Жаңалықтар

2 айда 97 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қайтыс болған

Қандай да құқықбұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ сотталғандарды жұмыспен қамту және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларын өтеп шыққан адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешуді қамтамасыз ету — бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі.

Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық комиссия мәжілісінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы жайға баса назар аударып, аталған бағыттарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды әлі де жандандыру, жазалау орнынан шыққан әрбір адаммен нақты жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндаған облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Қаныбек Жақсығалиев негізінен жол-патрульдік полициясы қызметіне тоқталды.

«Жаңа жылдан бастап жол қауіпсіздігін бақылау автокөлікпен жүріп қадағалау арқылы жүзеге асырылады, — деді ол. — Тәртіп сақшылары бұрынғыдай жол таяқшасын пайдаланбайды. Мұндай өзгерістер азаматтардың көлік құралдарын заңсыз тоқтатуға деген арыз-шағымдарын азайта түсті».

Алайда бұл салада түзетуді қажет етіп отырған проблемалар аз емес. Мәселен, биылғы жылдың өткен екі айы ішінде облыс бойынша 97 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қайтыс болған, 107 адам жарақат алған. Тәртіп сақшылары бүгінгі күні мектеп оқушылары арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлуде. Тіркелген жол-көлік оқиғаларының жартысынан астамы жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алғаны анықталып отыр. 2509 жаяу жүргіншінің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі олардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуына жеткізді.

Департамент басшысының орынбасары жүргізіліп жатқан жұмыстар қатарында облыс орталығында үш жерүсті жүргіншілер жолдарының салынатындығын, жол бойларында арнайы ескерту белгілері орнатылып жатқанын айтты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов өз сөзінде биылғы қыс айларында 91 апаттық-құтқару жұмысы жүргізілгенін тілге тиек етіп, 875 адам құтқарылғанын атап өтті. Бүгінгі күні аталған департаменттің бастамасымен облыста «Қауіпсіз көлік» акциясы жүргізілуде. Бұл шара көлік жүргізушілерге өрт қаупі туындағанда алғашқы жасайтын әрекеттерін үйретуге бағытталған. Айта кететін жайт, облыс аумағында жүргізушілердің қолында өрт сөндіргіштердің болмауы салдарынан қаңтар айының алғашқы он күнінде ғана 4 көлік отқа оранған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Ернат Ақылжанов бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларын өтеп жатқан адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты жұмыстарды саралап берді.

Қазіргі уақытта екі жазасын өтеу мекемесінде 200 адам кәсіптік білім алу үстінде. Былтырғы дерек бойынша сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету 60,3 пайыз құрап отыр. Ақылы жұмыспен 522 адам қамтылған.

Облыс басшысы талдау деректері көрсеткендей, жазасын өтеп шыққандардың қайталап қылмысқа ұрынуы жиі кездесетінін, сондықтан олардың жұмысқа орналасуына ықпал жасап, тұрақты қадағалау жүргізу қажеттігін тапсырды.

Комиссия отырысында Хромтау және Қобда аудандарының әкімдері Аманғали Бердалин мен Мейрамбек Шермағанбет өздері басқаратын өңірлердегі құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

Хромтау ауданында қазіргі уақытта 10 тәртіп сақшысы жетіспейді. Облыс басшысы бұл мәселеге қатысты шара алуды және ауыр қылмыспен күреске ерекше назар аударуды тапсырды.

Қобда өңірінде мал ұрлығы қылмысы бұрынғымен салыстырғанда едәуір мөлшерде азайған. Биылғы жылы орын алған ұрлықтардың бәрі ашылып, қылмыскерлер ұсталған. Аудан әкімі жұмыс істеп жатқан 11 учаскелік инспектордың аздық ететінін, соған байланысты штатты ұлғайту, тәртіп сақшыларын қосымша көлікпен қамтамасыз ету қажеттігін мәселе етіп көтерді.

Комиссия мәжілісін қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құқықбұзушылықтың алдын алу, оған тосқауыл қою бағытындағы жұмыстарды әлі де жүйелеп, тәртіп сақшыларының тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету, бұл ретте ортақ шаруаға жалпы жұртшылықты, қоғамдық ұйымдарды, ауыл ақсақалдарын тарту қажеттігін айтты.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button