деп сұрағанда, ол Жұмабай Жансүгіровтің атын атайды. Жұмабай ағамыз — теміржол саласында істеген, одан соң ұзақ жылдар шопан болған қарапайым адам. Бірақ домбыраны ғұмыр бойы серік еткен, өзінің айтуынша, тылсым бір күш арқылы өнерден ешқашан қол үзбеген жан. О баста Қазанғап күйлерін Қадірәлі Ержановтан үйренген екен. Қадірәлі — Қазанғаптыңтікелей шәкірті. Міне, сол 1994 жылғы байқау өтпегенде, Жұмабай Жансүгіров те беймәлім күйі қалар ма еді?.. Кейін Әбдулхамит Райымбергенов Жұмабай ағамызды бірнеше рет іздеп барып, күйлерін жазып алған.

Өзім туған Доңызтау өңіріне көшсем, Қазанғаптың атына мінгесе жүріп күй үйренген Мәңке Дағараұлының да өте шебер күйші болғаны жөніндегі даңқы ел арасында беріге дейін ұмытылмаған. Бұл мектеп Мәңкеден — Қонақбай, Қонақбайдан — Тасыбай, Тасыбайдан Нәжімедин болып жалғасады. Нәжімединді жұрт «Машалақ күйші» деп атайтын. Толық аты-жөні — Нәжімедин Мәмбетәлин. Мен күйді сол кісіден үйрендім.

Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде Доңызтау жағындағы күйшілер мен домбырашылар зерттеушілер назарынан мүлде тыс қалған. Әбдулхамит Райымбергенов қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін ізденіп, деректер жинап жүр. Біз де осы іске үлес қосу мақсатында еңбектеніп келеміз.

Бауыржан Бабажанұлы: Ал Қазанғапқа дейінгі күйшілер жөнінде деректер сақталған ба? Көнеден, Қазанғап бабамыздан басқа, тағы кімдердің мұрасы жетті? Мысалы, Үсен төренің мұрасы, өмір жолы туралы құнды деректер бар ма? Сондай-ақ, күні кешегі Қамбар Медетов туралы деректер де тым аз секілді…

Жайлау Асылханов: «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде Ахмет Жұбанов айтып кеткендей, Қазанғап Доңызтау жағындағы Төреш деген күйшіден бата алған. Әрине, Қазанғапқа бата берген адам тегін күйші болмаса керек… Алайда ол туралы ешқандай дерек қалмаған, ешқандай шығармасы бізге жетпеген. Төреш қана емес, Қазанғаппен қатарлас өмір сүрген, оның шәкірті ретінде аталатын Мәңкенің мұрасынан да тек «Қоңыр» күйін ғана алып қалып отырмыз. 50-60 күйден жалғыз ғана күй жетті…

Бір жағынан, Доңызтау өңірінің алыстығы, жол қатынасының нашарлығы да бар болар? Әйтпесе, бұл өңірде талай күйшіні, күйді, олардың тарихын жақсы білетін көнекөз қариялар кешегі ХХ ғасырдың 60-70-жылдарына дейін де болған еді.

Ал Үсен төреден қалған аз күй нотаға түсірілген, орындалып та жүр. Үсен төренің Ақтөбе қаласы маңында жерленгені жөнінде кезінде Ғалым Ахмедов айтыпты деген сөзді есіттік. 90-ға келген абыз жазушының айтуы бойынша, күйшінің зираты Жаман Қарғалы бойында көрінеді. Дегенмен, зираттың орны анықталған жоқ. Қамбар Медетовке келсек, ол музыка тарихында әйгілі «Ақсақ құлан» күйін жеткізуші ретінде қалды. Қамбар Медетов 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды, бойындағы өнерін, білген-түйгенін түгел беріп кете алмады.

Бөрібай Кәртен: Қанқұйлы саясат салдарынан, дәстүр сабақтастығы үзіліп қалған тұстар көп. Ырғыз жағында Абыл Мақанов деген күйші һәм домбырашы болған. Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне қатысқан. Ол да 1937 жылы атылған. Оның бауыры Ғалымжан Әбсаламов Түркияда тұрады. Соғыста тұтқынға түсіп, аман қалу үшін сонда тұрақтаған. Кейін дүниежүзілік скрипкашылар байқауына Түркияның атынан қатысып, бірінші орын иеленген… Бұл сандаған мысалдың бірі ғана.

