Жаңалықтар

Біріккен Ұлттар Ұйымы өз алаңын ашады

Біріккен Ұлттар Ұйымы 10 маусымда «ЭКСПО-2017» «Болашақ Энергиясы» халықаралық павильонында өз алаңын ашады. БҰҰ алаңының ашылу салтанаты халықаралық павильонның Involvement Zone аумағында өтеді.

ЭКСПО көрмесіне БҰҰ-ның тоғыз агенттігі, атап айтқанда БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНЕП (Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі БҰҰ бағдарламасы), БҰҰ ЭСКАТО (Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы), ЮНЕСКО (Білім, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі), БЖКБ (БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы), ЮНИДО (Өнеркәсіптік даму жөніндегі БҰҰ), ЮНИСЕФ (БҰҰ Балалар қоры), МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) және БҰҰ Әйелдер агенттіктері (БҰҰ-ның Әйелдердің гендерлік теңдігі және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы) қатысады.

БҰҰ-ның таза әрі қолжетімді энергияны бүкіл әлем бойынша ілгерілету саласында 70 жылдан астам тәжірибесі бар. Көрмеде БҰҰ-ның аймақты тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жұмысының нәтижесін көрсететін қондырғыларды көруге болады. 2016 жылдың қараша айында БҰҰ-ның Бас хатшысы «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі БҰҰ Бас комиссары қызметіне Джихан Султаноглуды тағайындады.

  • ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ КҮНІ ӨТЕДІ

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бейжіңдегі штаб-пәтерінде «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіндегі ШЫҰ павильонының ресми таныстырылымы өтті.

Салтанатты шараға ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов қатысты. Ол штаб-пәтердің қонақтарына павильонның қызметі туралы толығырақ ақпарат беріп, ШЫҰ өз тарихында алғаш рет халықаралық көрменің жұмысына қатысып жатқандығын атап өтті. «Шанхай ынтымақтастық ұйымының «ЭКСПО-2017» көрмесінде өз павильонын орналастыратын жалғыз өңірлік ұйым екендігін есепке ала отырып, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік пен құрмет болып табылады», — деді Р.Алимов.

Бас хатшы көрме жұмысының басталу мерзімі ШЫҰ-ға мүше-елдердің басшылары кеңесінің отырысымен тұспа-тұс келетіндігін атап өтті.

  • КӨРМЕ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП

«ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық және оны өткізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасының екінші кезеңі аяқталды.

Бұл жедел шара Астана қаласында, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында мамыр айының 15-25 күндері аралығында өткізілген болатын. «Алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында шараға ішкі істер органдарының барлық бөлімшесінің жеке құрамы түгелге жуық қатысты. Жалпы жұртшылық та шет қалмады. Астана қаласында және облыстарда өткізілген операциялар кезінде тәртіп сақшылары 2037 қылмысты ашса, соның 418-і бұдан бірнеше жыл бұрын тіркелген қылмыстық істер. Іздеуде жүрген 123 қылмыскер ұсталды», — деп атап өтілген ҚР ІІМ мәліметінде.

Мұнымен қоса, 33 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Соның ішінде 1,5 мыңнан астамы ұсақ бұзақылық фактілері болса, 3867-сі қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені және ішімдік ішкені үшін жазаға ілікті. Ал көлікті мас күйінде басқаруға байланысты — 368, жылдамдықты шамадан тыс асыру — 2404, жолдың қарсы бетіне шығып кету бойынша 60 дерек тіркеуге алынды. «Елге келіп-кету тәртібін бұзған 3359 заңбұзушылық негізінде арнайы іс қозғалды. Сонымен қатар 16 мың атыс қаруының иесі тексерілді, қаруды сақтау тәртібін бұзған 262 дерек анықталды, 99 азамат есірткі заттарын сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.

  • ГИД-ЭКСКУРСОВОДТАР 11 ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ

ЭКСПО-ның гид-экскурсоводтары 11 тілде сөйлейді.

«Көрмеге 150 кәсіби гид-экскурсовод дайындалған. Олардың барлығы оқыту, қонақжайлылық таныту бойынша тренингтерден өткен және 11 тілді еркін меңгерген», —  деп мәлімдеді «Астана Конвенш Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбеков. «Таңдау байқау бойынша жүргізілді. Біз оларға тіл үйретпедік. Тек шетел тілін жетік білетіндерді ғана алдық», — дейді А.Адамбеков. Оның сөзінше, негізінен гид-аудармашылардың басым бөлігі 6 тіл біледі, алайда арасында 11 тілде сөйлей алатын полиглоттар бар. Негізінен қытай, түрік, ағылшын, жапон, француз, корей, испан және өзге де тілдерді меңгерген. «Яғни, егер шетел туристеріне түсіндіру керек болса, олар көмектеседі», — дейді А.Адамбеков. Сонымен қатар Астана тарихы, көрікті жерлері туралы айтып беретін жол көрсетушілер жұмыс істейді. «Бұдан бөлек, біз аймақтармен тығыз байланыстамыз. Егер оларға гид қажет болса, біз көмектесеміз. Олар туристерге Астана туралы барлық ақпаратты айтып бере алады», — деді  ол.

«ҚазАқпарат».

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button