Жаңалықтар

Ғибраты мол ғұмыр

Алдыңғы буынның айрықша бітіміне лайық рухы мықты, көзқарасы ұстамды, тұла бойынан тазалықтың кәусар лебі есетін жаратылысы бөлек тұлғалардың парқын танып, нарқын білу, өнегемен өрілген өмір жолдарына үңілу адамның көңілін көкке өрлетіп, бойына қуат құяды екен.

Бүгінде сексеннің сеңгірінен сергек аттап, тоқсан дейтін торқалы жасқа беттеп бара жатқан, аймаққа қадірі мол қария Қуаныш аға Өмірзақовпен бетпе-бет жүздесіп, біраз әңгімелескеннен кейін күйбең өмірдің күйкі тірлігі боларын ұмытқандай, жан-дүниеміз жаңғырып қалғаны жасырын емес-ті.

Ақсақалдықтың айдынында бұйырған несібесін  татып отырған абыз қария бүкіл саналы ғұмырында не атқарған қызметтерінің абыройын түсіріп, не өзінің қадірін төмендетіп көрмепті. Олай болуына бойына ата-баба қаны арқылы сіңген тектілік пен талай өткелекті бастан өткерген өз тұстастарының замана көрігінде суырылып, шыңдалуы ықпал еткен болар.

Жалпы, пенденің кіндік қаны тамған туған жері, тал бесігі — отбасы оның кейін адам ретінде есеюіне, болмыс-бітімінің қалыптасуына, тағдыр жолына әсерін тигізері өмір шындығы. Қуаныш аға қазына тұнған, құт қонған, мол байлықты жамбасына басып жатқан байсын жер Хромтаудың Тәжібай деген жерінде 1928 жылдың күзінде дүниеге келіпті. Арғы бабасы Сынасап заманында әулиелік қонған, екі рет Қыдыр көрген  жан болыпты деседі.

Келімсектердің малын бағып жүріп, орысша азды-көпті тіл сындырған әкесі Өмірзақ, ескіше оқыған  анасы Сағи жаңаша білімдері болмаса да заманның бағытын аңғара білген, көкірек көздері ашық жандар болса керек, ауылдың төрт кластық мектебін бітірген балалары Қуандық пен Қуанышты одан әрі  оқыту үшін Ақтөбеге көшкен. Ол заманда көшудің жайы оңай емес, апталап жүріп пәтер таба алмағасын, алғашында Хакен ноғайдың үйін паналап, кейін пәтерден пәтер ауыстырып жүріп, 1940 жылы өздерінің күшімен  баспана салып алады.

Келер жылы  соғыс басталып, бейбіт ауылдардың да ту-талақайы шықты. Ер-азаматтар майданға аттанып ел тағдыры қатын-қалаш, бала-шағаға қарап қалды. Әкесі Өмірзақ еліне, бұрынғы «Қызылжар»  ұжымшарына барып, сиыр фермасына басқарма болды. Анасы  балаларын одан әрі оқыту үшін Донской поселкесіне көшті. Бірақ 8-ші сыныптағы Қуанышқа тағдыр оқушы болу емес, оқытушы болу сыбағасын бұйыртып тұр еді, ол ауыл мектептерінде мұғалім жоқ болуы себепті білім бөлімінің бұйрығымен Қызылжар бастауыш мектебіне оқытушы етіп жіберілді. Бұл кезде ол балалықтың қанбазарының төрінде сайран салып жүрер,  он беске қараған шақта еді.

Иә, аға ұрпақтың  өмірінде осындай оқиғалар болған.

Жалпы, Қуаныш ағаның мектеп есігін ашқаннан сексен жастың табалдырығына аяқ іліктіргенге дейінгі бүкіл саналы ғұмыры, мағыналы өмір жолдары өзінің «Біз осылай есейдік» атты өмірбаяндық еңбегінде толық баяндалған.

Ұзақ жылғы еңбек ғұмырбаянында жұмысқа деген ынталылығын бір жоғалтпаған, тәртіп пен жауапкершілік жібін босаңсытпаған, ар тазалығын әрдайым биікте ұстаған Қуаныш Өмірзақовтың «мен осылай қызмет істедім» деп мақтануға да, оны жалпақ жұртқа жария қылуға да толық құқы бар. Кейде Отанын шын жүректен сүйіп, өз ғұмырын  халқының тағдыр талайына арнағандар мемлекеттік биліктің жоғары сатысында жүргендер ғана сияқты сезінетініміз бар.

Қуаныш ағаның өмір жолына, жан-дүниесіне тереңірек үңілсек, азаматтық пен  ар туын әрдайым жоғары ұстаған, адалдық пен әділдіктің ақ жолынан ешқашан айнымаған, өз бойындағы ерлік пен күрескерлік рухын елі мен жерінің көркеюіне арнаған марқасқа азамат бейнесін анық аңғаруға болады.

