Жаңа мүмкіндіктерге жол немесе адам — елдің басты байлығы
Бұл күндері Қазақстан жұртшылығы кезекті Президент Жолдауымен танысу үстінде. Жыл сайынғы Жолдаулар бірте-бірте дәстүрге айналып келе жатыр, сонымен бірге ол еліміздің даму жолдарын да көрсетеді. Себебі, олар еліміз дамуының ең өзекті тұстарына арналуымен де құнды. Мәселен, 1997 жылғы Жолдау «Барлық қазақстандықтардың өмірінің жақсаруы, қауіпсіздігі және гүлденуіне» арналса, кейінгі Жолдаулар «Елдегі жағдай мен ішкі және сыртқа саясаттағы негізгі бағыттар — қоғамды демократияландыру, жаңа жүз жылдықтағы экономикалық және саяси реформаға» (1998), «Елдің жаңа жүз жылдықтағы қауіпсіздігі мен тұрақтылығына» (1999), «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға» (2000), «Еліміздегі хал-ахуал және 2002 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына» (2001), ал 2002-2003 жылғы Жолдауларда «Ауылға айрықша назар аударылып, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары» айтылған, кейінгі Жолдаулар «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, Бәсекеге қабілетті экономика үшін, Бәсекеге қабілетті халық үшін» (2004), «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» (2005), «Қазақстанның өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңындағы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясына» (2006), «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» (2007), «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» (2008), «Дағдарыстан — дамуға» (2009) мәселелерін қамтыды.
Биылғы «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» (2010) деп аталған Жолдаудың басты ерекшелігі — 2030 жылға арналған Ел стратегиясының бірінші онжылдығын қорытындылауында және алдағы мақсат-міндеттерді айқындауында.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауымен біздің облыс жұртшылығы ерекше ынтамен танысуда. Өйткені ел басшысының бұл жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуының алғашқы онжылдығын қорытындылап, алдағы жаңа онжылдықтағы жаңа өрлеуіміздің жолын көрсетіп қана қоймай, мүмкіндіктерін де айқындап беруімен ерекшеленеді.
Жолдауда ел дамуының аса маңызды шебі – 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың қалай жүзеге асқандығына шолу жасалған. Президент осы жылдар ішінде болған және әлі жалғасып келе жатқан бүкіләлемдік дағдарысқа қарамастан, дұрыс шешімдер қабылдау нәтижесінде республикамыздың экономикалық өсімге қол жеткізгенін, әлеуметтік деңгейіміздің біршама көтерілгенін, жұмыссыздықтың азайғанын ерекше атап өткен.
Президент Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді стратегиясының екінші, 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары — көшбасшылыққа Қазақстандық жол болуы керек екендігін, ол үшін төмендегідей жұмыстар атқарылу қажеттігіне тоқталды. Олар:
1. Экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу;
2. Жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу;
3. Адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестициялау;
4. Қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;
5. Ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту.
Ал бұл мақсаттарға жету үшін, Жолдауда көрсетілгендей, табыс кілті болып табылатын экономиканы әртараптандыру, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қолдау тетігі — салауатты сауда саясаты, инвестициялар тарту, жаңа экономиканың қозғаушы күші — кәсіпкерлікті қолдау, жоспарды жүзеге асырудың табыстылық индикаторы — отандық тауарларға көңіл бөлу, елдің даму көрсеткіші — өңірлердің дамуына жағдай туғызу жолдары мен жөндері жан-жақты көрсетіліп, 2020 стратегиялық жоспарын іске асырудың базалық шарттары белгіленген.
Жолдауда 2020 стратегиялық жоспарын іске асырудың сенімді іргетасы – ішкі саяси тұрақтылық пен сыртқы саясатқа да ерекше көңіл бөлінген. Бұлардың бәрі Қазақстан азаматтары үшін жасалатын игі істер екендігін айта келіп, Президент біздің еліміздің басты байлығы – адам деп тұжырымдайды. Бұл тұжырымның мәні- мазмұны Жолдаудың «адам — елдің басты байлығы» бөлімінде жан-жақты ашылған. Онда: «Елдің жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы ең алдымен қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы көңіл күйлеріне байланысты» — делінген және білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасын жақсарту мен әлеуметтік қорғау, ардагерлерге қамқорлық, тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясатта істелетін істер туралы нақтылы айтылған.
Мені Қазақстан азаматы, осы облысымызда еңбек етіп жүрген адам, оның жоғарғы оқу орнының ұстазы есебінде бұл саладағы болашақ істелер істің бәрі де қызықтырады. Мәселен, денсаулық сақтау, білім, ғылым саласын алалық.
Жолдауда: «Халық денсаулығы — Қазақстан өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі» делінген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласының алдағы жылдардағы даму бағыты мен перспективаларын анықтап берген.
