Тасқынға қарсы шаралар басталып кетті
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік сипаттағы мәселелерді қарастыру бойынша «2017 жылға су тасқыны кезеңіне дайындық туралы және техникалық гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі және азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы туралы» қалалық комиссияның кезекті отырысы өткізілді.
Кеңес жұмысына төтенше жағдайлар бойынша комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың, мекеме, басқарушы компаниялардың басшылары қатысты.
«Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, подполковник Е.Овчарский мен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Н.Алдияров осы мәселелер бойынша баяндады.
Су тасқынын болдырмау мақсатында қар тазалау жұмыстарымен мердігер ұйымдар айналысуда. Бүгінгі таңда қар полигонына 135 көшеден шамамен 500 мың текше метр қар шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Әсіресе, бұл жұмыстар қаланың Мәскеу ауданында қарқынды ұйымдастырылуда.
Бүгінгі күні барлық техника арнайы GPS спутниктік жүйесімен қамтылған. Н.Алдияровтың айтуынша, көктемгі су тасқынына дайындық өткен жылы басталыпты. Мердігер ұйымдарға Сазды өзенінің бойындағы К.Нокин көшесінен бастап Елек өзеніне қарайғы суағарларды тазалау, көлемін кеңейту тапсырылған. Сол сияқты, Жаңақоныс ауылында Самара-Шымкент тасжолының бойындағы арықтарды кеңейту, «Нұр Ақтөбе» ауданында жол астында су бұрғыш арықтарын, су өткізгіш құбырларды салу тапсырылған.
Бүгінгі күні орындалған жұмыстардың нәтижесінде салынған суағарлардың жалпы ұзындығы — 6,1 шақырым.
Көктемгі су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру үшін 100-ден астам су айдайтын техника, 20-дан астам самосвал, 3 жылжымалы сорғы және помпы тартылады. Сол сияқты, 20-дан астам ауыр техника, соның ішінде бульдозер, кран, экскаватор, тиегіштер және басқалары бар.
Өткен жылы атқарылған жұмыстарға талдау жасалғанда, қала бойынша 145 учаске еріген және жаңбыр суына толады. Оларды жою үшін 2016-2018 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Нөсерлі кәріз және дренажды орнату-жинақтаушы құдықтарды қондыру жұмыстарының арқасында, былтыр 17 учаскеде мәселе оң шешімін тауыпты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жиында белгілі болғандай, су тасқыны кезеңінің жақындауына байланысты барлық қызметтер мен ұйымдар тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылған.
Шаһар басшысы кеңесті қорытындылай келе жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Арайлым НҰРБАЕВА.



