ЖаңалықтарСпорт

Еңбек. Ізденіс. Ептілік

Футбол

«Ақтөбе» футбол клубының футболшылары кішкентай жанкүйерлерімен кездесті. Қаладағы бірнеше мектептің оқушылары қатысқан шара «Сұрақ-жауап» форматында өтті.

«Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының өкілдері, яғни №3, 8, 25, 40, 51, 55, т.б. мектептердің 300-ге тарта оқушысы жиналған кездесуге команданың басшылығы, футболшылар келді. Аслан Рафқат, Андрей Сидельников, Сильва Ассис де Оливейра Жуниор Витор, Диас Морейра Кассионо, Боргес Барбоса Джуниор Эванильдо сынды спортшылар ұл-қыздардың сан түрлі сұрақтарына жауап беріп, естелік суретке түсті. Мәселен, көпшілігі футболшылардың неше жастан бастап осы спорт түрімен айналысатынын, допты ұршықша үйіру үшін қанша жыл айналысу қажеттігін білгісі келді. Өз кезегінде қонақтар бірауыздан футболмен кәсіби тұрғыда 6-7 жасынан шұғылданғанын, мықты спортшы болу үшін онымен күн сайын, үздіксіз айналысу қажеттігін атап өтті.

— Футбол сондай спорт түрі, онымен күн сайын айналысу керек. Әрдайым ізденісте болуың шарт. Сосын, әрине, соған икемің болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, шынымен еңбектенген адам түбінде соның игілігін көреді.

Жаңа маусым басталып жатыр. Біз қолдан келгенше сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз. Сіздер, жанкүйерлер бізден тек қана жетістіктерді күтіңіздер, — деді Андрей Сидельников.

Негізінен ақ тілектер ақтарылған басқосуда футболшылар алдағы уақытта да осылай спорт сүйер қауыммен жүздесіп тұруға дайын екенін айтып, ең бастысы, оқушыларды жақсы оқуға, уақытын тиімді пайдалануға шақырды.

Шара соңында облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе» футбол клубы арасында меморандумға қол қойылды. Оның нәтижесінде осындай кездесулер футболшылардың бос уақытында ұйымдастырылып тұратын болды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button