Қуаныш аға өмір бойы еліне адал қызмет істесем деген мақсаткерлік көзқарастан бір айнып көрмепті.  Баяғыда он бес жасында қолына мұғалім болып тағайындалғаны туралы бұйрықты алып келгенде анасы Сағидың айтқан «Ұлым, сені азамат деп сенім көрсетіп отыр, сол сенімді ақтай біл» деген сөзі өмір бойы жанынан шыққан емес-ті.

Сол мақсат оны алдымен білім алуға жетеледі, соғыс аяқталып, аман қалған азаматтар елге орала бастағанда-ақ, алдымен Ақтөбе педагогикалық училищесіне, оны аяқтаған бойда Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түсіп, бітіріп шықты. 1950-53 жылдары Армия қатарында болғанда да сан ұлттың бозбалалары арасында қазақ баласы Қуаныш бірыңғай жақсы жағынан көрініп, коммунистік партия қатарына қабылданды, рота комсомол ұйымының жетекшісі болып сайланды.

Армиядан келгесін біржарым жылдай мұғалім болып істеген ол аудандық партия комитеттерінің аппаратына қызметке шақырылды, бұл дегеніңіз кеңестік дәуірде үлкен құрмет және сенім болғандығын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Сөйтіп, Новоресей аупарткомы саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі болып он бір жыл қызмет істеді.

1965 жылы Новоресей аудандық атқару комитетінің төрағалығына бұған дейін «Көктөбе» кеңшарының директоры болып қызмет жасаған Амантай Әліпов сайланды. Әрбір жаңа басшы өзінің жанына ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті бар, білімді, қағаз-құжаттарға сауатты кадрларды тартатыны  анық. А. Әліпов те жас қызметкерді сырттай бақылап жүрсе керек, бір күні Қуанышты шақырып алып, бірге қызмет жасауға, атқару комитетінің хатшысы болуға ұсыныс  білдірді. Аудандық партия комитеті келісім бергеннен кейін Қуаныш Өмірзақов Новоресей аудандық атқару комитетінің хатшысы болып сайланды.

Қандай да болмасын қызметті жақсы алып кету үшін, алдымен сол жүйенің ерекшеліктерін білу және соған сәйкес білік пен жан-жақты білім керек. Осы қасиеттер бойынан тұтастай табылған Қуаныш аз уақытта кеңес жұмысын дөңгелентіп әкетті. Бірқатар қоғамдық мәселелерде, әсіресе, Жоғарғы және жергілікі кеңестердің сайлауы кезінде  аупартком мен аудандық атқару комитеті арасында қабылданған, не қабылдануға тиіс құжаттарға, не депутаттыққа кандидаттар ұсынуға байланысты қайшылық-текетірестер болып қалып жататын. Бірде, аудандық кеңестің депутаттығына кандидаттар ұсыну кезінде, аудан аумағында орналасқан әскери бөлімшенің қызметкері белгіленген саннан тыс ұсынылып кетеді. Ол кезде балама кандидаттар ұсыну деген болмайды, бұл мәселе облыстық партия комитетіне дейін жетеді. Аудандық партия комитеті Өмірзақовты кінәлі етіп көрсетеді, сонда Қуаныштың заңды және жүйені жете білуі арқасында кінә аупарткомның ұйымдастыру бөлімінен кеткендігі анықталып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы И.М.Мишин облыстық партия комитеті бюросынан сөгіс алады.

Аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып ұзақ жылдар бойы істеген кезінде Қуаныш ағаның өзін де, аудандық атқару комитетін де орынсыз кінәлаулардан ақтап алған мұндай оқиғалар жетіп артылады.

Қуекең ағамыз осы қызметте табан аудармастан жиырма екі жыл істепті. Ал бұл мерзімде аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына қаншама адам келіп кетті десеңізші! Олардың қай-қайсысы да кеңес жұмысын бүге-шүгесіне дейін білетін сауатты кадрдан айырылған жоқ, ауданның осы мерзім ішінде қызмет атқарған басшылары алдында беделді, халық арасында қадірлі азамат отыз жасында қолға алған қызметін алпыс жасқа толып, зейнеткерлікке шығарда тапсырды.

Зейнеткерлік демалысқа құжаттарын дайындап жүргенде  өзін жақсы білетін, бұрын ұзақ жыл облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болған, сол кезде облыстық мұрағат және құжаттама бөлімінің меңгерушісі болып істейтін М.Е.Милов Хромтауға арнайы келіп, Қуекеңді жаңадан ашылған  аудандық мұрағатқа меңгеруші етіп тағайындады. Атынан басқа еш нәрсесі жоқ жаңа мекемені  қалыптастырып, қатарға қосуға Қуаныш аға көп еңбек сіңірді. Облыс аудандары арасында Хромтау мұрағаты алдыңғы орынға шықты, тіпті республикалық семинар-кеңес Хромтауда өткізілген еді.

