Жеңіске — 65 жыл
М.Мәметова атындағы танк командирі
… Соғыс өрті басылғаннан бергі алпыс бес жыл бір адамның ғұмырына шақ келетіндей уақыт болса да, майдан жалыны ту-у алыстан әлі де лапылдап тұрғандай әсер етеді. Әсіресе, биылғы Жеңіс дүбірі естілісімен-ақ редакциямызға телефон шалып, тікелей өздері хабарласып жатқан, аталары мен әкелері туралы әйтеуір бір дерек іздеген немесе қолға түскен мәліметті газет бетінен көргісі келетіндер аз емес.
Сондай азаматтардың бірі, Еркін Зейнуллаұлы, Ақтөбе қаласында тұрады. Тәртіп қорғау саласында еңбек ететін ол нағашысы Бегалы Асановтың майдан өмірінен айта келіп, ол кісінің кезінде Мәншүк Мәметова атындағы атаулы танк командирі болғандығын білдірді.
Танк командирі болған адамның тағдыры бізді де қызықтырды. Сондықтан жауынгердің өмірбаянымен танысуды жөн көрдік.
Бегалы Асанов 1942 жылдың наурыз айының жиырма бесінші жұлдызында жиырма сегіз жасында Шалқар ауданынан Қызыл Армия қатарына шақырылады. Майданға аттанғанда артында жары Күлтән, кішкене сәбиі Роза қалады. Негізінде оның туған жері Арал теңізінің жағалауындағы Ақбасты шығанағы екен. Көз көргендердің айтуына қарағанда, Бегалы бет әлпеті жалпақтау келген, шықшытты, жауырыны қақпақтай, орта бойлы, мығым денелі азамат екен.
Бегалы Асанов 1-Украина майданында Тонконога басқарған танк әскерлері бөлімінде сапқа тұрады. Шығыс Қазақстан облысының комсомол-жастары жинаған қаржыға жасалынған танк Кеңестер Одағының батыры Мәншүк Мәметова атын иеленіп, солардың өтініші бойынша ең үздік қазақ жауынгеріне берілмекші екен. Таңдау гвардия кіші лейтенанты Бегалыға түседі. Оның басқаруындағы танк экипажы дереу «Комсомольская правда» газетіне хат жазып, батыр қыз туралы кеңірек жазуды сұрайды. Кейіннен олар «Біздер де батыр Мәншүкше соғысамыз» деп ант береді және сол айтқандарына қылау түсірмей орындайды.
…Университетте дәріс берген ұстазымыз Зейнолла Тұрарбеков ағамызды сабақ арасында үзіліс кезінде өзімен-өзі ойға батып, темекі тартып тұрған кезінде жанына жақындап, әңгіме тартатынбыз. Сондайда ол кісі қарулас жолдастары туралы байыпты сөз қозғайтыны бар-ды. Шынында, өзі де танкист-офицер болған журналист аға кейін де осы тақырыпта талай рет қалам тартты. Соның бірін таяуда біз архивтен тауып алып, ескі газеттен өткен жолдардың көрінісіне көз жеткіздік. Біздің кейіпкеріміз Бегалы Асанов туралы көптеген жайларды ол кезінде КСРО Қорғаныс министрлігінің кадрлар бас басқармасынан, Шалқар аудандық әскери комиссариатынан және қарт журналист Тілеужан Шойғариннің баяндауымен жинақтаған екен.
Бір қызығы, танкист-ұстазымыз өз мақаласында «1944 жылдың аяғына таман ұрыс кезінде Германия шекарасынан өтіп бара жатқанымызда башнясына «Кеңестер Одағының батыры М. Мәметова атындағы танк» деген ақ сырмен жазылған сөздерді оқығаным бар еді» деп жазады.
Сол танк, біздің жерлесіміз Бегалы Асанов басқарған экипаж 54-ші гвардиялық танк бригадасы құрамында талай шайқастарға қатысады. Берлиннің оңтүстік-батыс жағындағы Хорст селосындағы ұрыста біздің кейіпкеріміз ауыр жараланып, одан кейін госпитальда 1945 жылдың қаңтар айының жиырма жетінші жұлдызында қайтыс болады. Содан кейін сол селодағы кеңес жауынгерлері зиратынан мәңгілік қоныс тебеді.
