Жаңалықтар

Екпеден бас тартқан ата-аналармен жеке жұмыс жүргізілуде

Брифинг

«Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиында департамент басшысы өткен жылды қорытындылады. Алдымен департамент тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарын баяндады.

Өткен жылы департамент қарауындағы объктілерге тексеріс ерекше тәртіп бойынша жүргізілген. Және эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары объектілер басты назарға алынған. Барлығы 3087 объектіні тексеру жоспарланса, оның ішінде 2260 объект, ал ерекше тәртіп бойынша 1134 жеке кәсіпкерлік субъектілері тексерілген. Жеке кәсіпкерліктерге жоспардан тыс тексеру жүргізуге санитарлық жағдайлар себеп болған. Бұл, әсіресе балабақшаларға қатысты. Мәселен, жұқпалы аурулардың шығуы, ішек инфекцияларының таралуы секілді жағдайлар жиі кездескен. Сондай-ақ «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты департамент тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Бағдарламада көрсетілген міндеттерді орындау үшін мамандар облыс аумағында инфекциялық, паразитарлық және кәсіби аурулардың алдын алу үшін арнайы шаралар өткізген. Нәтижесінде жыл бойы  облыс аумағында іш сүзегі, көкжөтел, қызылша аурулары мен тағамнан топ болып улану деректері тіркелмеген. Жалпы былтыр жұқпалы аурулардың көрсеткіші біршама төмендепті.  Мәселен, құрт ауруы  — 3,9 %, жедел ішек инфекциялары —  5,1 %, жұқпалы гепатит 2,8 % азайған.

Сондай-ақ департамент басшысының айтуынша,  қазіргі күні өзекті мәселенің бірі  — ата-аналардың екпеден бас тартуы. Бүгінгі күні облыста  2538 баланың ата-анасы екпеден бас тартса, оның ішінде 1534 бала бірде-бір рет екпе алмаған.

— Осы мәселені шешу үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бас тартушылардың  ең көбі Ақтөбе қаласынан тіркеліп отыр. Бұдан кейін Мұғалжар, Темір, Шалқар, Байғанин аудандары тұр. Қазір барлық ауданда мобильді топтар құрылды. Топтың құрамында санитар мамандардан бөлек денсаулық сақтау, білім саласының және дін қызметкерлері бар. Әрбір ата-анамен жеке жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Сондай-ақ департамент басшысы аса қауіпті инфекциялық аурулар бойынша  аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты.

Жиын соңында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Онлайн арқылы қала тұрғындарынан да сауалдар түсті. Мәселен, қала тұрғынының бірі  сырттан келетін жеміс-жидектердің сапасына алаңдайтынын жазыпты. Әсіресе банан арқылы гепатит ауруларының таралатыны жөнінде халық арасында түрлі әңгімелердің айтылуы алаңдатады екен.  Бұл сұраққа департамент басшысы банан жемісі арқылы ауру жұқтыру дерегі тіркелмегенін, егер адам жемістерді жумай жесе, ішек инфекциясын жұқтыратынын  айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button