Тыңдаушысы жоқ жыр — жетім

Бауыржан Бабажанұлы:  Ақтөбе ежелден жыраулар мекені саналады. Бұл топырақта ноғайлы заманынан келе жатқан ірі жыршылық мектептің болғанына Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы дәлел екені осы әңгімеде де айтылып өтті. Алайда, көрші Қызылорда, Маңғыстау өңірлерімен салыстырғанда, жыршылық өнердің дамуы бізде кенжелеп отыр. Мұның себебі неде? Қазіргі жыршы-термеші жерлестеріміз өздерін, негізінен, Наурызбек жыршының жолын жалғастырушылармыз деп біледі. Ал Нұрпейістің мектебі қайда?

Әділбек Сарин: Өзіңіз айтқан көрші өңірлерде біз талай болып жүрміз. Мысалы, Қызылордада жырды таңды таңға ұрып тыңдайтын тыңдаушы бар. Жыршылық дәстүрді дамыту үшін, ең алдымен, жырды іздейтін, түсінетін, сүйіп тыңдайтын тыңдаушы керек, оның деңгейі жыршыдан да жоғары болуы керек. Наурызбек Нұржаубайұлын атақты Наурызбек жыршы қылған кім? Ол — Бесқала өңірінің жыр десе, ішер асын жерге қоятын тыңдаушысы еді. Біз сондай тыңдаушыға зармыз…

Бөрібай Кәртен: Қарақалпақ қазақтарында жыр айту дәстүрі жақсы сақталған дейміз. Дегенмен ол жақтағы бұл өнердің түп-тамырының бір тармағы Ақтөбе өңірінде жатыр. Тарихи деректерге сүйенсек, Ырғыз, Шалқар, Байғанин топырағынан әлім-шөмен, табын, адай рулары, саяси жағдайларға байланысты,  ескі Хорезм жеріне бірнеше дүркін өткен. Міне, сол жұртқа ауған қазақтар өздерімен бірге әкеткен туған аймағымыздың әуездерін, жырларын сонда насихат қылған, дамытқан. Есімі исі қазаққа кеңінен танымал Наурызбек жыршының руы — әлім, оның ішінде — шекті. Есет Көтібарұлының туысы болып келеді. Оның жыр мақамдарының Нұрпейіс Байғаниннің, Затаевичтің еңбектерінде жарияланған кейбір шығармалардың әуездерімен ұқсастықтары қылаң беріп қалады.

Әділбек Сарин: Кеңестік кезеңде Ақтөбе топырағында жыр да, жыршы да, оның тыңдаушысы да қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл өнерді қайта түлетуге деген талпыныс болды.1992 жылы, Ақтөбе педагогикалық институтын басқарып тұрған кезінде, Мұхтар Арын Бақтыгерей Сандыбаев, Света Мырзабаева, Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірті — Қайдар Өтеғалиев сынды мықты мамандарды шақырып, ұлттық өнерді дамыту мақсатында екі жылдық студия ашты. Осы арқылы Наурызбектің алдына барған, оның батасын алған Бақтыгерей Сандыбаев бізді жыршылық өнерге баулыды. Яғни, Наурызбек жыраудың мақамын жалғастырушылар қатарына келуіме себепкер болған Бақтыгерей аға еді. Бізге Наурызбектің жырларын тыңдатып, оның шығармашылығын барынша насихаттады. Әбубәкір Кердерінің «Қазағым» кітабының жарыққа шығуына мұрындық болды. Ал Мұхтар Арын кейін дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасын ашуды да жоспарласа керек. Өкінішке қарай, ол ойын іске асыруға үлгермеді. Мұхтар Арын қайтыс болғаннан кейін, біз дәріс алған студияда жабылды. Зерттеуші Есентүгел Әзиев, қазір үлкен сахнада жүрген Айгүл Елшібаева, жыршы-термеші Елдос Жұмағұловтар — сол аз ғана жылға созылған қамқорлықтың шұғыласы нәтижесінде жарқ етіп көрінген таланттар. Мұхтар Арыннан кейін өңірімізде жыршылық өнерге қамқорлық жасайтын ондай үлкен тұлға болмады…