Жолдауды бюджеттік сала қызметкерлері де қуана қарсы алды. Өйткені олардың айлық табыстары межеленген уақыттан ертерек, сәуір айынан бастап 25 пайызға көтеріледі. Бұдан басқа ең төменгі күнкөріс деңгейі, зейнетақы, шәкіртақы, т.б. өсіп, жұмыссыздыққа қатысты іс-шаралар да қолға алынады.
Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білім және ғылым саласына барынша назар аударып, осы бағытта тиімді және өркениетті шараларды қолға алу қажеттігін айрықша атап көрсеткен. Жоғарыда айтылған бұл сала қызметкерлерінің жалақысын көтерумен бірге олардың еңбек етулеріне жағдай жасау, «Балапан» арнайы бағдарламасын әзірлеп, 2020 жылға дейін мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелермен 100 пайызға қамтамасыз ету, орта мектепте білім беру жүйесінің ойдағыдай жұмыс істеулеріне қажетті шараларды жүзеге асыру, жоғары білім саласын жетілдіру, Ғылым туралы заң қабылдау, т.б. айтылған.
Президент атап көрсеткендей, Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру елдің экономикалық–шаруашылық қажеттіліктерімен тығыз байланысқан кәсіби стандарттарға негізделуі тиіс. Ал жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға сай болуы қажет, елдің жоғарғы оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге тырысуы керек. Бір ескеретін жай, Президент өзінің бұдан бұрынғы Жолдауларының бірінде ұлтты ұлт ететін оның тиянақты білімі мен ғылымы екенін, ал олар жалпы алғанда елге қызмет етуі қажеттігін айтқан болатын. Осы Жолдауда айтылған ойды солардың диалектикалық бірлігі мен жалғастығы деп қарастырсақ, Қазақстандағы барлық білім мен тәрбие жүйесінде ұлттық-этикалық белгілеріміз бен ерекшеліктеріміздің де болғаны абзал, жастарды ұлт зиялыларының оң тәжірибесі арқылы үйрету қажет. Ендеше, біздің ғылыми және шығармашылық интелегенцияға да, ұстаздар қауымына да осындай рөл жүктеледі. Бүгінгі жастар — ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтар. Олардың бойында өз еліне, жеріне деген патриоттық сезім де, бәсекелестікке қабілетті білім де, тағылымды ұлттық таным мен тәрбие де болуы керек. Жолдау жастарға осындай игілікті істерді үйренудің жолын көрсетсе, барша халқымызды «болашаққа белгіленген орасан зор міндеттерді ұйымдастырушы ұлттық стратегияны қолдай отырып», ең басты құндылығымыз — тәуелсіздігімізді нығайтуға әрбір азаматтың өз үлесін қосуына шақырады.
Алтай тайжанов,
философия ғылымдарының докторы,
профессор.
***
Үздіксіз білім үрдісімен
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессор-оқытушылар құрамының арасында үлкен ықылас туғызып отыр. Бағдарламаның ұзақ мерзімділігі, оның 2020 жылға дейін бағытталғаны және Жолдау жүктеген міндеттердің екі кезеңге — екі бесжылдыққабөлінгені назар аудартады. Бұл, Елбасы айтып өткендей, сонау кеңес кезеңінде сынақтан өткен жүйе және ол шын мәнінде өзін ақтайтын бағдарлама, себебі ол халық үшін болашаққа бағдар болып табылады.
Бүгінгі білім саласындағы бәсекелестік адамның өмір бойғы оқуын талап етеді. Үздіксіз білім беру балабақшадан басталып, университет дипломымен тәмамдалып қалмауы тиіс. Өмір бойғы білім алу заманға сай кәсіби, білікті болуды білдіреді. Мәселен, бұған дейін классикалық білім ұғымына барынша мән беріліп келді, көпшілігіміз осыған бейімделдік, осы жүйемен өмір сүріп те келеміз. Бұл ұғым бойынша адам жас кезінен бастап толығып, көбінесе кәмелеттен асқанға дейін білім алады да, одан кейінгі өмірінде сол алған білімін іс жүзінде көрсететін жағдай қалыптасатын еді. Ал бүгінгі жылдам қарқынмен дамып, шапшаң құбылып, тез өзгеріп отырған дәуірде «былтырғы» амалды пайдаланудың маңызы қаншалықты?
Елбасы Жолдауына сәйкес дарынды балаларға арналған интеллектуалды мектептерді әрбір облыс орталықтарында ашу қажет. Үйдегі тәрбиеден бастап, балалар бақшасы, мектеп жасына дейінгі, мектептен кейінгі білім беретін, кәсіби білім беретін жүйелердің барлығын қабаттастыра алып жүретін жағдайға жеткенде ғана мемлекет ұлттық реформаны табысты жүргізеді.
