Кедендік одақ кеңістікті ашады
Биылғы 1 қаңтардан Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы арасындағы кедендік одақ жұмыс жасай бастады. Кедендік одақтың кедендік кодексі күшіне енгеннен кейін 2010 жылдың 1 шілдесінен Ресей-Беларусь шекарасында кедендік бақылау алынып тасталады, ал Қазақстан-Ресей шекарасынан бір жылдан кейін алынады.
Үш ел Президенттерінің келісімдері бойынша бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Кедендік баждар мөлшері отандық өндірушілерді қорғауға, еліміздегі жүзеге асырылып жатқан өндірістерді ескеріп, ұлттық өндіріс секторының дамуына бағытталған.
Нәтижесінде бұл қазақстандық кәсіпорындарға жаңа технологиялық құралдарды әкелуге, жаңартуға және қайта жарақтандыруға, сонымен қатар шикізаттарды, өндіріске пайдаланатын өнімдерді бажсыз әкелуге мүмкіндік береді.
Кедендік одақтың мүшелері болып табылатын мемлекеттерде өндірілмейтін шикізаттарға немесе егер кедендік одақтың мүшелері болып табылатын мемлекеттерде өндірілетін шикізаттар инвестициялық жобаның технологиялық ерекшелігіне сәйкес келмейтін жағдайда жеңілдіктер беріледі.
Кедендік кеңеске кіру Қазақстанның экономикасына, тәуелсіздігіне кері әсерін тигізбейді. Керісінше бұл ұлттық бизнестің дамуына, бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Жұртшылық үшін көкейкесті мәселелердің бірі — азық-түлік тауарларына импорттық кеден баждарының өзгеруі.
Бұл ретте Қазақстан өндірушілеріне негізгі бәсекелестікті ТМД елдерінен әкелінетін тауарлар құрайды (62%-ға жуық), оның ішінде Ресей мен Беларусь елдерінен еркін сауда аймағында келісімге сәйкес кедендік баж алынбайды.
Кедендік баждың өсуі азық-түлік бағаларына әсер етпейді, себебі олар негізінен Қазақстан аумағында өндіріледі немесе импорттық баждың әсері болмайтын ТМД елдерінен әкелінеді. Нәтижесінде біздің азық-түлік өндірісіміз Ресей және басқа да достастық елдердің өндірушілерімен қатаң ашық бәсекелестік сипатта өмір сүріп келеді.
Қазақстан кәсіпорынының шаруашылық қызметіне кері әсерін тигізбеу мақсатында, бірқатар тауарлар бойынша Бірыңғай кедендік тарифтердің деңгейіне Қазақстанның бірте-бірте қосылу кұқығы сақталған. Бұл елімізде салынып жатқан зауыттардың толық жұмыс істеп кетуіне дейін тауар тапшылығы мен баға өсімін болдырмайды.
Одақ ішіндегі елдер арасындағы шекараны ашу Еуропаға экспортқа бағытталған қазақстандық тауарлардың шекарадан өту мерзімін, сәйкесінше оған кететін шығындарды қысқартып, нәтижесінде тауарлардың өзіндік құнын айтарлықтай төмендетеді және сыртқы нарықтағы бәсекелестігін көтереді.
Әрине, одан тұтынушылар ұтады, ал отандық өндірушілер өздерінің жеке бәсекелестікке түсетін өндірісін құруға күш жұмылдыруы қажет.
Сонымен 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап, кедендік кодексі қолданысқа енгеннен кейін Қазақстан-Ресей шекарасында кедендік ресімдеу тоқталады, ал ол әкімшілік кедергілерді жойып, одақ елдері арасындағы тауарларды жеткізу мен сатуды жеңілдетеді.
Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру еліміздегі шикізаттық емес экономиканы дамытады. Бұл жағдайда өткізу нарығы маңызды. Егер өткізу нарығы болмаса онда ешқандай бәсекеге төтеп беретін өндіріс болмайды.
Әрине, бұның барлығы кедендік одақ ішіндегі тауар нарықтарында бәсекелестік дамуын күшейте түседі.
Әнуар ДӘДИН,
ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің
Ақтөбе және Батыс-Қазақстан облысы бойынша өңіраралық инспекциясының бөлім бастығы.



