Жаңалықтар

Халықтың 63,6 пайызы — қазақ

Жақында 2009 жылдың ақпан айының 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында жүргізілген Ұлттық санақтың қорытындысы жарияланды. Тәуелсіздік алғалы екінші рет жүргізілген санақтың нәтижесі бойынша еліміздегі халық саны —16 миллион 196,8 мың адамға жеткен.

ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, соңғы он жылда еліміздегі қазақтар саны 26,1 пайызға өсіп, яғни 10 миллион 98,6 мың адамға жеткен. Демек, бұл ел халқының 63 пайызы қазақтар екенін көрсетеді. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақтар 40 пайызды қамтыған екен. Ал 1911 жылы ең алғашқы санақ жүргізілгенде қазақтардың үлесі — 67 пайыз болған. Кейін елдегі әр түрлі ахуалға байланысты жергілікті ұлттың саны күрт азайғаны белгілі.  Жалпы,  соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, қазақтардың өсу қарқыны жоғарылап, керісінше славян тектес өзге  ұлттардың саны азайған.

Сонымен, еліміздегі  өзбектердің саны — 457,2 мың, яғни 23,3 пайызға өскен. Ұйғырлар 6 пайызға өсіп, 223,1 мың адамға жетсе, орыстардың саны 15,3 пайызға азайған, яғни 3 миллион 797 мың адам. Немістер — 49,6%-ға азайып, 178,2 мың, украиндар — 39,1%-ға азайып, 333,2 мың, татарлар — 18,4%-ға кеміп, 203,3 мың адам болды. Ал басқа этностар 5,8 пайызға азайып, 714,2 мың адамды құраған.  Ал  өткен жылғы халық санағын есепке алғанда биылғы жылдың басында еліміздегі қазақтардың үлесі — 63,6 пайыз, орыстар —23,3 пайыз, өзбектер — 2,9 пайыз, украиндар — 2,0 пайыз, ұйғырлар —1,4 пайыз, татарлар —1,2 пайыз, немістер —1,1 пайыз, басқа этностар — 4,5 пайызды көрсетті.

Сондай-ақ ерлердің саны 7 миллион 722,8 мың, яғни өткен санақпен салыстырғанда 507,1 мың адамға немесе 7 пайызға өскен. Ал әйелдер — 8 миллион 282,0 мыңға жетіп,  515,8 мың адамға немесе 6,6 пайызға артқан. Демек, ел халқының  51,7 пайызы әйелдер болса, 48,3 пайызы ерлер. Мәселен, 1999 жылғы санақ көрсеткіші бойынша әрбір мың әйелге шаққанда 929 ер адамнан келсе, өткен жылғы санақ бойынша мың әйелге шаққанда  932 ер адамнан келеді екен.

Сондай-ақ қала халқының саны 8 миллион 639,1 мың адамға, ауыл халқы — 7 миллион 365,7 мың адамға жеткен. Соңғы он  жылда қала халқының саны 195,1 мың адамға немесе 2,3 пайызға, ал ауыл халқының саны  827,8 мың адамға немесе 12,7 пайызға өскен. Елдегі қала халқының үлесі — 54 пайызды, ауыл халқы — 46 пайызды көрсетті. Ал өткен санақта  қалада тұратындар 56,4 пайыз болса, ауыл халқы — 43,6 пайыз болатын. Сондай-ақ деректер бойынша Алматы облысы халқының 76 пайызы,  Солтүстік Қазақстан  — 61,5 пайыз, Қызылорда —60,8 пайыз, ал Жамбыл облысы халқының 60,5 пайызы ауылда тұрады. Ал Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстарында қала халқының саны өскен. Мәселен, біздің өңір халқының 61,1 пайызы қалада тұрады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button