… Танкист жауынгердің артында қалған жалғыз жапырағы — Розадан өрбіген төрт жиені — Мейрамбек, Еркін, Ербол, Ерлан бүгінде азамат болды. Олар нағашы аталары Бегалы Асановтың жауынгерлік ерлігін мақтан тұтады.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
***
Байланысшы
Ғабдулманды өз қатарымен майданға бірден шақыра қойған жоқ. Өйткені соғыс басталардың алдында ғана ол Сталинградтағы халық шаруашылығы техникумын бітіріп келіп, елде қымызбен емдеу мекемесінде арнаулы қызметкер болып еңбек етіп жатқан-ды. Бұл кезде майданға жылқы да, ет те, қымыз да қажеттігі білінді. Сондықтан осы шаруаның басы-қасында жүрген білікті маман әзірге елде қызмет атқаруы тиіс болды.
Дегенмен, 1942 жылдың көктемінде байланысшылар даярлайтын қысқа мерзімді курсқа алынған ол көп ұзамай Оңтүстік-батыс майданнан бір-ақ шықты. Бұл кезде Воронеж облысындағы осы аймақта жан алысып, жан берісіп жатқан шақ еді.
Кеңес жауынгерлері кескілескен шайқастан соң шегініс жасап, берік қорғаныста тұрған-ды. Солтүстік Донның оң жағалауында немістер, ал сол жағында біздің әскерлер орналасқан. Желтоқсан айының он алтыншы жұлдызында алтыншы армияның байланыс бастығы полковник Алешин бөлімше жауынгерлерінің алдына жаңа міндет қойды. Онда шабуылға шығу және өзеннен өту туралы айтылған еді. Мұндайда байланысшыларға ерекше міндет жүктелетіні белгілі.
Ғабдулман Медетқалиевтің байланыс бөлімшесі қауіп-қатерге бас тіге отырып, түн ішінде салға мініп, өзенді кесіп өтті. Сөйтіп, арғы бетпен байланыс орнықтырды. Осы жолғы жауынгерлік жігерлі қимылы үшін ол алғашқы наградасы — «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алды.
Ғабдулман Медетқалиевтің майдан жолдары одан әрі Украина, Белоруссия арқылы жалғасып, Германия жеріне жеткізді. Осы жылдарда ол екі рет жараланды.
Старшина Ғабдулман Медетқалиев талай көңіл күйді бастан кешірді. Соның ішінде ең жүрекжарды қуанышты сәті — немістің Бреслау деп аталатын қаласында тұрып далалық телефон арқылы естілген «Жеңіс! Соғыс аяқталды!» деген хабар.
Елге жеңіспен оралған соң, ол экономист, бухгалтерлік қызметтер атқарды.
Қазір ардагердің кеудесінде бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, он жеті медаль жарқырайды. Басқалай марапаттаулар өз алдына.
Байырғы байланысшы бүгінгі күндері де белсенді. Өзі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жастармен, мектеп оқушыларымен жиі жүздесіп, алдыңғы буынның өнегесін таратады.
… Жақында майдангер үшін қуанышты хабар келді. Старшина Ғабдулман Медетқалиев 9 мамырда Астанадағы Жеңіс шеруіне қатысатын болды. Бұл енді, бейбіт күннің жиыны болғандықтан да, ардагер үшін сан мәрте сүйінішті.
Анатолий КОЗАЧОК,
Хромтау ауданы.
***
Соғыстың соңғы жылы еді…
Бүгінгі алдыңғы буын өкілдерінен соғысқа бармаған немесе қан майдан ортасында болмаса да, зардабын шекпеген адамды кездестіру қиын. Ол кезде тылда да майданнан кем болған жоқ. Жанкештілікпен атқарылған әрбір тұтам жұмыс жауға атылған оқ деп есептелді.
Қабен Аманғосов 1942 жылы оқу бітірген соң, ауылдағы қара жұмысқа кірісіп кетеді. Ол уақытта мектеп оқушыларынан бастап, еңкейген кәріге дейін колхоз шаруасына жегіледі. Үлкенге де, кішіге де қойылатын талап бірдей, яғни ешкімге жеңілдік жасалмайды. Осылай күні-түні дем алуды білместен үлкендерше еңбек етіп жүргенде әскер қатарына шақыру да келіп қалды.