1998 жылы жұмысы әбден ақсаған, төрағасы ауданда қанша бастауыш ұйым, қанша зейнеткер барын білмейтін ауданның ардагерлер кеңесінің жайы сол кездегі аудан басшылығын әбден алаңдатқан еді. Ақыры бұл жұмысты қоса атқару Қуаныш Өмірзақовқа жүктелді. Бұл аудан басшылығының да, ардагерлер қауымының да сенімі еді. Ұйым жұмысы, ардагерлерге қамқорлық жасау ісі жарқырап көзге түсті. Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақтай Сағдиев кеңестің республикалық конференциясында Хромтау аудандық ұйымының жұмысына жоғары баға беруі осы сөзіміздің айғағындай.

Он жылдай уақыт ардагерлер ұйымына жетекшілік жасаған кездерінде естен кетпес ерекше оқиғалар да болды.

Соның ең бастысы 2006 жылы 9 қыркүйекте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Хромтау ауданына арнайы келіп, Көктау мыс кенішін ашуы еді. Осы салтанатта ел ақсақалдарының атынан мемлекет басшысына бата беру Қуаныш Өмірзақовқа жүктелген-ді. Халқымыздың біртуар кемеңгер перзентіне елдің абыз ақсақалы сонда былай деп бата берген екен:

Орындалып арманың,

Ел-халқың гүлдей жайнасын.

Абыройың асып дүниеде,

Басыңнан бақыт таймасын.

Сапар шегіп, жол жүрсең,

Қыдыр болсын жолдасың.

Қасыңнан досың қалмасын,

Артыңнан дұшпан шалмасын.

Бата бердім осылай!

Қабыл алсын бір құдай!

Президент сонда қолын алып рақмет айтқан. «Төбем көкке жеткендей болды, марқайып қалдым. Әлем мойындаған тұлға ғой, шүкіршілік  етіп, Аллаға  тәубе айттым», — дейді сол бір сәулелі сәт туралы бүгінде Қуекең ағамыз. Келер жылы сәуір айында Астанада өткен республикалық ардагерлер кеңесінің 20 жылдық салтанатына облыс аудандарынан қатысқан үш делегаттың бірі болды. Сол жолы жаңа Елордамыздағы өркенді өзгерістерді өз көзімен көріп, сүйсінді, сол кездегі облысымыздан сайланған Парламент депутаттары Аманкелді Айталының, Болат Әбішевтің інілік ілтипаттарына риза болды.

Өмір деп аталатын ұлы сапардың көш-керуенінде талай-талай жақсылармен жолығысасың, олар сенің азамат ретінде қалыптасуыңа, ізгіліктерді санаңа орнықтыруға ықпал етеді. Ондай тамаша азаматтар Қуекең ағаның өмір жолында да аз кездескен жоқ. Ұзақ жылғы  қызметтің жолында ауданға басшылық жасаған М.П.Выходцев, И.М. Мишин, И.Е.Дуля, Амантай Әліпов, Тельман Дәулеталин сияқты азаматтармен, Керей Сисенғалиев сияқты жан досымен иық түйістіре қызмет еткенін тағдырдың таланына бұйыртқан бақ деп есептейді.

Ал Қуаныш ағаның тағдыр сыйлаған ең үлкен бақыты елу бес жыл қол ұстасып, өмір-сапарда бірге келе жатқан сүйікті жары Торғай апа болса керек. Тегінде, жазмыш жақсы жігітке жайсаң жар сыйлайтын болар. Торғай апа да азаматының мерейін әрдайым үстем етіп отырды, сағын сындырмады, кей кезде бір босаңдық танытқандай болса, намысын қайрап, жігерін жаныды. Ұрпақтарын өндіріп, өсірді. Теңін тауып қосылған, құстың қос қанатындай түпсіз сыйлас, теңсіз сырлас болып жарастықты ғұмыр кешіп келе жатқан Қуаныш аға мен Торғай ананың Бақытжамалы, Ізбасқаны, Гүлжаны жүрек қалауларымен таңдаған мамандықтарын алды. Қазір үшеуінің де өз отбасылары  бар. Олардан тараған ұрпақтары-немерелері — Қуекең мен Торғай апаның тәндеріне қуат, жандарына шуақ құятын көзайым қуаныштары.

Адам — өз дәуірінің түлегі, өз заманының перзенті. Ол қандай қоғамда өмір сүрсе, бойындағы бар қайрат-жігерін сол қоғамның игілігіне жұмсайды.

Кешегі коммунистік дәуірдің белсенді патриоты болған ағаларды сол үшін кінәлай алмайсың. Қайта олардың еткен еңбегін, төккен терін бағалай білу, олардың бойындағы Отаншылдық сезімді өз бойымызға сіңіре білу, кісілік пен адалдықтарын өнеге тұту — парыз.

Ал Қуаныш аға — сондай асыл қасиеттерінің бәрі бойында тұнып тұрған ақылман ақсақал, көпке қадірі бар қария.

Рахымжан ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button