Жолдауда жоғары білім сапасы халықаралық талаптарға сай келуі керек және еліміздің жоғары оқу орындары әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің рейтингінен көрінуге ұмтылулары шарт делінеді. Жоғары оқу орындарының алдына қойылып отырған осы талаптарға сай келу мақсатында С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Б. Ахан, ректоры Х. Құсайынов бастаған ұжым бірқатар жұмыстар атқарып отыр. Университетте халықаралық байланыстар (Ресей, Грузия, Башқұртстан, Қытай) жоғары деңгейде жолға қойылған. Студенттер екі жақты келісімге сәйкес Қытайда білім алуда. Ғылыми жобалар, конференциялар, мамандардың біліктілігін арттыру, докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар қорғау сияқты жұмыстары да жемісті атқарылуда.
Елбасының жоғары оқу орындары туралы айтқан ойлары жалпы зиялы қауымның назарын аударды, себебі бүгінде жоғары оқу орындарында, одан кейінгі білім беру жүйесінде болашақ мамандардың дайындығына деген талаптар да өсіп отыр. Білімді маман даярлаудың негізі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамының кәсіби біліктілігіне, ғылыми әлеуетінің деңгейіне байланысты болатыны белгілі. Осы тұрғыдан С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің филология және аударма кафедрасында 3 ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты еңбек етеді. Кафедраның ғылыми әлеуеті білікті мамандар даярлауға толығымен жұмылдырылған. Профессор Н. Жанпейісова «Ақтөбе облысы бойынша мекеме, кәсіпорындардағы тілдік ахуал: қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі мен тілдерді үйрену қажеттілігі жөнінде әлеуметтік зерттеу» бойынша ғылыми-зерттеу жобасымен жұмыс істеуде. Кафедра алдағы уақытта «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша облыстағы жер-су атауларын, «Тілдердің үштұғырлығы» концепциясының орындалу барысын зерттеуді жоспарлап отыр. Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы Елбасы Жолдауындағы айтылған түйткілді мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны анық.
Сабира Исакова,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің
кафедра меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
***
Біздің қамқорымыз — білім ордамыз
Елбасының биылғы халыққа Жолдауында кәсіптік мамандық беретін оқу орындарының жұмысын жетілдіру баса айтылған. «Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек» деген жолдарды біз осылай түсінеміз.
Өзіміз білім алып жүрген Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде осыған негіз бар деп есептейміз. Өзге оқу орындарымен салыстырғанда, біздің оқу орнымыздың ерекшелігі бар. Басқа, кез келген колледжді алып қараңыз, кемінде жылына 70-100 мың теңге қаражат төлеп оқуға тура келеді. Ал біздің оқу орнымызда студент бір тиын төлемейді. Қайта, айына 7500 теңге шәкіртақы алады. Міне, мен сондықтан да осы оқу орнын таңдадым. Қазір үшінші жыл. Сапалы білім алып, білікті маман болып шығатыныма сенімдімін.
Біздің білім ұямыздың басшысы Владимир Григорьевич Друзьяк — қадірлі адам. Нанасыз ба, ол осы колледжде оқып жүрген 1500 студенттің хал-жағдайын сұраудан бір жалықпайды. Қолынан келген көмегін аямайды. Мұндай жан қайда бар? Кейде, басқа оқу орындарындағы құрбыларыммен әңгімелесемін. Сонда олардың оқу орындарының басшыларының хал-жағдай сұрамақ түгілі, студенттерін танымайтынын байқаймын. Студенттері де басшысын көрмейді екен. Әрине, мен өзге оқу орындарының басшыларын жамандайын деп отырғаным жоқ. Олардың да арасында біздің басшымыз сынды тәуірлері де бар шығар.
Мен алғашқы екі жылда жатақханада тұрдым. Толық жөнделген, ішінде не керектің бәрі бар. Сол жатақхананың өзіне жұмыстан кейін басшымыз күніне бір кіріп-шығады. Тұрмыс жағдайын біледі. Ертеңгі сабаққа әзірлігін қадағалайды.
Біздің колледжде қарасатын адамы жоқ, жетім, жағдайы нашар студенттер айдың 30 күніне жететін азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Шәкіртақымызды біз әр айдың жиырмасынан кешіктірмей, уақытында аламыз. Рас, өткен желтоқсан айында шамалы күн кештеу тиді қолымызға. Оның да өзіндік себебі болу керек. Кейін екі айдың шәкіртақысын қосып алып, бір мәз боп қалдық. Сол шәкіртақының шамалы күн кешіккенін біреулер әңгіме қылып, басшымызға орынсыз жала жапты.
Шәкіртақыны айтасыз, біздің директорымыз ауылымызға баратын жолақымызға 3000 теңге береді. Демек, сондай қамқор, таза адамды ғайбаттауға бола ма? Біздің басшымызға, ұстаздарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Гүлбақыт ЛЕПЕСОВА,
534-топ студенттері атынан.
Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл
шаруашылық колледжі.