Жайлау Асылханов: Кейде осындай үлкен жүректі азаматтардың жанашырлығы көптеген игі істерге бастау болып, қараңғыда жарқ еткен сәуле сынды, қоғамға қозғау салатыны рас.Жоғарыда айтылған Қазанғаптың 140 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде өткізілген тұңғыш күйшілер байқауын ұйымдастыруға да Мұхтар Арынның көп еңбек сіңіргені есімізде…

«Аймақтың музыкалық дәстүрі» атты пән енгізілсе…

 Бауыржан Бабажанұлы: Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы тұсында «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинақ жарыққа шықты. Жинаққа 213 шығарма енді. Қазанғаптың, Ахмет Жұбановтың, Нұрпейіс Байғаниннің мерейтойлары тұсында республикалық, халықаралық байқаулар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып жүр. Дәстүрлі өнерімізді одан әрі дамыту, насихаттау мақсатында жасалып жатқан басқа да істер бар. Әйткенмен, әлі де қандай ұсыныстар айтар едіңіздер?

Жайлау Асылханов: Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта көптеген жақсы бастамалардың қолға алынғаны рас. «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты жинақтың жарық көруін үлкен жаңалық, үлкен табыс ретінде қабылдадық. Дегенмен, осы жинақты жарыққа шығару барысында«әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да байқалды. Мысалы, кешегі кеңестік заманда үнсіз жүріп, көп еңбек атқарған Момын аға Байғаниннің даусы жазылған бір жазба таба алмай, шарқ ұрдық. Момын ағаның орындауындағы шығармалар өз алдына жеке үнтаспа болып шығатын да жөні бар. Әрине, өзі үлкен кісі, қазір жасы сексеннен асты. Дегенмен, бұл шаруаны құнттауымыз керек еді ғой? Әйтеуір облыстық телеарна қорынан 1-2 шығармасын тауып, жоғарыда аталған жинаққа енгіздік.

Осылай ізделмей, ескерусіз қалып жатқан тұлғалар бар. Қазанғап күйлерін жеткізуге үлкен еңбегі сіңген Жәлекеш Айпақов 1953 жылы Алматыдан Ақтөбеге оралған. Кеңес заманында дәстүрлі өнер төңірегіндегілер түрлі қуғын, қудалауға жиі ұшыраған ғой, сондай бір себептермен келді ме — ол жағы белгісіз. Туған жерге келгеннен кейін, ұзақ жылдар облыстық филармонияда қызмет еткен. 1967 жылы қайтыс болыпты. Күні кеше десе болады… Бірақ сол Жәлекеш Айпақовтың бейітін таппай отырмыз. Аға буын өкілдері Ақтөбенің сүт зауыты ауданындағы қорымда жерленгенін есіткендерін ғана айтады. Филармонияның, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен бірігіп, ол жерден де біраз іздедік. Облыстық архивтен де қарадық, табылмады…

Қазанғап мұрасы бүгінге жетті дегенмен, оның дәстүрін одан әрі дамыту, лайықты түрде насихаттау мәселесі — бір басқа. Бұл жағынан біз Маңғыстау күйшілік мектебін насихаттау мақсатында жасалып жатқан істерге қызыға қараймыз. Маңғыстауда Сержан Шәкіраттыарнайы осы іске басшылық жасауға бөліп, жағдай жасалған… Түрлі байқаулар, шаралар кезінде көріп жүрміз: маңғыстаулық күйшілердің шеберлік деңгейі өте жоғары.

Бөрібай Кәртен: Қазанғаптың зерттелуіне, насихатталуына өз үлесімізді біршама қостық. Дәулескер күйшінің құрметіне 2009 жылы — республикалық, 2014 жылы халықаралық конференциялардың өтуіне мұрындық болдық. Сол кездегі біздің мектептің директоры Сәния Сансызбайқызына жоспарымызды ұсынып, идеямызды айтқан едік, көкірегі ояу, парасатты басшы ұсынысты қабыл алды. 2014 жылы Тувадан, Түркиядан, Башқұрстаннан білікті әдіскер-педагогтарды, ғалымдарды шақырды. Маңызды мәселелер талқыланды. Осындай шаралардың үзілмегені дұрыс.

