Жаңалықтар

Сабантой — еңбек пен достық мерекесі

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақтың сулы-жасыл гүлзарында  татар және башқұрт халықтары үшін басты ұлттық мереке — Сабантой тойланды. Мерекені ақтөбеліктер ықыласпен атап өтті.

Бұл жолғы мерекеге Алматыдан және Татарстанның Қазан қаласынан арнайы ән-би ансамбльдері келді. Гүлзардың оң жағын бойлай орнатылған павилондарға облыс аудандарынан келген татар-башқұрт этномәдени бірлестіктердің бұйымдары , сол жағына  татар және башқұрт ұлттары өкілдерінің қолөнер туындылары қойылды. Сонымен бірге ұлттық және түрлі тағамдар пісіріліп, сатылды. Келушілер көрмені тамашалап, ұнаған дүниелерін сатып алып жатты.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев павилондарды аралады. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ақсақалдар алқасымен амандасып, көрмені тамашалады. Сондай-ақ ол жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Бір кездері өнімнің берекелі, еңбектерінің жемісті болуын тілеп, ертеңге сеніммен қарауды, бірлікте болуды үйрететін диқаншылар мерекесі қазір де өз мәнін түбегейлі өзгертпегенін, керісінше мазмұны жанданып, тарих пен дәстүрді жаңғыртатын, бірлік пен достықтың мерекесіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ бірлестіктің бірнеше өкіліне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Алғыс хатын табыстады.  Ал Дүниежүзілік татар конгресінің төрағасы Ринат Закиров жиналған қауымды мерекемен құттықтап, елімізге тыныштық тіледі. Осыдан кейін өнерлі қыз-жігіттер ән салып, би биледі. Алматы қаласынан арнайы келген «Сарман» татар халық ансамблінің жетекшісі Ғалымжан Тамендаров мерекенің ерекше өтіп жатқанын айтты.

Ақтөбеге осымен үшінші рет келіп отырмын. Көрікті қалада Сабантой ерекше аталып өтіледі. Әр келген сайын ұйымдастырушыларға риза болып қайтамын. Бұл жолы ансамбльмен бірге келдім. Біздің өнер ордасының құрылғанына отыз жылдан асты. Татар, башқұрт және қазақ әндерін айтамыз. Бүгінгі мерекеге арналған арнайы ән-шашуымыз бар. Осы сәтті пайдаланып, барша ақтөбеліктерді мерекемен құттықтағым келеді. Елімізде тыныштық болсын! Бірлігіміз жарасқан берік мемлекетке айналайық! — деді алматылық қонақ.

Ал облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Равиль Құрбанғалиев облыста он мыңға жуық татар-башқұрт ұлтының өкілі бар екенін айтты.

Сабантойды жыл сайын тойлаймыз. Бізге осындай мүмкіндік жасаған Елбасына алғысымыз шексіз. Жалпы елімізде әр ұлттың тілі мен дәстүрін сақтауға барлық мүмкіндік бар. Жастардың ана тілін ұмытпауы үшін жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Мәселен, Татарстан мен Башқұртстанның жоғары оқу орындарында  біздің 7 студентіміз білім алып жатыр, — деді ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Мәртөк ауданынан келген «Өмірзая» татар халық ансамблінің мүшесі Альфия Жүсіпова да мерекеге ерекше дайындалыпты. Оның айтуынша, ауданда 500-ге тарта татар ұлтының өкілі бар. Барлығының ауызбіршілігі мол. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Ал Альфия Жүсіпованың Мәртөкте тұрғанына 64 жылдан асыпты. Қазір үш баласы, он үш немересі, бір шөбересі бар.

— Аллаға шүкір! Деніміз сау, еліміз тыныш, балаларым аман. Ұлтқа бөлінбей, барлығымыз тату-тәтті тірлік кешіп жатырмыз. Осыған шүкіршілік етемін, — дейді Алфия Жүсіпова.

Жалпы, сабан сөзінің көне мағынасы — «соқа». Яғни, сабантой — соқа тойы. Татар, башқұрт халықтары бастапқыда бұл мерекені егіс науқаны басталған кезде (сәуір айының аяғы) тойласа, бертініректе науқанның соңына (маусым айы) көшірген. Тарихшылардың айтуынша, бұл халықтар сабантойды, кем дегенде, 15-ғасырдан бері мерекелеп келеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button