Бұл 1944 жылдың қазан айы болатын. Қабен сол кезде нақ он сегізге толады. Бір қызығы, ауылдағы өзінің қатарластары әр түрлі себептермен кейінге қала береді. Бұның да олардан асып тұрғаны шамалы, бойы — 160 см шамасында, бірақ дене құрылысы жетіктеу, жүріс-тұрысы ықшам. Өзі қатарлас жасөспірімдермен күрескенде анау-мынауға беріле қоймайды, спортқа да жақындау болды.
Әскер қатарына алынғандар Орынбор облысының Тоцк қаласына барып орналасады. Бәрі де үстеріне солдат киімдерін киіп, автомат, пулемет роталарына саптасады. Мекен-жайлары — жертөле-барактар.
Әскери жаттығулар күні-түні жүреді, соғыс уақыты болғандықтан демалысқа уақыт жоқ. Автомат, винтовканы үйреніп, тәжірибе жинақтаған, көзге түскен жастарды іріктеп, майданға жібере бастайды.
Қабен көп кешікпей кіші командирлер қатарына қосылып, қарамағына он екі жауынгер беріледі. Бұлар әр жерден келген, көбісі орысша білмейтін жастар болып шығады. Оларға жетекші ретінде әскери техникадан сабақ береді, жарғыны үйретеді, төзімділікке тәрбиелейді. Соның нәтижесінде бұлардың тобы майданға кез келген сәтте аттануға дайындық сапында тұрады.
— Бір үзіліс сәтінде қатарлас орналасқан әскери құрылымға барсақ, арасында жас шамасы қырықтан асқан он шақты қазақ ағалар қолдарында біздегідей соғыс құралдары жоқ, оның орнына ағаштан жасаған винтовкалармен ұрыс тәсілдерін үйреніп жүр екен, — деп Қабекең сол кездерді еске алады, — шамасы олардың орысша білмейтіні бұл іске кедергі болса керек.
Әскери жаттығудың қиындығы сондай, жауынгерлер арасында қойылған талапқа көне алмай, жылайтындары да кездесіпті. Қабен солармен ортақ тіл табысып, «Жеңіске жетсек бәрі де ұмыт болады, біздер Отан қорғау жолындағы азаматтармыз» деп жігер берген талай рет.
Жеңіс күні жалаулатып келгенімен, соғыстың соңғы жылында әскер қатарына шақырылғандар тағы да бес жыл мерзімге сапта қалуға бұйрық шығады. Олардың ішінен бірқатары ішкі істер қызметіне алынады.
Соғыстан кейінгі Украина, Белоруссия жерлерінде, тіпті Ресейдің өзінде қирап қалған зауыт-фабрикаларды қалпына келтіруге тұтқынға түскен неміс офицерлері мен солдаттары пайдаланылды. Олардың тәртіп бұзуына жол бермеу, қатаң қадағалауда ұстау ісіне Қабен Аманғосов та тікелей араласты.
Ол 1950 жылы елге оралып, содан кейін ұзақ жылдар облыстың ішкі істер саласында абыройлы қызмет етті.
…Әкесі Аманғос 1943 жылы соғыстан жараланып келеді. Ол неміс фашистерімен бетпе-бет шайқасқа түсіп, талай жауды жер жастандырады. Елге оралған соң, денсаулығының кемдігіне қарамастан, бригадир, аға шопан болып қой бағады. Қиындықтарды бастан көп өткергендіктен ерте сыртқа шалдығып, алпыс екі жасында дүниеден өтеді.
… Баласы Қабен соғыстың соңғы жылына қолына винтовкасын ұстап, резервте тұрғанымен, майдан үшін жауынгерлерді шыңдауға үлес қосты, ал Жеңістен соң, арада бірер жыл өткенде әскери тұтқындарды еліне қайтару, ел ішіндегі сатқындар мен Отанға опасыздық жасағандарды анықтау, оларды қауіпсіздендіру ісіне атсалысты. Негізінде бұл да майдан еді…
Мұғал ҚҰБАШҰЛЫ,
дербес зейнеткер.