Сонымен қатар, әлі толыққанды зерттелмеген тұлғаларымыздың көп екені орынды айтылып отыр. Солардың бірі — Молдабай әнші. Оның «Молдабай» атты шығармасы ғана жеткен. Алайда тақпақсазды-речитативті ән түрінде жетті: әуенге сараң,жеңіл… Әннің халық арасында кеңінен таралуының себебі, аспап сүйемеліндегі неше түрлі қол қимылы, күлкі шақыру үшін орындаушының дауысын құбылтып шығаруы, мимикасына қатысты… Ал Молдабайдың дауысы зор болған. Орынбордың жәрмеңкесі Молдабай мен жыршы Әкімкерейсіз өтпеген дейді. Әкімкерей — Затаевичке ән, жыр жаздырған айтулы өнер иесі. Оның шәкірті —шөмекей Жәкібай жырау. Бұны сәті түскенде бөлек әңгіме етерміз… Молдабай Бөртеде жерленген. Кейінгілерге ғибрат қылу үшін зиратын елеусіз қалдырмау керек деп ойлаймын.

Әділбек Сарин: Өнер адамдарына оны түсінетін орта керек… Концерттерге 1-2 нөмір енгізу — дәстүрлі өнерге қолдау бола алмайды. Керісінше, кей жағдайда бұл өнерді түсінбегендік, шолақ ойлаудың салдары ма дейсің: айталық, жырдан аз ғана үзінді орындап, қайыра салу жыршыға обал. Ол — эстрада әншісі емес… Нағыз өнер жолындағы жыршылар таңды таңға ұрып жырлайды, қолына домбырасын алғаннан кейін, 3-4 сағаттан соң ғана нағыз бабына келеді, тек бабына келген соң ғана, күрделі, көлемді жырларға кіріседі…

Жайлау Асылханов: Бұл сөз күйшіге де қатысты: сахнаға шыға салып Қазанғаптың «Жұртта қалғанын» ойнап жіберу, бір жағынан, үлкен қателік. Күнделікті дайындықтардың өзінде алдымен «Күй шақырғыштан» бастап, күрделі күйлерге бірте-бірте келесің. Қазанғаптың 20-30 күйін орындап барып, ең мықты туындысына жетесің… Күй сол кезде ғана ашылады, өзінен-өзі «сөйлей» жөнеледі. Бұрын тыңдарман да, өнер иесі де осы заңдылыққа бағынған. Біз одан айырылып қалдық.

Әділбек Сарин:Сонымен қатар, мені шәкірт тәрбиелеу мәселесі толғандырады. Біздегі оқу орындарында оқып жүрген кей жастар «жыр үйренгіміз келеді» деп қолқа салып жатады. Жеңіс Елемесов есімді жігіт үйге келіп, аптасына екі рет сабақ алып тұрды. Басқа да есімдерді атар едім… Осындай талапты жастарды үйден «оқыта» береміз бе?

Бөрібай Кәртен: Дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында, мектеп бағдарламасына «Аймақтың музыкалық дәстүрі» атты пән енгізілгені дұрыс. Әр облыс топырағында ғұмыр кешкен тұлғалардың шығармашылықтары жан-жақты талданып оқытылғаны жөн деп ойлаймын. Осы тұста айта кетер жайт, жыр айтуды, ән салуды тек музыкалық мұра деп қабылдайтын қате көзқарас бар. Ақиқатында, мұнда әуен мен сөз өнері ажырамас бірлікте тоғысқан. Сондықтан дәстүрлі әншілікті оқытқанда тіл мәдениетін насихат қылудағы қызметі, тарихпен байланысы терең ұғындырылуы тиіс. Өкінішке қарай, өнер мектептерінде, музыкалық колледждерде, консерваторияда бұл жағы назардан тыс қалған…

Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» атты белгілі еңбектерінде Ақтөбе өңірі азаматтарының орындауында біршама әндер, толғау-терме саздары фортепиано сүйемелінде нотаға түсірілген. Осыларды дәстүрлі вокалдық-орындау үлгісінде нотаға қайта түсіріп, мазмұнымен үндес келетін қара өлеңнің шумақтарымен, толғау, терме мәтіндерімен жұптап насихаттауды қолға алу қажет-ақ! Бұлар том-том кітап боп басылып шыққанмен, әрі қарай халық арасында жүре беруге тиіс өз дәрежесіндегі уағызын тапқан жоқ. Яғни, әуенсіз бағы жанбай келеді. Ал дайын әуезді біз атап көрсетіп отырған Затаевичтің еңбектерінен алып пайдалануға әбден болады ғой?

Бауыржан Бабажанұлы:«Дәстүрлі өнерді дамыту үшін, ең алдымен, сол өнерді рухани қажеттілік ретінде сезінетін тыңдаушы керек» — деген пікір айттыңыздар. Тыңдарман тарту, тыңдарманды тәрбиелеу мәселесін қалай шешу керек?

Жайлау Асылханов: Тыңдарманды мектеп қабырғасынан, яғни кішкентайынантәрбиелеген дұрыс. Мектеп бағдарламасына «Аймақтың музыкалық дәстүрі» атты пән енгізілсе деген пікірді қуаттаймын. Сонымен бірге, Әбдулхамит Райымбергеновтің «Мұрагер» бағдарламасы қазір тек кейбір мектептерде ғана қолға алынып, тұтастай енгізілмей тұр. Жаппай оқытылса, сөзсіз, үлкен нәтиже берер еді.

Шетелдерге шығып жүргенде байқаймын, өнер біздікі болғанмен, оған деген ықылас өзімізден гөрі, шетелдерде жоғары. Францияда 300-400 шамасындағы тыңдарманның «Көкілді» қыбыр етпей отырып тыңдағанын, кейбірінің көзіне жас алғанын көрдім. Ресей жағында концерттерімізге көбінемузыкалық білімі бар тыңдарман келеді, білімі бар тыңдарманның талғамы жоғары болады, ненің не екенін түсінеді, түйсінеді…

Бөрібай Кәртен: Бұқаралық ақпарат құралдары да — тыңдарман тәрбиешісі. Ал бізде теледидарды қоссаң, беріліп жататын шеті жоқ, шегі жоқ концерттердің бәрі — «эстрада жұлдыздарынікі». Не сөзі, не әуені оңбай қалған әндер… Халық соған «риза»… Ұрпақ соларды құлағына сіңіріп жатыр…

Әділбек Сарин: Жыршылық өнерге қатысты айтар болсам, кезінде Наурызбектің шәкірті Өсербай жыршыны Ақтөбеге алдыртсақ деп едік. Жыр айтып қана қоймайды, бұрынғы жыраулар, жырлар мен олардың шығу тарихына қатысты қаншама дүниені біледі? Кейінгі жастар сол әңгімелерді білген күнде де, Өсербай Сәрсенбаевша жеткізе алмас еді. Өйткені өнердің нағыз қайнаған ортасынан шыққан адамның жөні бөлек қой. Ондай адамдар тыңдарманды тарту үшін өте қажет…Өкінішке қарай, Өсербай ағамызды ортамызға әкелсек деген бастама аяқсыз қалды.

Жайлау Асылханов: Қазір Ақтөбеде тұрып жатқан Мырзағұл Жұмағұлов есімді жыршы бар. Ол кісі де көп дүниеден хабардар. Бүктемелі, яғни «алмалы-салмалы» домбырасының өзі көп тыңдарман үшін — жаңалық. Қазір ондай домбыра сирек жасалады. Әлде де арамызда осындай жандар ескерусіз жүрген секілді.

Елбасы мақаласында Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері — рухани мәдениетіміздің бір парасы екені атап көрсетілген, рухани мұрамыздың бір-бір парасына насихатшы болып жүрген жандарды, мүмкіндігінше, ескерусіз қалдырмай, сахнаға, көпшілік кездесулерге тартқан дұрыс.

Жазып алған Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button